«ШУМАХЕР» ШОФЕР, «БҰЛБҰЛ» БИЛЕТШІ

«ШУМАХЕР» ШОФЕР, «БҰЛБҰЛ» БИЛЕТШІ

Осыдан ілгері бірнеше рет қала тұрғындары редакциямызға қоңырау шалып, қоғамдық көліктердің аялдамаларға белгіленген уақытынан кешігіп келетіндігі, тіпті, кей аялдамаларға тоқтамай өте шығатындығы туралы мәлім еткен болатын. Шындығында, қақаған аязда далада бірнеше минут аялдаудың өзі мұң болып тұрған шақта, сағаттап автобус күткен жолаушының бұл өкпесі орынды-ақ.
Ал ол аздай «Құланның қасуына мылтықтың басуы» тура келіп тұрғаны тағы бар. Шаһар көшелеріндегі аялдамалардың  маңы азан-қазан,  бейне шәй-шаламын саудалаған қанбазардың кейпін кешіп тұр. Жүйтки келіп аялдамаға бас сұққан, шекесі нөмірленген автобустардың есігінен жолаушы түспес бұрын, «Кең баба», «Спартак», «Цум-мега», «Гарант», «Гүлжан», «Акация», «Колос»... деп безектеген билетшілердің үні естіледі. Мазасыз басылған сигналдар, кезектен тыс бұрын қозғалуға, клиентке таласқан моторлы көліктің гүрілі онсыз да бір күндік жұмысын тәмамдап үйіне жетуге асыққан жандардың жүйкесіне жүк артатыны шындық.
 Көпшіліктің талап-тілектерін ескерген қала әкімшілігі  ОҚО транспорт және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Күмісбек Орашев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов бастаған транспорт саласының мамандары, және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  кезекті рейдке шықты. Рейдте мамандар көлік компанияларының өкілдеріне айыппұл салумен шектелмей, қаладағы шағым көп түсетін, мәселе тудырып отырған аялдамалардағы жағдайға тереңірек үңілуді мақсат етті. Кезекті бағыт жұртшылық көп жүретін «Гүлжан» аялдамасы. Мұнда да сол жағдай, №58 автобусты күткеніне жарты сағаттан асқан Сәлима Ибрагимова  қас қарайып бара жатқандығын айтып шағынады.
– Күнделікті осылай кешіге ме?
– Иә, соңғы екі аптада жиі кешігіп келіп жүр. Себебін түсіндірмейді.
– Неге транспорт мекемесіне қоңырау шалмайсыздар?
– Сонда телефон арқылы №58 автобусты уақтылы келтіруге, барлық проблеманы шешуге  бола ма? Олар бізді тыңдай ма? – деп күлді жолаушы.
Айтпақшы, рейд болатындығы туралы хабарландыру ерте жеткен бе, жайшылықта тас көшеде таласа жарысатын автобустар моп-момақан күй кеше қалған. Барлығы дерлік аялдамаға сызыла тоқтап, үн-түнсіз жолаушыны тез алып, тайып тұрды. Байқағанымыз, шаһардағы ірі көшелерде қоғамдық көліктің жетіс- пеушілігі менмұндалайды. Себебі, автобус іші ашыған айрандай аузы-мұрнынан асып тұр. Мәселен, №20 мектепке қарама-қарсы «Емхана» аялдамасында кешқұрым жолаушылардың қарасы көп. «Қазығұрт», «Құрсай», «Ақтас» шағынаудандарының тұрғындары үйлеріне осы аялдама арқылы қатынайды. Есіме күнделікті жұмыстан соң ерте қайтуға асығатын әріптесімнің автобустан кешігіп қалып, такси қызметіне жүгінген кезі түсті. Әрине, нарықтық тұрақсыздық жағаға жармасқан шақта 500-700 теңгенің өзі де қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады емес пе.
Әдетте кез келген ортада мәдениет болатындығын жиі айтамыз. Алайда, сол мәдениет ұғымы жұрт көп жүретін қоғамдық көлікте көрініс таппай қалатын сәттер де кездеседі. Бұл жерде көп мәселе жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетіне байланысты болып тұр. Мәселен, қоғамдық көлік ішінде сол жүргізушінің мойнында  қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруы шарт. Билетші мен жүргізушінің біркелкі форма кигенін кездестіре алмадық. Болған жағдайда да «арбасы көпірден өтіп алғаншаның» кері келіп, күнделікті дағдыға айналдырмаған. №60 автобусты тексеру барысында билетшінің кім екендігін біле алмадық. Жас жігіт  «мен билетшімін» дейді.
– Сенің билет сатушысы екеніңді жолаушылар қалай біледі?
– Беліме байланған мына әмияннан-ақ танып алады.
– Арнайы формаларың жоқ па? Немесе аты-жөнің жазылған бейджик тағуға болады ғой.
– Оның қажеті қанша? Менің міндетім,  жолақыны дұрыс жинап, аялдама аттарын айқайлап айтып тұру ғана... Ал сіз мәдениеттілік  туралы әңгіме айтасыз. Тым күлкілі...
Жолаушылардың өкпесі қара қазандай. №60 автобусты кешкі сағат 9-дан соң күту мүмкін емес. Сыйымдылығы жағынан кішілеу сондықтан да, үнемі адам тығыз. Дем алудың өзі мұң. Осылай кете берсе жаздағы қапырық ыстықта қалай болады? — дейді «Құрсай» шағынауданының тұрғыны Жұмат Зұлпұһаров.
Онан ары Адырбеков көшесіне бардық. Онда  орналасқан «Гиперхаус» аялдамасындағы жағдай да осындай. Бұл жерден тұрғындар «Нұрсәт», «Қайтпас», «Достық», «Асар» шағынаудандарына қарай жүреді. Алайда, кешкі сағат 8-ден кейін қоғамдық көліктердің саны сирей бастайды. Аялдамада №70 автобусын күткен Ержан Тұрдиев «Қайнарбұлақ» ауылына жетудің өзі мұң болып отырғандығын, «Озерадан» келетін автобустың  30-40 минутқа кешігіп жатқандығын айтты. Ал шеткі шағынаудандарға жету үшін 100-150 теңге жұмсаған қайнарбұлақтықтардың кешқұрым автобустар кештеу болса да қатынаса деген талап-тілегі бар.  Шаһардың іргесіндегі «Забадам» елді мекеніне жүретін бағыттардың жұмысы да көңілге қонымсыз. №22 Қытайдың қуықтай «Цау Лин» маркалы автобусына мінген жолаушылар орта жолда қалып қойып жатыр. Негізі «Қара бастаумен» түйінделетін бағыт №7 емхана маңынан мойын бұрып қайтады екен. Онан арғы бағытқа көпшілік так-  систердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Секундомерді «GPS» қызметі алмастырады
Жеңіл атлетикада «100 метрге жүгіру» деген спорт түрі бар. Айтпағымыз біздегі аялдамада қолына таймер ұстаған секундомерлер сол қысқа аралыққа жүгіргендердің жылдамдығын есептейтін төрешілерге ұқсап кетеді. 1200 үлкенді-кішілі транспорттың күнделікті уақыт жиілігін есептеп,  қаланың әр бағытындағы аялдамаларда тұратын, үстінде не формасы, кеудесінде не бейджигі жоқ «қызметкерлердің» табысы қанша екендігін дөп басып айта алмаймыз. Бірақ көргеніміз, әр қоғамдық көліктен 50-100 теңге «шотал» алып тұратыны ғана. Мәселен, көп кездесетін жағдай автобустардың жарысы, секундомер «кестеден бес секунд асып кеттің» дейді. Сонымен жүргізуші автобусқа қамшы басады. Iшінде қарттар мен нәрестесі бар ана, жасөскін отыр деп ойламайды. Мақсаты -- келесі аялдамаға уақтылы жету.
Дегенмен, осы қызмет түрінің орнын жаңа техника ығыстыратын сыңайлы. Ол—көліктің спутниктік мониторинг жүйесі мобильді объектілердің орналасқан жері мен жай-күйі туралы ақпаратты жылдам алуға, сонымен  бірге ГЛОНАСС GPS көліктің мониторингі жүйесін реттеп отыратын GPS. Себебі, бұл туралы: «Біз қазір маршрут кестесі бойынша автобустардың қозғалысын GPS құрылғысының көмегімен бақылап отырмыз. Мұндай құрылғылар 440 автобусқа орнатылған болса, 1 сәуірден бастап барлық қоғамдық көліктер осы құрылғымен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ, аялдамалар аумағын кеңейту, қауіпті аймақта орналасқандарын алып тастау секілді мәселелерді де қарастырудамыз», - дейді ОҚО транспорт және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Күмісбек Орашев.
Еліміздегі үшінші ірі шаһардың қоғамдық көліктерінің де заман талабына сай жабдықталуы, төлемді арнайы электронды төлем жүйесі арқылы төлегені жөн. Атап айтар болсақ, автобус рейстеріндегі кестенің дұрыс жолға қойылмауының алдын алу үшін GPS құрылғысын орнатуды қолға алған ыңғайлы. Себебі, қоғамдық көліктердің уақтылы жүруін қадағалауда адам күшінің орнына компьютер арқылы сағат-минутына дейін есептеп отыруға мүмкіндік туындайды. «Ал секундомерлер қызметін GPS арқылы алмастыруды көлік тасымалымен айналысатын мекемелер өздері ұсынып отыр. Алдағы уақытта конкурс жар-   ияланса, ол құрылғының да қоғамдық көліктерде орнатылатын күні алыс емес. Олай болған жағдайда, сол мекемелер де бір орталықтан көліктің қозғалу жиілігін бақылап, адам күшінің қолайсыздығын жояр еді. Бұл жүйені реттеуге және тасымалдаушының өзіне қажет», -- дейді Күмісбек Орашев.
Қоғамдық көліктер түнде де қатынаса...
Қалаға қосылған шағын елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі де басты назарда. Дегенмен, шаһар тұрғындары автобустың жұмыс кестесінің уақытын 21:00-ге дейін ұзартуды сұрап отыр. Алайда, қоғамдық көлік жүргізушілері «кешкі сағат 9-дан кейінгі жұмыс тиімді емес және аялдамада тұрған жалғыз жолаушы шығынымызды жаба алмайды» деп уәж айтады. Сондықтан да олар таңертеңгі, түскі уақыттарда және кешкі 8-ге дейінгі жұмысты тиімді пайдаланады екен. Рейд барысында сала мамандары көліктердің кестедегі уақыттан кешігу себебін шаһардағы машиналардың көптігі мен соған сай қала көшелеріндегі көлік кептелісімен байланыстырып отыр.
Шаһар аумағының ұлғаюына орай көптеген елді мекендер қалаға қосылды. Осыған орай 9 бағыт қалаға кіріп жатыр. Дегенмен, олардың бағасы бізге сай келмейді. Күні кеше жолаушыны 80 теңгемен тасымалдаған жүргізушілер бүгін қалай ғана 50 теңгеге келісе қойсын? Бұл түйткілді шешу үшін басқарма мен әкімшілік бірлесе отырып шешім қабылдағаны жөн. Ендігі түйткіл сол екі ортадағы коғамдық көлік мәселесі, ондағы баға талабы болып отыр. Сондықтан жолаушылар көлігі мекемелерінің жұмысы көбейе түспек. Шаһарда 1200 автобус қатынауда. Бұл көліктер 1-2 айдан соң жетіспеуі мүмкін. Нарыққа сай жолаушылардың мүддесін қорғау керек. Алайда, «қандай амал істеу қажет? Немесе сол шағынаудандардан келетін бағыттарды қалаға кіргізбеу керек пе? Қаланың сыртында ғана қабылдап аламыз ба? Олардың интервалы бұрын 20 минут болса, қазір 10 минут бола ма?» деген сұраққа облыстық басқарма қорытынды шығаратын күн де таяу.
Тағы бір байқағанымыз, қаладағы аялдамаларда таксистер көп. Ұзын саны 30-40-тан асып жығылады. Олар жұмыс уақыты аяқталар уақытта автобус жүргізушілеріне өз ережесін айтып ескерту жасап жатады. Сондықтан мұны ретке келтіру үшін басқарма мен қала әкімшілігі патрульдік полицейлермен арадағы жұмысты жандандырғаны абзал. Дегенмен, полицейлер жұмыс жүргізе бастады. Алайда, толық шешілді деп кесіп айтуға келмейді.
Қаладағы қоғамдық көліктердің жүру бағыты, кестесі, кептелісі, тағы басқа да өзіне лайықты проблемалары аз емес. Сондықтан аталмыш мекеме биыл қала әкімдігімен кеңесе отырып, арнайы ғылыми-зерттеу институтымен келіссөздер жүргізуде. Егер сондағы мамандардың ғылыми түрде жобалап берген уақыт кестесі мен жүру бағыты жергілікті аумаққа тиімді екендігі дәлелденсе, оны жүзеге асыруға болады. Халықтың саны, келуі-кетуі, қай аралықта кептеліс болады — осыны зерттей келе,  аталмыш институт  тек қоғамдық көліктерді ғана емес, жалпытранспортты, көпірлерді тексеріп, қайта қарау арқылы қаланың қатынас инфрақұрылымын реттеуді жақсартпақ.
Шындығында, шаһардың көлік қозғалысы заңына байланысты жұрт көбіне бір нәрсені ұмытып кетеді. Қаланың бір бұрышынан шыққан адам оның екінші басына бір ғана көлікпен жетуді талап етеді. Бұл жүзеге асырылуы қиын мәселе. Мәселен, қаланың белгілі бір аумағынан басқа көлікке ауысып, тиісті жеріне жетуіне болады. Шаһарға жаңа елді мекендер қосылып жатқандықтан, осыны да ескерген жөн. Екенші мәселе, қоғамдық көлік ішінде көп адамдар «мен бос қоқыс жинағым келмейді, билет алмаймын» деп жатады. Ол адамдар өздеріне өздері жағдай жасап жатқан жоқ. Себебі, әрбір билеттің нөмірінен кетілген сома тиісті тасымалдаушы компанияның есепшотына түспей жатыр. Мәселен, ол қаржы автобусты жаңалау немесе жөндеу жағына жұмсалуда. Қаражаттардың жүргізуші мен билетшілердің қалтасында кетіп қалу қаупі үлкен.
Коммуналдық автопарк қызметі керек пе?
Десе де, билік өкілдері қаладағы қоғамдық көлік қызметін жетілдіру үшін муниципалды автопарк ашу мәселесін жиі айтады. Егер қолға алынатын болса, жеке көлік компанияларымен бәсекелес болуы тиіс. Алайда, мұндай автопарк құру көп уақытты талап етеді. Әзірге қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары апта сайын осындай рейд жүргізіп, құқықбұзушылықтарды анықтауда. Аталған бөлімнің бас маманы Хамит Түлембаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 9 бағыт бойынша келісімшарт бұзылса, оның ішінде бір жол-көлік оқиғасы адам өліміне алып келген. Коммуналдық автопарк ашу мәселесі де жиі көтерілуде. Мәселен, Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында осы жүйеге көшуде. Соны өзімізде  іске асыруда мүмкіндік бар ма?
-- Бізге қызығушылық танытып отырған жеке компаниялар бар. Олар ұсынған екі ұсыныс қазіргі таңда талдануда. Егер облыстағы тасымалмен айналысатын мекемелер заң талаптарына сай жұмыс жасай алмай қиыншылықтарға ұшырап жатса, коммуналдық меншіктегі автобустар қызметіне жүгінетін боламыз. Шаһарымызда коммуналдық автопарк ашу үшін біріншіден, бәсекелестік орта, оны ашу үшін бюджеттен қомақты қаржы қажет. Шымкентке екі инвестор келе жатыр. Олар жалпы саны 240-қа жуық 10 метрлік үлкен «Mіtsubіshі» автобусын алып келмекші. Жасалған меморандумға сай 1 қыркүйекке дейін сол көліктер шаһар тұрғындарына қызмет етуі қажет деп ойластырылып отыр.   Егер олай болған жағдайда бюджеттен ақша шығарып не қажеті бар? -- дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
Анығында, коммуналдық паркті осындай қаланың шет жағында орналасқан шағынаудандарға қатынайтын бағыттарға қарай ашқан қажет секілді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тиісті басқармамен бірлесіп ұсыныс енгізіліп жатыр. Жаңа елді мекендердің қосылуына байланысты ішкі көлік жүйесін зерттеп, бір тұжырымға келіп, бағдарлама аясында кей жерлерді коммуналдық автопаркке беруге болатындығы бәсекелестік ортаға сай есептелініп шешілуі тиіс. Ондай жағдайда «баға тұрақсыздығы болмай ма?» деген сұрақ туындайтыны анық. Дегенмен, осы бағыт бойынша облыста арнайы комиссия құрылып, бағаның бір қалыптылығын ұстап отыр. Оның ішінде қоғамдық көліктерге байланысты мекеме басшыларымен жиындар өтті. Бүгінгі таңда бағаны көтеру туралы тасымалдаушы компаниялар тарапынан ешқандай да ұсыныс айтылмаған. Жолақысына байланысты жолаушылар, жүргізушілер тарапынан да ешқандай наразылық болып жатқан жоқ. Сондықтан баға тұрақты деп айтуға болады.
Түйін сөз:
Иә, қоғамдық көлік ішінде отырып әр түрлі жағдайларға кез боласыз. Кейде адамдардың болмашы дүниеге бола бет жыртысып, көңіл-күй түсіретін сәттері де аз емес. Осындайда дамыған елдердің тәжрибесінен өткен қоғамдық тасымал жүйесін неге бізде пайдалануға болмасқа деген ой келеді. Анығында, еліміздегі ірі қалалардан неше есе алып Еуропаның, Шығыс Азияның ірі шаһарларында бұл жүйелі іске асуда. Адамдардан автокөлік көп бізде Лондонддағыдай қос қабатты автобус немесе Қытайдағыдай қоғамдық көліктің түнгі қызметін жүйелендіру қажет секілді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста