Социализм vs капитализм?
«Социализм жеңілді, ал капитализм тақырға отырды, енді ары қарай не болмақ?» – деп сауал тастайды The Guardian басылымының шолушысы Эрик Хобсбаум. «Біз әлі де болса ХХІ ғасыр рухында пайымдауға үйренген жоқпыз. Енді амалсыздан жаңаша ойлауға мәжбүр боламыз. Өйткені өткен ғасырдың негізгі саяси-экономикалық идеялары тарих күресініне шығып қалды», - дейді ол.
Қазіргі заманғы «өндірістік саясат – бірін-бірі теріске шығаратын жүйелердің, яғни капитализм мен социализмнің қайшылығынан туындайтын қатынастар» деген түсінік ескірді. Өйткені екі жүйе де күйреді. «Шамасы, болашағымыз аралас экономиканы, яғни қоғамдық және жеке секторлар бір-бірімен тығыз байланыста болатын жүйені дамытуға тікелей байланысты болмақ», – дейді Хобсбаум.
Кеңестік сипаттағы социализмге оралу мүмкін емес, ол өте тиімсіз болды. Бірақ ол жүйедегі әлеуметтік қорғау мен білім беру саласының жетістіктерін ұмытпау керек. Ал максималды экономикалық өсім мен коммерциялық құрылымдардың бәсекелестігі қай қоғамда болсын тиімді. Демек, болашақ экономикалық жүйенің моделін қалыптастыру мәселесі бәрін де, әсіресе солшыл ойшылдарды қатты ойландыруы тиіс.
Аралас экономикаға көшу – өте қиын жұмыс. Біріншіден, қазіргі дағдарыстан шығу жолын ешкім нақты біліп отырған жоқ. Екіншіден, саясаткерлер мен үкіметтер нарықтың тиімділігі мен өзін-өзі реттеу мүмкіндігіне әлі де болса құдайдай сеніп, «еркін нарық теологиясына» табынып отыр.
Бұл ретте Хобсбаум өз елі – Ұлыбританияны мысалға келтіреді. Либералды лейбористер 1997 жылдан бастап биржаларды қадағалаудан қалды, өндірісті сатып жіберді, экспортқа тауар шығаруды тоқтатып, оның орнына ақшаларын тазартып алғысы келген мультимиллиардерлердің жұмағына айналды. Лондон елдің ЖІӨ 20-30 пайызын бергенімен, қатардағы қалалық үшін өте қымбат болып, жұмыссыздық пен білім беру мәселелерінің жиынтық ошағы болып шыға келді. Сондықтан да дағдарыс, өзге еуропалық елдермен салыстырғанда, Ұлыбританияға ерекше ауыр тиетін болады.
Не істеу керек? Ең дұрысы – «экономикалық даму мен өркендеу – үздік көрсеткіштерге ұмтылу жолы емес, халықтың әл-ауқатын жақсартудың жолы» деген түсінікке оралу. Экономиканы шексіз дамытып, жекелеген адамдарды байытатын жүйені емес, әркім үшін және бәрі үшін әлеуметтік перспективаны кеңіте алатын жол табу. «Осы жол ғана ХХІ ғасырдың кеселіне айналып отырған экологиялық және экономикалық дағдарысты жеңе алады», – дейді Эрик Хобсбаум.