Серікболсын Әбділдин: Тілімді тістеп қалғым келмейді...

Серікболсын Әбділдин: Тілімді тістеп қалғым  келмейді...

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаев президенттіктен кетемін деп наурыздың 19-ында мәлімдеме жасады.   Qamshy.kz ақпарат агенттігі саясаткер, экономика ғылымының докторы, профессор Серікболсын Әбділдинге жолығып, жедел сұхбат ұйымдастырған болатын.

– Серікболсын Әбділдаұлы, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтатты. Не айтасыз? Көзқарасыңыз қандай?

– Бұл сауатты және сәті түскен байлам болды. Әзірге орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындап кетті. Мен кезінде 1993 жылдары билік эшалонында жүрген кезде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер вице-министрі болып тұрған еді. Сол кезден бері ол кісіні білемін. Ол кездегі жаңадан өсіп келе жатқан кадрларға талай көз салғанмын. Тоқаевты инабатты, білімді, өз ұстанымы бар азамат деп бағалаймын. Болашақта Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы тығырықтан алып шығу үшін үлкен жүк артылып отыр. Сыртқы қарыздың көлемі өсіп тұр, одан құтылу жолдарын қарастыру керек болады, ел экономикасына қомақты инвестиция тарту қажет болады. Сондықтан Тоқаевқа осындай ауыр жүктер артылып тұр.

– Біз жаңа инвестициялық экономикалық қадамдарға бет бұрып жатқан тәріздіміз. Бұл тұрғыда қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар легі жеткілікті. Сіз экономист ғалым ретінде атқарылып жатқан шаруаларға қандай баға берер едіңіз?

– Негізінде, нақ қазір біз экономикалық өркендеу жолында біраз істерді тындырған тәріздіміз. Жалпы, индустриалды-инновациялық даму жолына түскіміз келеді. Бірқатар реформаларға да реңк берудеміз. Бірақ күнгейдің көлеңке тұсы болатыны тәрізді біздің осы жаңа экономикалық саясатымыздың да көлеңкелі жерлері бар екенін жасырмауымыз қажет. Осы тұста басымдық беріп айтатын нәрсе: бізде бұйрық айтылады, жоспар жасалады. Әйтсе де соны орындау жағы кемшін. Сөз бен істің арасы байланыспайды. Бұл – үлкен кемшілік. Адам баласында өткенді саралау деген болу керек. Ал біздің мойнына жауапкершілік жүктеген құзырлы тарапта осы өткенді саралайтын қасиет аз. Белгілі бір енгізілген жаңа жүйенің, реформаның нәтижесін бақылау жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, науқаншылдық басым. Әсіре науқаншылдықтың асыра жақсылық бермейтіні бесенеден белгілі дүние. Сондықтан өз басым нақ қазір істеп жатқан тірлігімізді «жақсы» деп бағалай алмаймын...

– Сіз үнемі сын айтуға құмарсыз. Осы сіздің белгілі бір істің нәтижесін көріп, көңіліңіз толатын сәттеріңіз бола ма?

– Жоқ, мен сіздің бұл пікіріңізбен келіспеймін. Рас, мені өзіңіз тәрізді бірқатар БАҚ өкілдері «биліктің сыншысы» етіп алғаны да бар. Бірақ мені «сын айтқыш» дегеннен гөрі «кемшілікті көзге тізіп айтасыз» десеңіздер орынды болар еді. Маман ретінде, адами тұрғыда кемшіліктердің бар екенін көріп-біліп тұрып, тілімді тістеп қалғым келмейді. Болмаса мен қайсыбіреуге мін тағып, сыртынан сын айтып, жік іздеп жүрген жоқпын.

– Дегенмен қандай да бір тындырымды істерге көңіліңіз көншитін тұстар бола ма?

– Болады. Неге болмасын?! Мәселен, қазіргі жауапкершілігі мол қызметтерге қырағы саясаткерлердің, білімді экономистердің келіп жатқанын мойындауымыз керек. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, әйтсе де олардың біразының қарым-қабілеті мықты. Кей сәттері сол жастардың ісіне шынымен де көңілім толып, ішім жылып қалатыны бар. Тек сол жастар бойындағы білімін, көрегендігін өзінің жеке басына пайдаланып кетпесе екен, халыққа бір қадам жақын жүрсе екен деп тілеймін. Әйтпесе біздің қазіргі әкімқаралар өздерінің көрегендігі мен талантын жеке басына пайдаланудан әрі аса алмай жүр. Осындай берекетсіздікті көресің де, ішің ашиды. Өкініштісі – осы...

– Сіз кезінде өзіндік жобаларыңызбен Қазақстан экономикасы негізінің қалануына үлес қосқан ғалымдарымыздың бірісіз. Жасыратыны жоқ, қазір де жаңағы өзіңіз сөз еткен «жас ғалымдар, қырағы мамандар» «кезінде нарықтық жүйеге алғаш енген тұста экономикалық бағытымыз­ды дұрыс ұстанбадық» деген пікірлерді де айтып қалады. Ал мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?

