Қазақы кілем Ашхабад мұражайында сақталған...
Негізінде, кілем тоқу – қазаққа жат үрдіс емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Мамандар Кеңес Одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз етуде. Қазірде Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түркіменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр...
Абзалында қазақтың қалы кілемдері турасында мамандар «кеңестік кезеңде түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері көш басынан көрінді» дейді. Ал қазір кілем өндіруде өзіміздің отандық тұтынушыларымызды мүлде қамтамасыз ете алмай отырғанымыз айқын дәлел.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
- Бұл ретте бізде жекелеген шеберлерді қойып кілем өндірген фабрикаларымыз жабылып, жұмыстарын тоқыратып алғалы қашан?! Иран қазірде кілем өндіруде он жылда 20 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде «Алматы Кілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан Түрікмен кілемдерімен бәсекелес болатын... Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Түрікменстан, Парсы елдері, Біріккен Араб Әмірліктері де жеңіл өнеркәсіптің осы түрін дамытуға айрықша назар аударуда. Ал біз, керісінше, «Алматы Кілемнің» бірқатар цехын жаптық, қазір бірді-екілі цех қана баршылық. Шығаратын өнім көлемін шектедік. Қазірде «Алматы Кілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтынушыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал Батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.
Жекелеген шеберлерге қолдау керек
Кілем өндірісіне қатысты тағы бір мысал етіп айта кетерлігі – Иранда кілем тоқумен айналысатын шеберлер үнемі өкімет назарынан тыс қалмайды. Оларда кілемнің авангард, классикалық, ұлттық түрлерін тоқумен айналысатын шеберлерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал балаларға арнап кілем тоқитын шеберлеріне деген ирандықтардың ықыласы тіпті ерекше. Тіпті ескерткішке кішкентай кілемше тоқитын шеберлерін де олар аса қадірлейді екен. Әрине, мұның барлығы қолөнерді бағалағаннан кейін туындайтын құрмет екені белгілі. Ендеше, біз неге осындай шеберлерді назардан тыс қалдырдық? Этнографтарымыздың бағамдауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес Одағына мәлім 176 шебер болыпты. Өкініштісі, олардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде кілем тоқуға қажетті асай-мүсей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы.
Айнара ОРДАБАЕВА, этнограф-ғалым:
– Өткенде иран шеберлері көлемі 520 шаршы метрді құрайтын, салмағы бір тоннадан асатын кілем тоқып шығарғаны жайлы ақпарат тарады. Оларға осы өнерлері үшін өкімет тарапынан арнайы марапат беріліп, бұл шеберлер арнайы салықтық жеңілдіктен құтылды. Қазірде Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстан, Әзірбайжан елдері осы салаға айрықша мән беріп, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән берушілік жоқтың қасы. Жекелеген шеберлердің еңбегі мүлде еленбейді. Кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кілем кестелеу күшті дамыған. Түксіз кілем оюларына қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да басқа ою нұсқаларын салып тоқуды біздің шеберлер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы қазірде бірді-екілісі ғана болмаса, кілем тоқуда озық шығып, белшеден табысқа батып отырғанымыз жоқ. Ал өзге елдер бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр.
Кілемді қойып киім-кешекке жіп табу қиын
Жалпы, мамандар сөз еткендей жеңіл өнеркәсіп – бұл әлемдік экономиканың тұтас бір кешені. Ол көптеген елдердің бюджетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде «Пош-Тараз» фабрикасы ашылғанда «енді жүн өртемейтін болдық, ауыл-аймақтарда тау-тау болып өртеліп жатқан жүн мен тері кәдеге жарайтын болды» деп үміттенгеніміз рас. Негізінен, аталмыш фабриканың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты бойынша, фабрика цехтары өз базасында топс өндіру жобасын ұйымдастыруы тиіс. Жобаны іске асыру құны - 1,1 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 873,6 тонна топс өндіру болатын. Топс - бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. «Жаңағы кілеміңізді де, кииім кешегіңізді де тоқуға арналған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгілі киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті шетелден импорттауға мәжбүр немесе сапасыз жіпті кәдеге жарата беретіндер де кездеседі. Ал сапасыз дүние өнімге деген сенімді төмендетеді. Сондықтан біздегі жеңіл өнеркәсіп түрін сөз еткенде шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатқа зәрулік, шикізатты оны дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей біз кілем өндірісінде де, киім кешек өнідірісінде де өзіндік биіктікті бағындыру қиын» деседі мамандар.
Бұған қоса мамандар шикізат зәрулігін жою үшін ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажеттігін; сол шағын кластерлер арқылы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін жеңілдетуге болатынын құлаққағыс етуде...
«Алаш айнасы»