Қазақстанда волонтерлерді заңмен бақылауды ұсынады

Қазақстанда волонтерлерді заңмен бақылауды ұсынады

Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясы ұсынған «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы волонтерлерді тіркеуге қоюды көздейді.

«Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасының құрастырылып жатқанына үшінші жыл болған. Осы аптада Астанада қоғам және президенттік «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің жиналысында заң жобасына енгізілетін соңғы өзгерістер талқыланды.
«Волонтерлік қызмет туралы» заң авторлары «еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын басқару мен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқару органы» деп аталатын өкілетті орган құруды ұсынады. Бірақ жобада тегін әрі ерікті негізде көрсетілетін волонтерлік қызмет есепке алу мен тіркеуді қажет етеді деп жазылған.

ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ТІРКЕУГЕ ҚОЙМАҚ
Заң жобасы авторлары волонтерлер мен олардың ұйымдарын тіркеу тәртібін енгізіп, кейін оларға идентификациялық нөмірі көрсетілген «волонтердің электронды карточкасы» деп аталатын құжат беруді ұсынады.
Заң жобасында «Денсаулығы мен рухани дамуына зиян келмесе және оқу процесіне кедергі болмаса, 18 жасқа толмаған тұлғалар волонтерлік жұмыспен айналыса алады. 14 жасқа толмаған тұлғалар волонтерлік істерге ата-анасының жазбаша рұқсатымен қатыса алады» деп жазылған.
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты жетекшісі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, Қазақстанда волонтерлікпен көбінесе әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын жастар айналысады. Оның айтуынша, заң жобасы қабылданса, волонтерлердің қызметін реттеп отыратын мемлекеттік өкілетті орган пайда болып, олардың жұмысы жеңілдейді.
Сәуір айында Нұрлан Сыдықов пен президентшіл өзге жас белсенділер Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ұйымдастырған. Оның айтуынша, бұл шараға 800 белсенді  қосылып, тұрғындарға көмек ретінде заттар жинаумен айналысқан.  Қайырымды азаматтар ескілі-жаңалы заттарын әкеліп, зардап шекккендермен бөліскен. Бірақ Нұрлан Сыдықов «тұрғындардың көпшілігіне біздің көмегіміз қажет болмай қалды» дейді.
- Бір киген затты екінші рет кигіміз келмейтін менталитетіміз бар ғой. Жақын адамың болмаса, бөтен біреудің киім-кешегін де алғымыз келмейді.  Мұны бізге ешкім айтпаған соң, біз де ескермеппіз.  Жұрттан жинаған заттарды жеткізу үшін қаншама күш салдық, «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компанияларынан көмек сұрап жүгірдік. Әкелген қаншама вагон затты ешкім керек етпей, ақыры бекер әуреленген болып шықтық, - дейді Нұрлан Сыдықов.
Оның айтуынша, Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендер азық-түлік өнімдері, тұрмысқа қажет және гигиеналық заттарға ғана кезекке тұрған, ал волонтерлер әкелген  ескі киім-кешекті ешкім алмай, далада қалған.
Сыдықов «мұндай жағдайда кеңес беретін әлдебір мемлекеттік өкілетті орган пайда болса, мұндай қателікке жол бермес едік» дейді.

