Қазақстан дамушы мемлекет болып, дамыған мемлекеттерді асырай бермек пе?
Мектеп қабырғасынан санаға сіңіріп: «Қазақстан – дамушы мемлекеттердің бірі», – деп қайта-қайта оқытқаннан кейін іштей өзімізді екінші сұрыптағы елдерге жатқызып, қит етсе, Еуропаны олай да, бұлай да мақтауға, мысалға алуға жақын тұратынымыз шындық. Сөз арасында «Еуропадағылар қайда-а-а, дамыған мемлекеттер ғой!» – деп саусақты шошайтып қоятынымыз тағы бар. Сонда дамушы және дамыған мемлекеттердің айырмашылығы неде? Шынымен де, Қазақстан әлі де дамушы мемлекеттердің қатарында ма? Жақында ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың Ресейдің РБК телеарнасына берген сұхбаты біздің осы тұрғыдағы көзқарасымызды біршама өзгертіп тастады.
Шыны керек, қазақстандықтар қаржылық сауаты бәлендей басым жұрт емеспіз. Қарапайым халық теледидар алдында отырып экономист я болмаса, қаржыгер маманның айтқан уәжіне ден қоймайды, арнаны бірден ауыстырып жатады. Неге? Өйткені сенбейді. Жоқ. Сенбейді емес-ау, сол мамандардың сөзін көп жағдайда түсінбейді. Былайғы жұртты қойыңыз, тіпті тісқаққан банкир Марченко мырза секілді қаржыгерлер көсілсе, әшейінде безбен қағатын бұқаралық ақпарат құралдарының өзі мәселенің мәнісіне жете алмай, «пәледен аулаққа» салып, эфирге құр статистиканы беріп «құтыла» салуға әуес. Оны мойындайтындар да баршылық. Алайда ТМД-да теңдессіз саналатын бас банкирді ресейлік арналар жиі жағалайды, оның сөз саптасына шетелдік сарапшылар да бас шұлғиды. Жақында дәл сондай сұхбатты ресейлік РБК телеарнасынан естідік. Орыс телеарнасына берген бас банкир сұхбаты тек біз үшін ғана емес, халық үшін де толығымен түсінікті болды деп айтуға келеді. Сөз барысында Марченко мырза Қазақстан экономикасының табысты тұстары, ал, ең бастысы, қазіргі дамыған мемлекеттердің қаржы саласындағы саясаты туралы қарапайым тілде айтып, біраз көзімізді ашып тастағандай болды. Сөйтсек, РБК журналистері Қазақстанның ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченконың кәсіби кеңестеріне жиі жүгінеді екен.
Сұхбат барысында орыс тележүргізушісі «Қазақстанның экономикалық өсімі Ресейге қарағанда, 1,5 есеге артық» деген пікірдің қаншалықты негізді екендігін сұрады. «Дәл солай», – дейді Григорий Марченко: «Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бізде тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі әлдеқайда басым болып тұр. Егер жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шағатын болсақ, онда ол Ресей көрсеткішінен екі есеге асып кетеді. Екіншіден, біздің ұзақ жылдар бойы айтып, істеп келе жатқан зейнетақы реформамыз бар. Бізде халықтың 10 пайызы – зейнетақы алатын азаматтар, ал Ресейде 30 пайыз болған-ау деймін. Сондықтан Ресей жерінде әлеуметтік қамсыздандыруға кететін шығынның көлемі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Демек, ресейлік бюджеттің біраз бөлігі инвестицияға емес, әлеуметтік төлемақы жүйесіне бағытталды. Үшіншіден, Қазақстанның зейнетақы қорларында 23 млрд доллардан астам қаражат жинақталды. Бүгінде олар ірі инвесторларға айналып, өз қаржысын экономикаға салып жатыр. Осының барлығы – Қазақстан экономикасының табысты дамуының негізі», – дейді ол. Сөз арасында «Қазақстанға шетелдік инвестициялар қайдан келеді?» деген төте сұрақ та қойылды. Міне, осы жерде еліміздің бас банкирі көзімізді бір ашқандай болды. Оның хабарлауынша, бүгінде Қазақстанның экономикасына тікелей инвестиция салу жағынан бірінші орында АҚШ болса, екінші орында – Ұлыбритания, үшінші орында – Нидерланды, ал төртінші орынға қазірше Қытай Халық Республикасы шығып отыр. «Алайда АҚШ бірінші орында тұр деп отырмыз ғой. Олардың бізге салған тікелей инвестициясы 40 млрд долларға жетпейді. Есесіне, Қазақстанның Американың құнды қағаздарына құйған қаржысы 43,5 млрд доллардан асып жығылады. Демек, олар біздің емес, керісінше, біз олардың экономикасына өздерінен артық ақшаны салып отырмыз. Германиямен өткен жылғы жағдай былай болды: біздің сол елге салған инвестициямыз 6 млрд долларды құраса, немістердің Қазақстанға құйған қаржысы тек 1,5 млрд доллар болды. Біздің Президентіміз осыны Меркель ханымға (Германияның канцлері. – Авт.) төтелеп айтқан кезде, канцлер кәдімгідей ұнатпаған, «бұ қалай?» деген сыңай танытты», – дейді Марченко мырза. Сондай сындарлы сұхбаттан байқағанымыз, дамушы мемлекет дамыған елге оның өзінен де артық ақша салып отыр. Шығар қорытынды, дамығандар болса, мұны мойындағысы келмейді не болмаса олардың басым бөлігінде «дамушы мемлекеттердің санасы «оянып» кетеді» деген үрей бар секілді.
Құп делік. «Дамыған мемлекеттер – индустриялық және ғылыми-техникалық төңкеріс кезеңін басынан өткерген, экономикада, мәдениетте және саяси-әлеуметтік құрылымда едәуір жоғары деңгейге көтерілген елдер», – дейді Уикипедия. Алайда ғылыми-техникалық төңкеріске қатысты біздің тағы бір уәжіміз бар. Жақында оны Астанада өткен жиындардың бірінде білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов Қазақстанды ғылымның даму көрсеткіші ретінде көрсетем деп, шымбайға батса да, шындықты айтып қалды. Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде қазақстандық ғалымдардың 1405 мақаласы Томсон, Скопус және Сайнс сияқты әлемге әйгілі ғылыми базаларға енді. Оған барлық ғылыми басылымдар сілтеме жасайды. «Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда, екі есе артық. Ол кезде 795 мақала енген. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қазақстандық ғалымдардың 968 мақаласы жарияланды. Осы орайда ерекше атап өтер жайт, ол мақалалардың 45 пайызына шетелдік ғалымдар сілтеме жасап отырады. Бұл дегеніміз – халықаралық ғылыми журналдарға шыққан әрбір екінші мақала шетелде көзге түскен. Ондағы идея бағаланды, қолға алынды, пайдаға жаратылды деуге болады», – деді Мұрат Орынханов. Осы айтылған екі мысалдың өзі көзі қарақты жанды біршама ойға жетелер деп ойлаймыз. Өйткені, біріншіден, біз дамыған елдерге қыруар қаражатты құнды қағаздарға қарай салып жатырмыз. Екіншіден, қазақстандықтардың ішінен туған ғылыми жаңалықтар да жайдан-жай сол дамыған мемлекеттерге ағылып, сол тұстан идея ретінде бізге қайтып жатыр. Былайша айтқанда, дамыған мемлекеттер дамушы елдердің ақшасына олардың өздері берген ғылыми жаңалықтарын іске жаратып жатыр деген сөз. Бұдан кейін олар дамыған мемлекет болып өспей көрсін.
Айтпағымыз – біз неге сол шетелге салынатын инвестицияны тура сол шетелге ағылып жатқан идеяларға жұмсай алмай отырмыз? Осы екі істің басын қиыстырғандар секіріс жасаған мемлекет болып жатыр емес пе?!