Сарыағаштың жерінде жүзім бауы самсап тұр
Жылыжайымен еліміздің көшін бастайтын Сарыағашта бау өсіру жүйелі қолға алынған. Осындағы «Сарыағаш жер сыйы» серіктестігінің жұмысы үлгі тұтарлықтай. Мұнда жеміс ағаштарының көшеттері соңғы технологиямен өсіріледі. Өңірдің ғана емес, елдің шаруа қожалықтарын жергілікті жерге бейім жеміс-жидек көшеттерімен қамтуда еңбек етуде.
Күзгі жиын-терім аяқталысымен «Сарығаш жер сыйы» ЖШС-нің жұмысшылары көктемге жүзімдік көшеттерін әзірлеуге кіріскен.
Серіктестікке тиесілі 95 гектар жер алқабында жоғары өнім беретін жеміс көшеттерінен бөлек Оңтүстік климатына енді бейімделіп келе жатқан нартас, киви, банан сияқты субтропикалық жеміс-жидек көшеттері де бар. Шаруашылық бүгінде көшетпен Сарыағаш ауданын ғана емес, Оңтүстік өңірін толық қамтуға мүмкіндігі бар.
Сарыағаш ауданында бүгінде 1891 гектар жүзім алқабы бар. Оның өнім беретін 1648 гектарынан шаруалар биыл 13184 тонна өнім алып отыр. Биылғы орташа өнімділік гектарына 80 центнерді құраған.
Жиналған жүзімнің 4 313 тоннасы асханалық болса, 8871 тоннасы техникалық сорттар. Биыл жылдағыдан мол өнім алып отырғандығын айтқан диқандар жиналған 8871 тонна техникалық жүзім сортын аудандағы «Caspian Food» ЖШС-гі мен «Семиречье» ЖШС-нің шарап зауыттарына өткізгенін айтуда. Ал қалған өнім ішкі нарыққа және еліміздің басқа облыстары мен 500 тоннасы Ресей Федерациясына жөнелтілген.
Айта кетейік, өткен жылы 1648 га жүзім алқабынан 13 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік 79,2 цн/га болған.
Сайрам ауданынан келген шаруалар жүзім өсірумен айналыспақ. Тәжірибелі бағбанның кеңестері шаруашылықты дұрыс жүргізуге пайдасы болатынына қарабұлақтықтар сенімді.
Жеміс көшеттерін дайындау мақсатында «Сарыағаш жер сыйы» серіктестігіне облыс әкімдігі тарапынан қосымша тағы жер алқабы беріліпті. Мұнда жүзімнен бөлек алма көшеттері егілген.
"Алаш айнасы"