Қазақстанның балығы қазақтың ас мәзірінен қашан өз орнын табады?
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, тұтыну көрсеткішіне қарағанда қазақстандықтар тамақ өнімдерінің ішінде балық және теңіз өнімдерін өте аз тұтынады екен. Оның көлемі былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,3-тен 11 келіге дейін кеміген. Бұл көрсеткіш жан басына шаққанда астаналықтарда 6,8 келіні, ал атыраулықтарда 22 келіні құрап отыр.
Егер молюска, кальмар, асшаян, теңіз шаяны, сегізаяқ, қысқышсыз шаян, омар сияқты теңіз өнімдерін алып тастасақ балық өнімдерінің үлесі тіпті төмен. Біз бұл жағынан Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктеріміздің арасында да ең соңғы орында тұрмыз. Ал тағамтанушылардың ұсынысына қарағанда жан басына шаққанда әрбір қазақстандық жылына 14,6 келі балық өнімдерін тұтыну керек екен. Алайда оның нақты деңгейі 3 есеге дейін кем.
Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зертеу институтының директоры Қуаныш Исбековтың айтуынша, Қазақстанның су айдынының аумағы Каспий теңізін қоспағанда 5 млн. гектарға жуық аумақты алып жатыр. Тауарлық балықты дамытудың мастер-жоспары бойынша 2020 жылы ол 15 мың тоннаға жеткізіліп, жан басына шаққанда балық өнімдерін тұтыну көлемі 10,7 келіні құрамақ. Ал статистикаға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда 1975 жылы 100 мың тонна балық ауланып, тауарлы балық өндірісі 1,8 мың тоннаны құраған екен. Одан кейін бұл көрсеткіш құлдырап, 1990 жылы 68,6 және 9,8 мың тоннаны, ал 2010 жылы 51,7 және 0,2 мың тоннаны құрапты. Ал былтыр Үкімет балық аулау лимитін 63,4 мың тонна деп бекіткенін ескерсек, балық шаруашылығының ел экономикасында әлі өзінің лайықты орнын таба алмағанын айқын аңғаруға болады.
Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (FAO) деректеріне қарағанда, әлемде балық өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда жылына 1960 жылы 10 келіні, 2012 жылы 19 келіні құраған. Ал балық шаруашылықтарында 1960 жылы 35,5 млн тонна, 2012 жылы 158 млн тонна балық ауланған. Өкінішке орай жасанды көлшіктерде (аквакультура) балық өсірудің қарқынды өсуіне орай, табиғи су айдындарынан ауланатын балықтың көлемі соңғы ширек ғасырда айтарлықтай кемуде. Бүкіл әлемде аквакультура өндірісі соңғы жарты ғасырда 10 есе өсіп, бүгінгі таңда бүкіл балық нарығының 50 пайызына жуықтады. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның балық аулау мен балық өсіруді дамыту әлеуеті жылына 1 млрд. доллардан асады. Каспий теңізін қоспағанда еліміздегі балық ауланатын көлдер, өзендер мен су қоймаларының көлемі жағынан Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалардың арасында Ресейден кейін екінші орында тұр.
Болжам бойынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы балық өнімдеріне деген қажеттілік 14,5 келілік норма бойынша есептегенде 2015 жылы 251 266 тонна (17,2 млн халыққа), 2020 жылы 267 618 (18,3 млн халыққа), 2025 жылы 281 780 (19,3 млн халыққа), 2030 жылы 295 358 (20,2 млн халыққа) тонна болмақ. Ал оның ішіндегі импорттық өнімнің үлесі 2015-2030 жылдары 55 147 тоннаны құрауы тиіс. Бұл үшін балық шаруашылығында жасанды көлшіктерде өсірілген балықтың үлесі 2015 жылы 168 336, 2020 жылы 184 738, 2025 жылы 198 900, 2030 жылы 212 478 тоннаны болуы керек.
Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстанға балық өнімдері әлемнің 40-тан астам елінен әкелінген екен. Оның ішінде негізгі жеткізушілер Ресей, Норвегия және Қытай мемлекеттері болып отыр. Қазақстанға жасанды көлшіктерде өсірілген мұздатылған, дайын және қалбырланған балықтар әкелінсе, сыртқа табиғи айдыннан ауланған шикі балық пен оның мұздатылған жон еті шығарылады екен. Сондықтан қайдан, қашан, қалай ауланғаны және қалай өсірілгені белгісіз шетелдік балық өнімдерін тұтынушы боп қалғымыз келмесе отандық өндіріске қолдау көрсету жолдарын көбйеткен жөн шығар. Бұл жерлестермізге жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізіп, импорттық балық пен одан жасалатын өзге де өнімдерге деген тәуелділіктен құтқармақ. Онсыз қазақтың ас мәзіріндегі балық өнімдерінің үлесін тағамтанушылар белгілеп берген нормаға жеткізу 2020 жылы да арман болып қалуы мүмкін.
Ерлік Ержанұлы