Қазақ көкшөптің пайдасын білмей ме?
Етке деген тәбеті татымды қазекем көк шөпке мұрын шүйіре қарайтыны рас. Астың дәмін келтіретін түрлі көк шөптердің ағзаға пайдалы екендігін біле тұра аса қолай көре бермейтіні бар. Көк шөп түгілі картоп пен қырыққабаттың өзін бертінде ғана ас мәзіріне әзер енгізгені де белгілі. Тағамның дәмін кіргізетін шөптің төркіні Қазақстан емес. Әрине шетелдік. Бір бумасының өзі бүгінде 45-50 теңгеге, кей аймақтарда тіпті 100-150 теңгеге шыққан шөпті өсіріп шаш етектен табыс тауып отырған шаруашылықтар жетерлік. Расында бір қарағанда майда-шүйде болып көрінсе де көзін тапсаң өкірте өнім береді. Дәл осы шөп шаруашылығымен айналысатындар әзірге шетелдік шөпке телміртпей отырғаны шындық енді.
Осы бір иісі аңқыған, дәмді шөптің де неше атасы бар екен. Айтпағымыз аскөк пен ақжелкен яғни, укроп пен петрушка туралы. Агрария саласының мамандарының айтуынша бір ғана аскөктің 392 түрі болады екен. И. Вавилов атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қаскелең, Геркулес, L-9, Миродия, Тетра атты сорттары жоғары өнім беретінін зерттеу нәтижесінде белгілі болды деп отыр. Бұл екі шөбіңіз ерте пісіп жетілетіні, хош иісті болып бөлінеді. Бұл шөптен мол өнім алудың өзіндік құпиялары бар. Егер аскөктің егістік жерге к-238 және к-312 тұқымын сепсе, 1 гектардан 38-46 мың теңгеге артық пайда табуға болады. Техникалық өнім үшін врк-408 және врк-291 үлгілерін сепкенде 1 гектардан алынатын пайда 80-100 мың теңгеге артады. Бір қарағанда бәрі бір шөптей көрінгенімен өнімділігі жөнінен де әртүрлі сорттарға бөлінеді. Көктемде шаруаның қызған шағында диқандар аскөктің өнімділігі жоғары сорттарын алып егуге тырысады. Себебі түсінікті де... Кеткен шығыннан тапқан табыс артық болады. Шөптің жайын білетін шаруа оны алыс жақтарға аттандырғанда тағы да тәжірибеге сүйенеді. Онсыз болмайды. Шіліңгір шілдеде шөбіңіз шіріп кетуі де мүмкін. Сондықтан да оны сақтау үшін герметикалық қаптарда тоңазытқышта 20-дан 40 градустық температурада ұстайды. Ал жақын жерлерге жібергенде кәдімгі ішіне мұз қатырылған баклашкалар салады. Тұқымын сақтаудың да өзіндік тәжірибесі бар. Оның тұқымдарынының өнгіштігі қоймаға қарағанда тоңазытқышта жоғары болатындығы белгілі болып отыр...
