Салықты төмендетуден бюджет ұтыла ма?
Республикалық бюджеттің 2012-2014 жылдарға арналған өлшемдері белгіленіп қойды. Соған сәйкес, биылғы бюджетке түсетін қаржы 4 трлн 751 млрд теңгені құрауы тиіс. 2013 жылғы түсімдер - 5 трлн 31 млрд теңге, ал 2014 жылғы бюджет түсімі 5 трлн 424 млрд теңге деп жоспарланған. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, бюджетке түсетін табыстың 97 пайызын салық түсімдері құрайды.
Ал бюджеттің табыс жағынан орындалуына тоқталсақ, былтыр ол 102,4 пайызға жеткен. Соның ішінде салық түсімдері 102,3 пайызды құрапты. Салық түсімдерінің кейбір көрсеткіштері жағынан орындалмауы (мәселен, корпоративтік табыс салығы – 99 пайызға) тұтас алғанда бюджеттік кіріс бөлігіне онша әсер етпегенге ұқсайды. Өйткені жоспар басқа салықтардың есебінен орындалды.
Кеше ғана экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова елімізде корпоративтік табыс салығының мөлшері азайтылатынын мәлімдеді.
Жанар Айтжанова, экономикалық интеграция істері министрі:
– Бізде бизнес үшін анағұрлым қолайлы мөлшерлемелер қарастырылған. Атап айтқанда, бұл ҚҚС-қа қатысты, ол бізде 12 пайыз. Сондай-ақ бүгінде біздегі корпоративтік табыс салығы – 20 пайыз. Бірақ 2014 жылға қарай біз оны 15 пайызға түсіреміз деп отырмыз.
Сондықтан салық салу жағынан жүзіміз жарқын. Өткен жылы Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінің салық индикаторы бойынша еліміз 183 елдің арасында 39-орынға шығуына да оның ықпалы болғаны рас. Бұл – ТМД елдері арасында ең жоғарғы орын.
Ендігі кезек – корпоративтік табыс салығын азайту. Еске түсірсек, бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын күн тәртібіне қойылып барып басылған-тұғын. Ол кезде корпоративтік табыс салығының мөлшерін төмендету негізсіз деп табылды. Демек, қазір негіз бар болғаны ғой? Жоқ, әлде сөз арасында айтылып, ұмыт қалып қояр ма екен. Өйткені 2014 жылға дейін салық саласында талай өзгеріс болары айқын.
Жанар Айтжанова айтып өткендей, елімізде ҚҚС пен корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі төмен болса, Беларусьте пайдаға салынатын салық мөлшерлемесі төмен. Айтпақшы, Беларусьтің қаржы миинистрлігі қолданыстағы қосымша құн салығының мөлшерлемесін Ресей мен Қазақстанның деңгейіне түсіру өздеріне тиімді болмайтынын тамыз айында мәлімдеп тастады. Олардың айтуынша, ҚҚС-ті Ресей деңгейіне түсірсе – ел бюджеті 2012 жылы 4,6 трлн белорус рублінен, ал Қазақстан деңгейіне түсірсе, 18,3 трлн рубльден қағылатынын дәлелденген. Мұндай бюджет кірісін азайту табыс саласындағы экономикалық саясатты қайта қарауға мәжбүрлейді. Оның ішінде әлеуметтік қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көлік шығындарын субсидиялау, тегін денсаулық сақтау саласы мен білім саласына ауыр тиетіні сөзсіз. Ресей де мөлшерлеме деңгейін түсіретін ойы жоқ. Бірақ олар осы мәселені шешуде бір баламаны ұсынып отыр.
Негізі, бұл мәселе бізде де көтерілген. Әңгіме корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін төмендету емес, оған прогрессивті төлем шкаласын енгізуде. Мәселен, АҚШ-та табыс салығы бюджеттің жартысын құрайды. Швецияда табыс салығының ең жоғарғы мөлшерлемесі – 57 пайыз, Данияда – 65 пайыз, Қытайда – 45 пайыз. Англияда жылына 150 мың фунттан жоғары табысқа – 50 пайыз, Германияда жылдық табыс 250 мың евродан асса, 45 пайыз салық салынады. Францияда да жаңадан сайланған президент ә дегеннен табыс салығы мөлшерлемесін 75 пайызға көтеруден бастады. Бұл да ойландырмай қоймайды. Өйткені салық мөлшерлемесін төмендетумен елге жағу қиын. Ал егер әлгіндей прогрессивті шкаланы енгізсе, онда әркім табысына қарай салық төлейтін әділеттілік орнайтын еді.
Корпоративтік табыс салығын азайтуға орай, қаржы министрі Болат Жәмішевтің мына бір айтқан сөзі еске түседі. «Қазан айының ортасында Үкімет Парламентке бюджетті нақтылау мәселесі жөнінде барады. Ағымдағы жылдың бюджеті біздің бағалауымызша, кіріс жағынан орындалмайтын түрі бар. Негізінен, бұл корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС-ке қатысты. Нақтырақ айтсақ, тау-кен саласындағы кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің төмендеуі және мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға ҚҚС орнын толтыру есебінен осылай болмақшы. Осыған орай бюджеттің шығысына да түзету енгізуге тура келеді», – деді ол.
Еліміздің Салық кодексіне жақын арада тағы бір өзгеріс енгізілмек. Ол мақсатына сәйкес пайдаланылмай отырған жерлерге салықты 30-40 есе көтеруге қатысты.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерге салықтың базалық мөлшерлемесі былай белгіленген: 0,5 гектар жерге – 0,01 га үшін 20 теңгеден; 0,5 гектардан асатын аумаққа – 0,01 га үшін 100 теңгеден;
Үй маңындағы жер телімдері үшін Алматы, Астана және облыстық деңгейдегі қалаларда: 1 мың шаршы метр жер аумағына – 1 шаршы метр үшін 0,20 теңге;
1 мың шаршы метрден асатын аумаққа – 1 шаршы метрге 6 теңге.
Қалған елді мекендерге: 5 мың шаршы метр – 1 шаршы метрге 0,20 теңге;
5 мың шаршы метрден асатын аумаққа – 1 шаршы метрге 1 теңге.
Мұндай жаңалық тұрғындар арасында көп пікір тудыратыны сөзсіз. Алайда жерді өз мақсатында пайдаланып отырғандарға қатысы жоқ екенін баса айтқымыз келеді.