Қазақстан 106 елге өңделген өнім экспорттайды
Қазақстан 106 елге өңделген өнім экспорттайды. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз үшін өңдеу өнімдері экспортын 2025 жылы 41 млрд АҚШ долларына жеткізу аса маңызды. Өткен жылы 26,5 млрд АҚШ доллары болды. Биыл 1-тоқсанда өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі 18,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кездегі көрсеткіштен 32 пайызға жоғары. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 63 пайызға өсті. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім 7,6 пайызды көрсетті», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, экспорттың өсуі, сондай-ақ тауар позицияларының санын кеңейту есебінен де қамтамасыз етілді. Осы жылдың бірінші тоқсанында экспортқа жеткізілетін тауарлардың номенклатурасы 767 тауар позициясына ұлғайды.
«Экспорт географиясы да кеңейіп келеді. Осы жылы қазақстандық шикізаттық емес экспорт әлемнің 106 еліне жөнелтілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 елге көп. Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан болды», - деді Қайрат Төребаев.
Вице-министрдің дерегінше, еліміз экспортқа мыс, мыс катодын, ферроқорытпалар, уран, мұнай өніммдерін, күміс, ұн, мырыш, табиғи газ шығарады.