ВОЛОНТЕРЛІКТІ РЕТТЕУ ҚАЖЕТ ПЕ?
 «Қазақстандық блогерлер альянсы» қоғамдық ұйымы президенті Ғалым Байтоқтың пікірінше, президентшіл белсенділердің мұндай істерін мемлекет тарапынан реттеудің жөні жоқ.
- Ақысыз-пұлсыз, тегін жасалатын көмекті әлдебір заңдармен реттеу міндетті емес. Мұндай «асарды» ешбір заңсыз-ақ ұйымдастыруға болады. Қарағанды облысында ұйымдастырды ғой.  Тек біреулер «ескі заттар әкелді» деп шағымданғаны болмаса. Бірақ жұрт шамасына қарай көмегін көрсетті. Мысалы, әлдебір ескі заттарын, жамалған шұлық берді деп қарт әжені сөге алмайсың. Бірақ меніңше, бұл заңмен реттейтіндей үлкен проблема емес қой, - дейді Ғалым Байтық.
Ғалым Байтоқ «ақыры заң жобасында  волонтерлік жұмыс тегін көрсетіледі деп жазылған болса,  ақысыз-пұлсыз жасалатын қызметті заң жүзінде реттеудің не қажеті бар, оның үстіне, жұрт мұндай көмекті шын көңілімен, патриоттық сезіммен көрсетеді» дейді.
Блогер Байтоқтың пікірінше, Қазақстанда волонтерлік қозғалысты дамыту үшін әрі тегін көмектескісі келетін жандар мүдделі болу үшін заң жүзінде әлдебір ынталандыруларды қарастыру керек.
- Мына заң жобасының мақсат-мәні неде екенін әзірше түсіне алмай отырмын.  Бұл - «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң сияқты шекті жоба,  - дейді ғалым Байтық.
Волонтерлік қызмет – қазір Қазақстанда мемлекет тарапынан реттелмей қалған қоғамдық белсенділіктің бір түрі. Соңғы кезде волонтерлер қозғалысы әлеуметтік желілердің арқасында қарқынды дамып келеді. Бұл құбылыс Орталық Қазақстанда бұрын-соңды болмаған су тасқыны жүздеген адамды баспанасыз қалдырған сәуірде анық байқалды. Әлеуметтік желілердегі  үндеулерге көптеген волонтерлер үн қосып, гуманитарлық жүк жинап, зардап шеккен аймаққа жеткізуді ұйымдастырды.

«ВОЛОНТЕР БОЛСАҢ, ТІРКЕУ КАРТОЧКАҢДЫ КӨРСЕТ!»
Жоба авторларының бірі, мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаевтың айтуынша, парламенттегі презденттік «Нұр Отан» партиясы фракциясы «жалпылама сипаттағы» заң жобасын әзірлеген.
- Мұның шекті заң болатынын мойындаймыз. Мұнда 10 жыл қатарынан аптасына төрт сағат жұмыс істеген волонтер жоғары оқу орнына тегін түсе алады деген сөз жоқ. Әлдебір тікелей нормалар болғаны жақсы болар еді, бірақ ондай жоқ. Сондықтан жалпылама сипаттағы нормаларды қарастырдық. Бізде «волонтерміз» деп көкірегін ұрып шыға келетіндер көп қой. Енді волонтер екеніңді дәлелдеуге тиіссің.  Волонтермін деген адамның әлдебір индентификациялық нөмірі болуы, оның қайда тіркелгені көрсетілуі тиіс, - дейді ол.
Мейрам Бегентаевтың пікірінше, волонтерлер кәсіби білікті болуы әрі ЭКСПО көрмесі сияқты мемлекеттік деңгейдегі үлкен жобаларға қатысуы тиіс. Депутаттың дерегінше,  2017 жылы Астанада өтеді деп жоспарланған  шарада волонтер болғысы келетін жастар Қазақстанда өте көп, бірақ олар кімнен көмек сұрайтынын білмейді.
«Адам денсаулығы институты» қоғамдық ұйымы директоры Дмитрий Терешкевич «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы қабылданса, волонтерлерге өкілеттерді мемлекетпен бірге бөлісу құқығын беру керек деп санайды.
- Мысалы, кейбір волонтерлерге ауруханаға еркін кіру құқын беру керек. Мұндай рұқсатты бір рет берген соң оған ешкім сұрақ қойып мазаламауы тиіс. Аурухана қызметкері сияқты еркін жүріп-тұра алатындай құқы болуы тиіс, - дейді Дмитрий Терешкевич.
10 жылдық волонтерлік стажы бар әрі «Ұлттық волонтерлер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким «егер волонтерлер тиісті тіркеуге тұрып, мемлекет тізіміне енсе, халық оларға көбірек сенеді» дейді. Оның айтуынша, волонтер болу оңай жұмыс емес.
- Мұндай іспен айналысуға жалаң құлшыныс жеткіліксіз. Мысалы, үшінші сатыдағы онкологиялық науқасқа көмектескісі келетін немесе сал ауруына шалдыққан балалармен жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан өту қажет.  Біз мұндай ауыр жұмысты физикалық және моральдық жағынан дайындығы жоқ волонтерге жүктеп, оның жанын жаралағымыз келмейді,- дейді Вера Ким.
«Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы әзірше мәжіліс талқылауына түскен жоқ. Депутат Мейрам Бегентаевтың айтуынша, қазір құжат үкіметте сараптамадан өтіп жатыр.

azattyq.org

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста