Қазақстан ғарыштық держава болуға батыл қадам басты
Елбасының тікелей пәрменімен 2005 жылы құрылған «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мақсат- мүддесі ғарыш саласындағы жұмыстарды жүйеге түсіріп, әлемдік жетістіктерден қалыс қалмай, жаңа ғылымды одан әрі игере түсу болмақ. Жеті жылда қандай жұмыстар атқарылды, болашақ бағыт қандай, Жер серіктерінің Қазақстан үшін қызметі қандай болмақ? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеп, аталған компанияның Жерүсті кешендері бас орталығының директоры, биология ғылымының докторы, профессор, ҚазҰТҒА академигі Оңғарбек Әліпбекимен әңгімелескен едік.
– Оңғарбек Әліпбекұлы, алдымен сіздердің компания туралы кеңірек айтып өтсеңіз...
– «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы – Ұлттық ғарыш агенттігінің құрамындағы мекемелердің бірі. Меніңше, бірі емес, бірегейі. Себебі бұл компания ұлттық компания деп аталады. Компанияның негізгі міндеті – болашақта ғарыштық аппараттар жасап, соларды тексеріп, ұшуға дайындау. Сол үшін компанияда қазір үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақыттағы ең күрделілері: компаниямыз Қазақстан ұлттық ғарыш орталығының құрылысын жүргізіп жатыр. Екіншіден, екі ғарыштық технологияны жүзеге асыруға бір-екі жыл ғана уақыт қалды. Олардың ең үлкендерінің бірі ғарышты қашықтан зондтау қашықтық жүйесі, жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі. Ол үшін екі электрондық оптикалық аппарат, біреуі – зор дәлдіктегі, біреуі орташа дәлдіктегі аппараттар жасалуда. Ол аппараттарды француздардың EADS ASTRIUM компаниясымен бірігіп дайындадық. Амандық болса, келесі жылы осы уақытта бірінші ғарыштық аппаратымыз ғарышқа ұшады да, жұмысын бастайды. Ортасына бір жыл салып екінші ғарыштық аппаратымыз жұмысын бастайды. Ал жоғарғы дәлдіктегі спутниктік жүйе жоспар бойынша 2013 жылы толығымен жүйеге қосылуы керек. Бұл екі технология – ғарыштық технологиялар болғанымен, негізінен, жердегі болып жатқан құбылыстарды зерттеп, оларға қолғабыс жасау үшін арналған технологиялар.
– Мысалы, қандай жұмыстар істеуге бағытталған?
– Мысалы, жерді қашықтан зондтау жүйесі бойынша, жердің бетінде болып жатқан құбылыстарды, мысалы, теңіздегі шашылған мұнай болса да, жердің бетінде өзгеріп жатқан нәрселер болса немесе экологиялық жағдайдың, болмаса өрт сөндіру, су тасқындары кезінде тағы басқа адамның өмірі үшін маңызды оқиғалардың барлығын ғарыштан қарап отыруға мүмкіндік бар. Болашақта ауқымды-ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізіп, қазақтың кең-байтақ жерінде болып жатқан оқиғаларға баға беріп отыруға мүмкіндік туады. Ал жоғарғы дәлдіктегі спутниктік жүйе тіптен жайылып жүрген малдың өзін бақылай алады. Ірі қара, ұсақ мал болсын, жүріп бара жатқан көлік, тағы да басқа жылжуға келетін объектілердің барлығын қарап, оларды талдап, не істеп, не қойып жатқаны туралы толығымен ақпарат алуға мүмкіндік береді.
– Оңғарбек Әліпбекұлы, осы тұста полигон аумағындағы кейбір аумақтарды ғарыштан түсіру арқылы оның жағдайын анықтап жатыр екенсіздер. Біз Ұлттық ядролық орталық мамандарының жерде жүргізіп жатқан зерттеулеріне қанық болатынбыз, енді ғарыштан түсіру арқылы қандай жағдайлар анықталды?
– Ғарыштан түсіру арқылы бірінші кезекте жердің морфологиясын білуге болады және жердің бетіндегі экосистемадағы өсімдіктердің, ағаштардың, жалпы топырақ құрылымының қалай өзгеретінін, белгілі бір өзгерісін көруге болады. Жердің рельефін анықтауға болатындықтан, біз «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы осы Семей полигонында орналасқан барлық объектіні белгілі бір формациялық жүйеге біріктірудеміз. Соның арқасында, жалпы, Семей полигонының территориясында қазір болып жатқан құбылыстарды толығымен талдауға мүмкіндігіміз бар. Ал кейбір объектілерді, мысалы, Дегелең таулы массиві сияқты объектілерді біз терең зерттеуге кірістік. Олардың құрылысын, құрылымын неғұрлым дәл білген сайын ондағы су арқылы шығатын радиацияның қаншалықты тереңдей түсетінін және олардың қандай территорияны залалдайтынын ғарыш арқылы жалпы түсірілім ретінде бақыладық. Бұларды талдап отырып, көріп, жердегі зерттеулермен біріктірген кезде біздің жаңағы зерттеулеріміз қазір сол Дегелең таулы массивінде радиоактивті залалданған жерлердің бар болғаны 0,07% ғана екенін анықтады.