– Бұл – оңды пікір. Кезінде біз алғаш нарықтық қағидаға бас сұғар тұста жекешелендіру саясатын дұрыс жүргізбедік. Ол тұстары алды-артын пайымдаған елдердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласы тұралатпауды ойлады. Біз, керісінше, ауылдағы шаруаның алдына отар-отар қойын салып бердік те «болды, әрі қарай өз күніңді өзің көр» деп бейқам қарадық та отырдық. Басты кемшілігіміз осы болды. Сол жекешеленген тұста шаруаларды кооперативтендіріп, колхоздандырып барып алдарына мал басын беріп, техникамен қамтамасыз етіп, «әзірше мына мал сенікі, бірақ мұның төлін ертең Үкіметке бересің, еті мен сүтінен өнім өндіресің» деп талап қойғанымызда, нақ қазіргідей ауылдың жағдайын ауырлатпас едік. Енді келіп бүгінгі заманға сай етіп ауыл мен қала арасын жақындастырғымыз келеді. Қазір «ауыл шаруашылығын жандандырамыз, ауылды жерлерге жас мамандарды тартамыз» деп өрекпиміз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ескірген көне үйді жөндеу үшін де біршама уақытыңыз бен біраз қаржыңыз кетеді. Ал елімізде бүгінде 65-тен аса аудан орталығы бар. Осы аудандарды қалпына келтіріп, күйісі кеткен ауылдардың басын біріктіріп, ауыл халқының еңсесін көтеру үшін әлі біраз уақыт керек, үлкен күш керек. Кезінде осыны сауатты түрде жүзеге асырғанда, қазір сол істің жемісін көріп, жетістікке жетіп отыратын едік. Белгілі бір істі жүзеге асырарда «жеті рет ойланып, бір рет кес» дегенді біздің қазақ осыдан барып айтса керек. Ал біз ол кездері дұрыс ойланбадық. «Бұл дұрыс емес» деп байбалам салғандардың ұсынысы ескерілмеді.

– Жалпы, біз соңғы кездері шетелдің дайын инвестициясына, дайын мамандарына, технологиясына көбірек иек артып кеттік. Осы үрдіс біздің өзіндік қарым-­қабілетімізді тұншықтырып тастамай ма?

– Мен бұл пікірге қосыламын. «Шетелдің дайын технологиясына, дайын инвестициясына, дайын мамандарына арқа сүйеу потенциалы мықты қазақ ғылымын тұншықтырады» дегенді мен бірнеше рет айтқанмын. Біз «шетелдіктер қазақты жарылқайды» деген ұғымға мүлде сенбеуіміз керек. Өзгенікіне көз сүзіп қызыққаннан гөрі, өзіміздің талпынғанымыз жөн. Жат ел бізге жақсысын беріп жатқан жоқ. Олар бізге жақсы болып көрінгісі келіп, құндылықтарымызды құртып жатыр. Бізге мұны ұғынатын кез әлдеқашан жеткен.

– Қазір қайсыбір сарапшылар «бүгінгі дағдарыстан Орта Азия елдері ұтып шығады» деген болжам жасауда. Мұндай оптимистік жорамалдарға сену керек пе?

 

– Негізінде, бұл жорамалдың жаны бар. Өйткені Орта Азиядағы дағдарыс пен Еуропадағы дағдарыс біріне-бірі ұқсамайды. Еуропадағы дағдарыс тауарды, бұйымды асырып өндіргенге байланысты туындап отырса, Орта Азиядағы дағдарыс өзін-өзі тауармен, бұйыммен қамтамасыз ете алмай отырғандықтан туындап отыр. Осы жағынан алып қарасақ, бұл дағдарыс шеттен келетін импорттың әлеуетін шектеп, өзіміздің отандық тауарды көбейтуге бірден-бір мүмкіндік жасауы керек. Айналып келгенде бұл – отандық тауардың бағын ашатын жүйе. Мысалы, біз Ресейдің тәтті конфеттерін елге енгізуден бас тарттық делік, оған, әрине, ресейлік тасымалдаушылар өкініш білдіреді. Ал отандық өнім өндірушілер бұған қуануы тиіс. Себебі біз сол Ресейдің конфетінің орнын отандық тәттілермен толтырамыз ғой. Міне, отандық өнімнің бағы ашылады деп отырғаным осы. Тек мұны сауатты іске асыра білсек жөн болар еді.

– Демек, сауатты жүйелей алсақ, бұл үрдіс қазіргі айтылып жүрген шағын және орта бизнестің жандануына ашылатын бірден­бір жол болғаны ғой...

