«Сақтандырсаң — сақтаймыз» дегендері қайда?
Егін орағы науқаны аяқталғанымен, оның маңындағы дау-дамай, керісінше, енді бой көтеріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ол ауыл шаруашылығы сақтандыру төлеміне қатысты. Мысалы, Қостанай облысының Федоров ауданы нарығында бес сақтандыру компаниясы жұмыс істеген. Бүгіндері соның біреуінен диқандар сақтандыру төлемін ала алмай отыр. Ал қалғандары тиісті шартқа сәйкес есеп айырысқан. Сақтандыру төлемін жасамай отырған — диқандарға бөтен компания емес, өздері мүше Қазақстан фермелер одағына қарасты «Өзара сақтандыру қоғамы» болып отыр.
«Біз, бірнеше шаруа, облыс әкіміне Әуесхан Даринов басшылық ететін Өзара сақтандыру қоғамынан өзімізге тиісті сақтандыру төлемін өтетіп беруді сұрап хат жазғанбыз. Сол әсер етті ме, білмеймін, бұл ретте «төлем жасалады» деген жауап алдық. Бірақ біраз уақыт өткен соң, сақтандырушылар бұл шешімін өзгертіп жіберіпті. Мұны қалай түсінерімізді білмей дал болып отырмыз», – дейді федеровтық шаруа Николай Головань.
Ал осы мәселенің мән-жайын білу үшін Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың өзіне хабарласқанымызда, ол: «Сіздер сөз етіп отырған аймақ туралы мен еш нәрсе білмеймін, ондағы жағдайдан хабарым жоқ», — деп қысқаша жауап қайырды.
Дегенмен Федоров ауданының «Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі» мемлекеттік басқарма бастығы Владимир Завгородтың атына Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуесхан Дариновтан осы мәселеге қатысты ресми хат келгені белгілі болып отыр. Ол аталған аймақ ақпарат сайтына жарияланып та үлгеріпті. Онда сақтандырушылар «Головань», «Исмагамбетов», «Давлетпаев» шаруа қожалықтары басшысынан сақтандыру төлемін өтеу туралы арыз хатты алғандарын, соған сәйкес құрылып, «табиғаттың жайсыз құбылысына бой ұрды» деген олардың егістік алқабын тексерген комиссия қорытындысын заңсыз деп тапқандарын, соған байланысты сақтандыру төлемі әзірге жасалмайтындығын» айтыпты. Яғни комиссия жұмысында заңсыздықтар орын алғандығын анықтаған олар әзірге бұл мәселе шешімін кейінге қалдырып отыр.
Ал бұған әбден ашуланған жергілікті шаруа қожалығы басшылары Қазақстан фермерлер одағы құрамынан шығатынын, оның есесіне, Қостанай облысының фермерлер қауымдастығын құратындығын жариялап жатыр. Бұл жаңа құрылымның басшысы да тағайындалып қойыпты. Жергілікті жаңа шаруалар қауымдастығының жетекшісі Жетес Амантаев: «Қостанай аймағында 5 мың шаруа қожалығы бар, біз соларға көмек көрсетеміз», – дейді.
Дегенмен, біздіңше, қостанайлық шаруа қожалықтары Қазақстан фермерлер одағымен мүлде ат-жалын үзісіп, Қостанай облысының фермерлер қауымдастығына үдере ауысуға дайын емес секілді. Өйткені бұл арада жыл басынан бері Қазақстан фермерлер одағы егістік алқабы құрғақшылықтан зардап шеккен Қостанай диқандарына 122 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемін жасағанын еске сала кетелік. Яғни аталған одақтың сақтандыру төлемін жасамауға қатысты мәселесі бүтін Қостанай облысын қамтымайды, тек Федоров ауданына келгенде ғана жоғарыда аталған белгілі бір себептер бойынша ол кешеуілдеп жатыр. Дегенмен бізге белгілі болғандай, аталған одаққа 300 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемін жасау туралы арыз-шағым түскен, ал қордағы ақшаның бар-жоғы – 200 миллион теңге. Міне, мәселе осы ақшаны сақтандыру төлемін жасауда ешкімді ренжітпей, біреудің көңілін қалдырмай, жеткілікті етіп бөлуге келгенде мәселе туындап жатқан сыңайлы (мұның федоровтықтардың мәселесіне қатысы жоқ – авт.). Қалай дегенмен өзара сақтандыруға ымыраласқандар арасынан шыққан жік елімізде соңғы кездері ғана қолға алынған ауыл шаруашылығы сақтандыруының дамуына белгілі бір деңгейде кері әсер етуде. Сондықтан бұл жайтты қоғам талқысынан елеусіз қалдыруға болмайды. Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, Өзара сақтандыру қоғамының Қазақстанның фермерлер одағы жанынан құрылуының өзі дұрыс емес.
– Бір одақ республиканың бүкіл аймағындағы диқандардың мәселесін шешуі мүмкін емес, оған оның қауқары жетпейді. Өйткені бұл арада қаржылық мүмкіндік шектеулі. Меніңше, бұл арада мүдделер қақтығысы орын алып жатыр. Ондай күрмеуі күрделі мәселені шешу бір шаруалар одағына оңайға соқпасы белгілі. Қалай дегенмен де, барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, шешімін табуы тиіс, – дейді маман.