Шіркін, болсам ғарышкер, Тоқтар менен Талғаттай!
Қазақ баласының осындай арманы тұсаулы екенін бертінге дейін талай маман айтып келді. Өйткені елімізде ғарышкерлерді дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Ал ЖОО-лардағы аспан әлемі саласын зерттейтін жекелей факультеттердің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан әлемде бірегей ғарыш айлағын ұстап отырған еліміз үшін бұл үлкен сын екені белгілі. Әсіресе Ресей қауқары әбден таусылған Байқоңырды тастап, өздерінде заманауи ғарыш айлағын құрып жатқан сәтте... Алайда «ештен кеш жақсы» демекші, қоғамда жиі көтеріліп отырған бұл мәселе шешімі біртіндеп жүзеге асырыла бастауы бізді қуантады.
Аталған бағыттағы оң өзгерістің бірі – 2007 жылы «Қазақ Ғарыш» агенттігінің құрылуы. Ресми құзырлы ведомство еліміздің ғарыш саласын дамытуға байланысты арнайы бағдарлама әзірлеп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға бірден кірісіп те кеткен. Бағдарламада басымдық берілген басты мақсат – кәсіби білікті мамандар даярлау. Бүгіндері «Болашақ» халықаралық бағдарламасына сәйкес, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланды, Канада және Қытайда тоғыз мамандық бойынша 58 қазақстандық студент білім алуда. Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиация институтының филиалында 205 Қазақстан азаматы оқып жатыр. Ғарыш мамандарын даярлауға еліміздің бес жоғары оқу орны жұмылдырылса, соның ішінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті осы аптада Париждің Ле Бурже авиасалонында С.А.Лавочкин атындағы «РосКосмос» ғылыми өндірістік бірлестігімен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша екі тарап ғылыми-зерттеу қызметі, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, әлемдік және ғарыш кеңестігі бойынша ғылыми педагогикалық мамандарды даярлауға барлық күш-жігерін жұмылдыруға уағдаласты. Жалпы, бұл арада Франция мен Ресей ғарыш саласын меңгеруде әлемде озық көрсеткішке ие мемлекеттер екенін баса айта кетелік. Осы жағынан алғанда, сарапшылар «елімізде атқарылып жатқан іс-шаралар таяу болашақта өз нәтижесін беріп, қазақтың кәсіби білікті мамандары санының артуы арқасында ғарыш саласын дамытуда өзге елден біздің де қалыс қалмауымыз тиіс» деп ой түйеді.