– Сонда ұлттық ядролық орталық мамандарының мәліметтерімен сіздердікі сәйкес шыға ма, әлде алшақтық бар ма?
– Бұл екі мәлімет бір-біріне жақын, бірақ радиациялық қауіпсіздік және экология институтында жүргізіліп жатқан зерттеулер, негізінен, дәстүрлі әдіс бойынша жүргізіледі. Жердің немесе судың үлгісін алады да, одан радиоактивтік талдаулар жасайды, ал біз тура сондай жұмыстарды жүргіземіз де, оны ғарыштық түсірілімдер арқылы талдай түсеміз, ары қарай тереңдете түсеміз. Сонда қай жердің радиоактивті зарары қандай, жақындау керек пе, керек емес пе, қай жерде емін-еркін мал бағып немесе шөп шауып, басқа да жұмыстар істеуге болатыны анық көрініп отырады. Бұл жұмыстардың басталғанына бес-алты жылдай уақыт болды. Қазір өзіміздің ғарыштық жүйеміз әлі қосылған жоқ. Біз басқа ғарыштық аппараттардан түскен түсірілімдерді алып, жұмыс істеп жатырмыз. Ал бір жылдан кейін біздің өзіміздің ғарыштық аппаратымыз – Жерді қашықтан зондтау аппаратымыз пайда болады. Сол уақытта біздер бұл жұмысты жүйелі түрде істеп, осы мәліметтерді дәлелді және жүйелі түрде ары қарай жалғастырамыз.
– «Қазсат-1» Жер серігі сәтсіздікке ұшырағаннан кейін қандай сабақ алдық?
– «Қазсат-1» – информациялық аппарат. Бұл – радио мен телевидениеге ақпарат беріп отыратын аппарат. Бірінші Жер серігі, шындығында да, онша дұрыс жұмыс істей алмады. Бар болғаны бір жыл екі ай ғана жұмыс істеді. Бұл Қазақстан тарапының қатесі емес, бұл – Ресейдің Хруничев атындағы компаниясының жіберген қатесі. Себебі бұл компания өзінің өмірінде осы «Қазсат-1-ді» жасағанға дейін бірде-бір рет ақпараттық ғарыш аппаратын жасамаған. Сол қателердің салдарынан біздің аппаратымыз ұзақ уақыт жұмыс істемеді. Ал енді «Қазсат-2» аппараты аман-есен ғарышқа шықты. Қазір барлық тексеруден өтті. Енді өзінің жұмыс бабында қызмет істеуге кірісіп кетті. Жалпы, аппараттың жұмыс істеу уақыты – бес жылдан жеті жылға дейін. Қазіргі уақытта «Қазсат-3» аппараты жоспарланып жатыр. Амандық болса, біраз уақыттан кейін «Қазсат-4» аппараты да жоспарланып, дайындала бастайды.
– Келесі жылы үлкен жобалар іске асуға дайын дедіңіз, қысқа мерзімде мамандарды қалай дайындамақпыз? «Қазсат-2,3,4» ұшырылса, олармен жұмыс істеу үшін отандық кадрларды қайдан алмақпыз?
– Шынын айту керек, бұған дейін мамандар жоқ еді. Бірақ біздің ғарыштық жүйені жасауымыз әбден ұйымдастырылған, пысықталған үрдіс деп айтуға болады. Тура қазіргі уақытта біздің 45 адамымыз Францияның Тулуза қаласында және Ұлыбританияда осы жүйелерді меңгеру үшін, оларды құрастыру үшін, конструкторлық жұмыстар жүргізу үшін, содан кейін ғарыштан келетін ақпараттарды талдап, өңдеп, тарату үшін оқып, біліктіліктерін шыңдап жатыр. Бұйыртса, жарты жылдың ішінде олар қайтып келіп, осы жұмыстардың бәрін өздерінің қолдарына алады.
– Қазақстан тәрізді жас мемлекет үшін бұрын тәжірибеде мүлдем болмаған осындай ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асыра аламыз ба?
– Мұндай ғаламдық жобалар ТМД көлемінде алғаш жүзеге аспақ. Тіпті Ресей мемлекетінде де әзірше мұндай кешен жоқ. Ал олардың жұмыс істейтініне біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Ол үшін «Ғалам» деп аталатын француздармен біріккен кәсіпорын құрылған. Компания өзінің жұмысын бастап та кетті. Соның бес жылдық жұмыс жоспарлары жасалып, барлығы дайын тұр. Тек өндіріс қалай жұмысқа қосылады, солай тапсырма алып, жұмыс істей бастайды. Ары қарай өмір көрсетеді. Сондықтан қай жүйенің болсын тиімді жұмыс істеп, экономикамызды дамытуға зор үлес қосатынына біздің еш күмәніміз жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет.