«Қорғас» кеден бекеті 12 сағаттық жұмыс тәртібіне көшті
Қазақстан мен ҚХР шекарасын байланыстыратын «Қорғас» кеден бекеті 1 сәуірден бастап 12 сағаттық жұмыс тәртібіне көшеді. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл тек сынақ түрінде енгізіліп отыр. Егер сынақ жақсы нәтижелер көрсететін болса, тек «Қорғас» қана емес, Алматы облысындағы барлық кеден бекеттері осындай тәртіпке ауысады. Мұндай бастаманы қолға алуды Қытай тарапы ұсынған көрінеді. «Жұмыс уақыты таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Яғни бекет 12 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді. Әрине, мұндай шешім тиімді нәтиже береді деген ойдамыз. Жұмысшылар да, техникалар да жеткілікті», – дейді Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің мамандары. Айта кету керек, бұл жайлы жуырда көлік тасымалдау ұлттық нарығын және отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне арналған жиында Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің өкілдері сөз етті.
Құрманбек АРТЫҚБАЕВ, Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы:
– Бұл – екі елдің тауар айналымын жақсартып, жұмыс қарқынын, сапасын арттыру үшін қабылданған шешім. Жаңа тәртіпті біз сынақ түрінде енгізіп отырмыз. Бірақ болашақта оның нәтижесін көреміз деген ойдамыз.