Биыл Алматы облысының Қапшағай қаласында жоғары технологиялы жылыжайда экзотикалық аскөк өсіріле бастады. Жылыжайда ақжелкен, аскөк, балдыркөк сияқты дәстүрлі дәмдеуіш тамырлы өсімдіктерден басқа экзотикалық дәмдеуіш өсімдіктер өсірілмек. Бұл өзгенің бақшасына телмірмейміз деген сөз... Бүгінде рас пайдасы мол көк шөпсіз бірде-бір тағам әзірленбейді. Маусымның қай мезгілінде болсын көк шөпті, дәмдеуіш шөптерді мүмкіндігінше молынан пайдаланған жөн дейді диетологтар. Ақжелкен яғни петрушка құрамында түрлі дәрумендермен қатар, калий, кальций, натрий кездеседі. Бүйрек, бауыр, өт жолдары ауруларына шалдыққан жандарға таптырмас тегін дәрі десе де болады. Ақжелкен суы іш құрылысын тазартып қана қоймай, түрлі аурулардың алдын алуға сеп болады. Яғни, ауруға қарсы тұратын баррикада десе де болады. Ал аскөк яғни укроп минералды заттар мен дәрумендерге толы. Іш кебуден сақтап, асқазан жұмысын жақсартады. Өт жолдары мен тамақ ауруларынан арылуға болады. Сондай-ақ, аскөктің ұйқы қашқанда көп көмек көрсететіні бар. Балдыркөк яғни, селдерейдің де себі көп. Оның құрамында А, С, В1, В2 дәрумендері, никотин қышқылы, магний, марганец, йод, фосфор, кальций бар. Асқазан, өт жолдары, бүйрек, бауыр, жыныстық аурулардың алдын алады. Әлемдік асханаларда ойып тұрып орын алатын көк шөптің асқа татым беретін дәмдеуіштер ғана емес, минералдар мен биологиялық белсенді заттардың қайнар бұлағы. Көк шөптерде С, В1 және В2 дәрумендерінің калий, фосфор және темірдің бай көзі болып табылады. Көк шөп қосылған тағам ішек жолдарының тиімді тазартылуына сеп болады. Әсіресе балдыркөктің пайдасы мол. Аскөк және ақжелкеннің құрамында германий мол.
Дүниежүзі тұрғындарының тек 10 пайызының ас мәзірінде бұл элемент жеткілікті көлемде болады. Германий жеткіліксіздігінің кесірінен тіндер оттегілік ашығуға ұшырайды, иммунитет төмендеп, ас қорыту жүйесі бұзылады. Оның жетіспеуі остеопороз және онкологиялық дерттердің жоғарылатады. Міне осыншама ауруға шалдыққыңыз келмесе көк шөпті молынан тұтынуға тура келеді. Кәдімгі дәмдеуіш көк шөптердің осыншама пайдасы барын ескермейтіндігіміз өкінішті. Диетологтардың көк шөпті көп жеңіз деп неге дабылдата беретінінің сырын енді ұққандаймыз. Бақшашылар да бабы қиынға соқпайтын көк шөптің пайдасы мол екенін айтады. Бүгінде оңтүстіктегі Төлеби, Түлкібас, Сайрам аудандары негізінен облысты азық түлікпен қамтамасыз ететін белдеу болып саналады. Сөз етіп отырған көк шөбіңіз де осы өңірлерде көптеп өсіріледі. Тек облысты ғана қамтып қоймай өзге өңірлерге де аттандырып отыр. Бұрын егістіктерде жаз айларында ғана өсірілсе бүгінде жылыжайларда жыл бойы жайқалып өсіп тұр. Өнім мол, алармандар да аз емес. Бұрын Өзбекстаннан әкелінетін көк шөпке телміріп отыратын жұрт. Суық мезгілдерде сөрелерден тіптен көрінбей кететін. Бүгінде шүкіршілік шаруалардың арқасында қысы жазы үзілмейтін болды. Сайрам ауданындағы бір ғана «Үміт» шаруа қожалығы айналдырған 3 гектар жердің өзінен көк шөптің арқасында ырғын пайдаға кенеліп отыр. Алармандардың өзі егістік басынан ойдағыдай бағасына сатып әкетеді. Кетпенін күнге сүйдірген диқанның еңбегі осылайша өтеліп жатыр...
Батыр АНАРМЕТОВ, «Манкент-Агро» шаруа қожалығының төрағасы:
- Аскөк, ақжелкен, сельдерей және жасыл пиязды жылы мезгілде ғана емес, қыс та да жыл бойы өсіріп, тұтынушыларға ұсынамыз. Бұрын Өзбекстаннан келетін көк шөпті күтіп отыратын сатушылар. Бүгінде шетелдік шөптерді нарықтан ығыстырып шығардық десек те болады. Қыс айларында базар сөрелерінен көрінбей кететін дәмдеуіш шөптер бүгінде жыл бойы үзілмейтін болды. Бұл салаға майда шүйде деп қарауға болмайды. Тек ерінбей еңбектенсе ғана толағай табыс табуға болады.
«Алаш айнасы»