Қазақстан қалай шикізат базасына айналды немесе саяси қуғын-сүргіннің экономикалық астары
60-жылдардың басында тарихшы Роберт Конквест «Хрущев жылымығы» кезеңіндегі жарияланымдар мен шетелде жүрген бұрынғы кеңес адамдарының әңгімелеріне сүйеніп, қуғын-сүргін саясатының мәнін ашуға тырысты. Кезінде қызу талас тудырған «Ұлы террордың» авторы сталинизмнің индустрияландыру тәсіліне «каннибализмді анағұрлым тәуір азықпен алмастыру» деп баға берген.
Ал бізге бірінші бесжылдықтардағы кеңес халқының психологиясы көркем туындылар арқылы таныс. 30-жылдардың басында жарық көрген М.Шолоховтың «Көтерілген тың» және Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» шығармалары сол кездегі адамдардың жарқын болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Бірақ сол «жарқын болашаққа» жету жолында шалынған құрбандықтың орнын толтыру мүмкін бе?
20-жылдардың ортасына қарай одақты индустриалдық дамыту төңірегінде тартыс өршіді. Бүкілодақтық халық шаруашылығы төрағасы Феликс Дзержинский жеңіл өнеркәсіпті дамытуды ұсынды. Бұл табысқа жылдам қол жеткізіп, шаруаларды тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді. Троцкий, Преображенский және Сталиннің өзі ауыр өнеркәсіпті өркендетуді қалады. Сөйтіп, 1926 жылдан бастап кеңес елі жедел индустрияландыру жолына түсті.
• 1929 жылдың соңында әлемдік экономикалық дағдарыс басталды. Кеңестің «индустриялдық секірісі» өте қолайсыз сыртқы экономикалық жағдайда жүзеге асуы тиіс еді. Бұл онсыз да ауыр ахуалды ауырлата түсті.
Осы бағытта Қазақстан маңызды нысанның бірі ретінде белгіленді. Орталықтың саясатын жүргізуге елден ерекше құлшынған Ф.Голощекин өндіру өнеркәсібі мен шикізат тасымалдайтын теміржол құру жоспарын алға жылжытты. Осылайша қазақ жерін КСРО-дағы өнеркәсібі дамыған аймақтардың шикізат базасына айналдыру жобасы дүниеге келді. Оған С.Сәдуақасов сияқты Алаштың бас көтерер ұлдары қарсы шықты.
«Қазіргі уақытта қазақ кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан азап шегуде. Сондықтан да қазақ кедейлеріне ең алдымен осы тұрғыдан қарау қажет. Оларға ат, шөп, носилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, бұл шара барды қарадүрсін бөліске салудан жүз есе тиімді болмақ. Түптеп келгенде, кез келген бөліске салу идеясы — тек тұтынушылық пиғыл туғызатын өте қауіпті идея. Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол әлгі сиырды сатып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болып шықса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды» (С. Сәдуақасовтың 1926 жылы Қызылордада өткен Өлкелік партия Комитетінің Пленумында Голощекин ұсынған «Октябрьмен ауыл үстінен жүріп өту» бағдарламасын талқылау кезінде сөйлеген сөзінен).
Табиғи қазбаның үстінде отырған қазақ еліне жұмыс күшін сырттан, Ресей мен Украинаның орталық аймақтарынан әкелу жөнінде шешім қабылданды. Көшпенді қазақ жұрты «социалистік Қазақстанның» келешек жүйесіне «жараспады». Сондықтан Сталиннің батасымен Голощекин қазақ шаруашылығын күйретіп, тұтас бір халықтың құруына әкелетін коллективтендіруді іске асыра бастады. Еліміз бұрын-соңды болмаған әлеуметтік тәжірибенің полигонына айналды.
• Аяусыз репрессия Кеңес үкіметіне не үшін керек болды? Миллиондаған адамды түрмеде асырау үшін қаржысы сонша көп пе еді? Шын мәнінде, жаппай репрессия индустрияландыру саясатының тиімді бір тармағы еді.
«ГУЛАГ – ХХ ғасырдың ең тиімді жобаларының бірі» дейді тарихшылар. Бас бостандығынан айырылған миллиондаған адамды асырауға өте аз шығын кетті. Ең бастысы, оларға ақша төленбеді. Тегін жұмыс күшінің арқасында ГУЛАГ-тың ресурсымен мақсатқа жетуге бес-алты жыл ғана жұмсалды. Бұл жоба өркениетті экономикалық әдіспен жүргізілсе, оған ондаған жылдар жұмсалушы еді. Сондықтан жаппай қуғын-сүргін саясатының экономикалық астары да бар.
• Мұның бәрі идеологиялық негіздемені қажет етті. «Халық жауы» идеясы осыдан туындаған. «Социалистік индустрияландырудың» құбыжық көрінісі – ОГПУ-НКВД лагерьлері жүйесі ірі кәсіпорындарды тегін жұмыс күшімен қамтамасыз етіп тұрды. 1931 жылы Қарағанды лагері (Қарлаг) құрылды. 30-40 жылдары Қазақстанда осындай лагерьлер саны көбейді.
Индустрияландыру халықтың өмір сүру деңгейін төмендету есебінен жүрді. 1929-1934 жылдары инфляция шарықтады, ақша массасы 180 пайызға өсті, өнеркәсіп тауарларының құны 250-300 пайызға қымбаттады. Бесжылдық жоспардың көптеген баптары орындалмады. Дегенмен өнеркәсіп өндірісінің ұлғайғаны және өнеркәсіп өнімдері үлесінің артқаны байқалды.
Академик Т.Әшімбаевтың мәліметінше, бірінші бесжылдықта елімізде 40 шақты ірі өнеркәсіп орны, екінші бесжылдықта — 120, ал үшінші бесжылдықтың үш жылында 700 кәсіпорын іске қосылды. Алғашқы бесжылдықтағы ірі құрылыстар – Ақтөбе химия комбинаты, Балқаш мыс қорыту комбинаты, Қарағанды көмір бассейні, Шымкент және Лениногорск қорғасын зауыттары, Семей ет қалбыры зауыты. Түркістан-Сібір теміржолы (1480 шақырым), ірі электр стансылар құрылысы осы кезде жүрді.
Қазақстанды индустрияландыру өнеркәсіптің өндіруші саласында басталды. Бұл орайда елдің табиғи қазба байлығы ескеріліп, КСРО-ның халық шаруашылығына қажетті түсті металл, көмір, мұнай өнеркәсібі, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің бірқатар саласы дамытылды. Соғысқа дейінгі бесжылдықтарда қара металлургияның ірі кәсіпорындары ашылды. 1940 жылы еліміз КСРО-да түсті металл бойынша — екінші орын, көмір мен мұнай өндіруден үшінші орында тұрды.
Р.S.
Қазақстандық тарихшылардың пікірінше, 30-жылдардың соңында еліміз жаңа империялық жүйе – КСРО-ның бір отарына айналды. Бұл пікірге ресейлік ғалымдар үзілді-кесілді қарсы шығады. Олар қысқа мерзім ішінде Қазақстанның мықты индустриялдық базасы бар ел ретінде қалыптасқанын, қала халқының көбейгенін алға тартады. Бірақ қазақ елінің Ресей мен өзге республикалардың «шикізат қоймасы» болғанын айтыңқырай бермейді. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана бұл «мұрадан» арыла бастады.