Қазақстан долларға тәуелділіктен үш айда арыла ала ма?
Өткен аптаның ең айшықты һәм аса маңызды оқиғаларының бірі сөзсіз V Астана экономикалық форумы болғаны анық. Осынау форумда халықаралық қауымдастыққа аты мәшһүр болып қалған «мен» деген экономистер мен қаржыгерлер, Нобель сыйлығының иегерлері мен аузы дуалы сарапшылар тарапынан әлемдік қаржы-экономикалық құрылымның бүгінгі «құрыс-тұрысын» жазып, қалыптасқан дағдарыстан шығудың түрлі жолдарын қарастырған көптеген кеңестер мен ұсыныстар айтылды. Олардың кейбірі бүгінгі Қазақстанның жаһандық құрылыстағы ертеңгі орнын айқындау тұрғысынан мүлде тың әрі қызықты болып шықты. Мәселен, форум аясында өткен әлемдік валюта мәселесіне арналған панельдік сессияда бізге, яғни Қазақстанға, өндіріп жатқан мұнайымызды шетелге долларға емес, теңгеге сату ұсынылды. Иә, иә, доллар емес, теңге!
Бұл мүмкін емес дерсіз, өйткені алып Ресей де, мұнайдың ірі көлемін экспорттайтын араб елдері де, Оңтүстік Американың мұнайлы мемлекеттері де «қара алтынын» бұл күнде тек АҚШ долларымен бағалайды, сатады, сатып келеді. Дүние қалыбы осылай болып тұрғанда, Қазақстанның ұлттық валютасының бұған шамасы жете ме? Мұнайды теңгемен бағалап, теңгеге сату – қазақтың төл ақшасын әп-сәтте халықаралық валюта деңгейіне шығару деген сөз. Бұл біздің қолдан келе ме? Астана экономикалық форумына қатысқан экономист Генри Льюдің сөзіне сенсек, қолдан келеді екен. Тек ел үкіметі осындай батыл қадамға барса болғаны.
Бірден айту керек, бұл жағынан жалғыз болмайтынымыз да анық.
Доллардан арылу үрдісі басталып кетті ме?
Іргеміздегі іргелі ел, алып нарық иесі Қытайдың қазіргі кезде ішкі нарықтағы АҚШ долларынан «құтылу» операциясын жүргізіп жатқаны мәлім. Яғни Қытай мемлекеті өз ішіндегі «жасыл қағаз» айналымын мейлінше азайтып, долларға деген тәуелділіктен арылып жатыр. Оларға «осылай істе» деп кеңес берген адамыңыз осы – біз тілге тиек еткен Генри Лью. Демек, қандай шешімді болсын жүз ойланып, мың толғанып барып қабылдайтын қытайлықтар оның сөзіне құлақ асса, бұл ұсыныстың экономикалық тамыры тереңде екенін бағамдағаны болар. Оның үстіне, жалғыз Қытай емес, Жапония да долларға тәуелділіктен арылу үрдісін бастап кетті. Жапонияның қаржы министрі Дзюн Адзумидің «Жапония мен Қытай маусымның 1-інен бастап сауда-саттық пен қаржылық алыс-берісте тікелей валюта алмасуға көшеді» деп мәлімдеуі соның айғағы. Яғни экономикасы жағынан ең ірі азиялық екі ел сыртқы саудада долларға емес, өз валюталарына иек артпақ. Бұл – іс жүзінде долларды ығыстыру деген сөз. Енді бізге әлгіндей кеңес беріп отырған Генри Лью деген кім өзі?
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Генри Лью – Гарвардты бітірген экономист, Liu Investment Group Инвестициялық компаниясының төрағасы, Миссури университеті, Ухан ғылым және технологиялар университетінің профессоры, Қытайдың Синьхуа ақпараттық агенттігінің бас сарапшысы. Ол бұл ұсынысын өткен аптада болған V Астана экономикалық форумында айтқан болатын. «Қырғи-қабақ соғыстан» кейін әлемдегі бір ғана алып держава болып қалғандықтан, енді ешкіммен бақталастырудың қажеті жоқ болғандықтан, америкалықтар дамушы елдердегі импорт пен экспорт операцияларын кеңейту үшін халықаралық сауда көлемін ұлғайтуға кірісті. Ал әлгі дамушы елдер соның жетегінде кетіп, ішкі дамуға немесе ішкі нарықтағы өндіріске мән берудің орнына, осы импорт-экспорттық операцияларға баса ден қойды. Бұл не үшін істелді дейсіз ғой? Бүкіл әлемнің долларға деген тәуелділігін арттырып, АҚШ-тың гегемониясын жалғастыру үшін», – дейді Г. Лью.
Оның сол форумдағы айтқан мысалдарын қысқаша тұжырымдасақ, былай: ерте замандарда саудада алтынмен есеп айырысатын. Алайда алтынның көлемі шектеулі еді. Сол себепті XII ғасырда қытайлар қағаз ақша ойлап тапты. Қазір қағаз ақшаны шығарумен орталық банктер айналысады, бірақ оның көлемі алтынмен қамтамасыз етілмей отыр. Кезінде Наполеонның жорықтарынан кейін алтынның үлкен бөлігі Британияға «көшті». Ал екі бірдей дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-қа ауысты. Алайда Шарль де Голль Францияда бар барлық долларды алтынға айырбастауды өтінген кезде АҚШ ойланып қалды, бірақ айырбас жасады. Содан бір аптадан кейін ағылшындар да АҚШ-қа осындай өтінішпен шықты. Бірақ осыдан кейін Никсон долларды алтын стандартына «байлаудан» бас тартты. Міне, содан бүгінге дейін доллар ештеңемен қамтамасыз етілмеген.
«Айтпақшы, 1973 жылы араб-израиль соғысы тұтанып, соның нәтижесінде АҚШ қысым көрсету арқылы араб елдерін мұнайды тек долларға ғана сатуға көндірді. Мұнайдың бәріне керектігі секілді доллар да бәріне қажет. Ал мұнай тұтыну тек өсіп келе жатқандықтан, халықаралық сауда көлемі де ұлғая беретіні анық», – дейді ол.
Капитал мен инвестиция тудырған «тұйық шеңбер»
Генри Льюдің сөзімен айтсақ, қазір америкалықтар АҚШ-тың қажетіне тауар өндіру үшін Қытайға капитал салып, жұмыс орындарын ашуда. Сол арқылы өндірілген тауарлар экспортқа жөнелтіліп, долларға сатылуда. Егер бұл өнімдер Қытайда қалып, юаньға айырбасталатын болса, онда бұл жағдай инфляцияның өсіміне ықпал етеді. Өйткені ол ештеңемен теңгерілмеген (қамтамасыз етілмеген). Сол себепті де ФРЖ (федералдық резерв жүйесі) қазынашылық облигациялары сатып алынып жатыр және сайып келгенде, америкалықтардың мұндай қарыз алулары да Қытайға инвестиция болып ағылуда. Ал дамыған елдерден капиталдың бәрі жұмыс күші арзан дамушы елдерге кетіп жатқандықтан, жаңа жұмыс орындары ашылмай, жұмыссыздық белең алуда. Соның салдарынан дамыған елдердегі халықтың төлем қабілеті азайып, тауар өтімділігі төмендеуде. Сөйтіп, тұйықталған шеңбер пайда болуда.
Қазақстан өз жолын таңдауы керек
«Қытай үкіметіне кеңес бере бастаған кезімде мен долларға деген тәуелділікті төмендету үшін Қытайға халықаралық саудада біртіндеп юаньға көшуге кеңес бердім. Қытай деген алып мемлекет болғандықтан, оған долларға деген тәуелділікті азайту үшін уақыт керек. Ал Қазақстан үшін мұны үш айда істеуге болады. Тек ең бастысы қазақстандық үкімет мұнай сатқанда теңгемен есеп айырысуға көшуге шешім қабылдауы қажет.
Бұл қазір жаңалық та емес, әлемде бүгінгі таңда Қытай-Ресей, Қытай-Бразилия валюталарымен есеп айырысу тәжірибесі бар, бірақ олардың көлемі әлі ондай үлкен емес», – дейді Генри мырза. Оның айтуынша, мұнайды евроға сатуға талпынған Ресейдің тәжірибесі де қызық. Бірақ евро да «әлсіз доллар» болғандықтан, мұның айтарлықтай айырмасы жоқ. Сондықтан америкалықтар қазақстандық мұнайға доллармен төлеп тұрған кезде, барлық мұнай іс жүзінде солардікі. Ал егер Қазақстан өзінің халықаралық сауда операцияларында ұлттық теңгеге көшетін болса, онда америкалықтар Қазақстандағы барлық мұнай активтерін шынымен-ақ қазақстандықтардың қолына өткізіп береді. Себебі алатын мұнай үшін теңгемен төлеу керек болғандықтан, шетелдіктер оны теңге бағамын белгілейтін осы елдің орталық банкінен сатып алуға тиіс болады. Осыдан кейін теңгені қанша көлемде басып шығарса да бола береді. Өйткені қазақ мұнайын алатын елдің бәрі теңгені сатып алуға кіріседі. Мысалы, өз өнімдерін теңгеге сатқан Германия немесе Қытай осы валютаға қазақ мұнайын сатып ала алатынын білетін болады. Сонда Қазақстан өзінің ішкі дамуымен іс жүзінде айналысып, теңгелей қаражатты елдің ішіне инвестициялай алады.
Рас, Генри Лью өзінің бұл ұсынысына қарсыластардың да табылатынын жоққа шығармайды. Өйткені халықаралық сауда операцияларында олардың өз мүдделері бар. Олардың күштілігі де осыған тіреледі. «Дейтұрғанмен Қазақстан осындай қадамға баратын болса, онда өз тағдырының иесі анық өзі болар еді» деген тұжырым жасайды ол. Яғни отандық мұнайды теңгеге сататын болсақ, ел байлығы бірнеше еселеніп, нақты өніммен теңгерілген (қамтылған) ақша көлемін шығаруда тәуелсіз болатындықтан, ішкі өндіріспен де тікелей өзіміз айналыса алатын жағдайға келер едік.
Бір қызығы, Генри Лью өзі осындай ақыл бере тұрып, Қазақстанға ақыл айтқыштардың көп екенін және олардың бәріне құлақ аса бермей, өз жолымызбен, өз пайымымызбен жүру қажеттігін де ескертеді. «Меніңше, сіздерге шетелдіктерді тыңдаудың қажеті жоқ, қайта сіздер үшін не істеу керегін өздеріңіз шешулеріңіз керек. Ол үшін қоғамда пікірталас тудырып, жекелеген тұлғаларды сынамай, долларға иек артқан жүйені өзгертуге тырысқан жөн», – дейді ол.