– Солай десе де болады. Бірақ соған жағдай жасалынуы керек. Ол үшін шағын және орта бизнестің пайдаланатын ресурстарына еш бөгетсіз мүмкіндік берілуі қажет. Қажет болса, отандық өнім өндірушілердің жарық пен суға төленетін қаржысына дейін өзіндік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Бізде әзірше мұндай мүмкіндіктер саусақпен санарлық. Біз ауылдағы өнім өндірушілерге мүлде жағдай жасай алмай отырмыз. Ауылдағы фермерлердің қолында қаражат жоқ. Ауылдың несиелік жүйесі мүлде қалыптаспаған. Ауыл шаруашылығының өндірістік қабілетін арттыруға осы уақытқа дейін бел шешіп кірісіп кетпедік. Негізінде, бұл дағдарыс қиналуға апарып соғады. Сол қиналудан жол тауып шыға алсақ, біз тапқыр болатын едік. Сондықтан сарапшылар «бұл дағдарыстан Орта Азия бұрын шығатынын айтыпты» деп бейқамдыққа салынбай ұтып айтып, жол тауып шығуды ойлағанымыз жөн. Сонда ғана дағдарыста абдырамаймыз, аптықпаймыз. Біле-білгенге талпыныс болғанда ғана біз нарықтық қағиданы толық меңгеріп, санамызда сілкініс пайда болатын еді.

– Қайсыбір жұрт қазақты «бейқам», «жалқау» халық деп түсінеді. Қалай ойлайсыз, осы уақытқа дейін нарықтың қағидасын меңгере алмай отыр­ғанымыз, мүмкін, осы жалқаулығымыз бен бейқамдығымыздан болар?!

– Менің осыған қатысты айтарым, бұл жерде сауатты ұйымдастыру, әрбір реформаны сауатты жүргізу деген түсінік болуы керек. Қазақ халқы, негізінен, ұжымдық жұмысқа бейімделген. Біздің бір қателігіміз – алғаш жекешелендіруді қолға алған кезде қазақтың осы қасиетіне мән бермедік. Біздің ата-бабаларымыз кезінде көшіп-қонып жүрген тұста киіз үйін бірлесіп тігіп, отын-суын бірігіп қамдаған. Өз басым «қазақтың экономикалық әлеуетінің әлсіздігі халықтың жалқаулығына тікелей қатысты» деген пікірмен келіспеймін. Ондай пікірлерді қолдағым да келмейді.

– Бізде дағдарыстан шығу шаралары, экономиканы сауықтыру жобалары қарастырылып жатады. Ал бұл шаралар, жоғарыда сөз еткеніміздей, науқаншылдықтың құрбанына айналып кетсе, экономикамыз нендей күй кешеді деп ойлайсыз?

– Әрине, оның бетін ары қылсын. Бірақ осы атқарылып жатқан шаралар уақытылы нәтижесін көрсетпесе, сөз бен істің басы бірікпесе, онда тегеурінді деген кез келген елдің экономикасы құлдырайды. Сондықтан халыққа істеген істің нәтижесін көрсете білуді ойластырған жөн. Бастысы, халық пен билік арасында терең байланыс болуы керек. Бұл жерде басымдық беріп айта кететін нәрсе, мәселен, біз «жемқорлыққа соққы береміз» дейміз. Бірақ сол жемқорлықпен күресіп жүргендердің өзі жемқорлар ғой. Олардың басым бөлігінде жекелеген өндіріс орындары бар, көбісі – шалқыған бай. Ал мемлекеттік қызметкердің жалақысымен мұндай байлықты олар қайдан жинапты? Міне, осы жағы ескерілуі керек. Баяғыда Кеңес заманында өкіметтің жұмысын істейтін бір мекеменің бастығында басы артық баспана болса, оны партбюро тексеріп, әбден діңкелететін. Ол кездері байлыққа қызығуды білмейтінбіз. Қазір де осындай жүйе болса деп ойлайсың. Халықтың байлығы, тапқан табысы талан-таражға түспеуі керек. Сонда ғана біз құлдырау хақында сөз қозғамайтын боламыз.

– Жалпы, сіздің жеке басыңызға қазіргі экономикалдық жағдай қалай әсер етуде?

– Қазір мен соншалықты ақша шығаратын жаста емеспін. Біздің отбасына анағұрлым көп қаржы керек емес. Профессорлық еңбегім бар, зейнетақым бар. Осы табысым бір отбасын асырауға жетеді.

– Ал сіз балаларыңызға инвестиция жинайсыз ба?

– Балаға инвестиция салу жайы қозғалғанда, сөз жоқ, біраз қаракөздердің «айлығымыз шай-пұлымызға жетпей жүргенде, қайдағыны қозғайды-ақ» деп қолды бір-ақ сілтері анық. Бізде баласы ержетіп, үй болғысы келгенде ғана ес жиятын ата-аналар жетіп-артылады. Тіпті балаға инвестиция салу өз алдына, баласын несие алып үйлендіріп, несиенің арқасында сәбилі болып жатқандар да баршылық. Ал жеке басыма келсем, мен де бала-шағама арнап байлық қалдыру жағынан ұяттымын. Меніңше, әр адам өзінің келешегі үшін өзі еңбектеніп, өздігімен қажырланса, сөйтіп тапқан нан тәтті...

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Қарлығаш Зарыққанқызы

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста