Сүт өндірісіне ұлттық технология керек
Жақында Астанада бас қосқан мамандар Қазақстанның үздік сүт өнімдерін анықтады. Ал отандық өнім өндірушілер өз мәселелерін ортаға салып, бүгінгі Кедендік одақ аясында бәсекеге қабілетті тауардың сапасы мен қауіпсіздігін тағы бір мәрте пысықтап шықты. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, сүт өндіру саласындағы қазақ ұлтының әмбебап технологиясы отандық тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.
Тауарлы өндіріс қажет
Қазақстанның сүт одағы ұсынып отырған мәліметке сәйкес, бүгінде қазақстандық тұтынушы сүт және ашыған сүт өнімдерінің 80 пайызын отандық тауар өндірушілерден сатып алады. Бұл – қуанарлық жағдай. Себебі қазіргі Кедендік одақтың ашық экономикалық аумағына қарамастан, ел азаматтары көп жағдайда туған жердің өнімін таңдайды екен. Бірақ май және ірімшік өнімдерін шығару жағынан кедендік одақтастар – Ресей мен Беларусь болашақта отандық кәсіпкерлерді ығыстыратын сияқты. Себебі бізде осы өнімді өндіретін сапалы шикізат жоқ. Сондай-ақ сүт шикізатын шалғай жерлерден тасымалдауға кететін шығын дайын өнім құнын ақтамайды. Мәселен, 300 шақырым шалғайда орналасқан шаруашылықтан бір тонна сүтті әкелуге кететін шығын сол сүттің өз бағасынан да қымбат болып кетеді екен. Соның салдарынан Қазақстан қазірдің өзінде ірімшік пен май өнімдерінің 50 пайызын шекараның арғы жағынан алдыртуға мәжбүр. Жалпы, бізде сүт өнімдерінің тек 10 пайызы ғана ірі кәсіпорындарда шығарылады. Ресейде бұл көрсеткіш 40 пайыз болса, Беларусьта 90 пайызға дейін жетіп отыр. Сол себепті мамандар Кедендік одақ аясында Қазақстанның нарығын дәл сол Беларусьтің сүт өнімдері басып алады деп қауіптеніп отыр.
Ұлттық өнім бәсекеге сай бола алады
Академик Мәриям Алимарданованың пайымдауынша, Кедендік одақ аясындағы тауар бәсекесінде Қазақстан біраз жетістіктерге жете алады. Ол үшін, ең алдымен, қазақтың ұлттық сүт өндірісін барынша дамыту қажет. «Қазіргі кезде біз тек сүт және сүттің ірітілген өнімдерін ғана шығарып жатырмыз. Бүгінгі нарық үшін бұл тым аз ұсыныс. Себебі ондай өнімдерді көрші Ресей мен Беларусь елдері де өндіріп келеді. Біз болсақ, оған ұлттық сүт өнімдерімізді қосып, отандық сүт тауарларының бәсекеге барынша қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз. Мысалы, біздің қымыз, шұбат, құрт, жент, қоспа сияқты ұлттық сүт тағамдарымыз экологиялық таза әрі денсаулыққа пайдалы. Оны бәрі біледі. Сондықтан осы өнім түрлерін жаппай өндіріп, экспортқа шығаратын болсақ, ұтылмаймыз, керісінше ұлттық сүт өнімдерімізді экспортқа шығарып, қазақ халқының өзіндік брендін қалыптастыра аламыз. Жалпы, Қазақстанда ол үшін қажетті шикізаттық қор бар. Енді өндіріс орындары тарапынан ниет болса, болғаны», – дейді академик М.Алимарданова. Ғалымның айтуынша, шетелдер қазақтың ұлттық сүт өнімдерін пайдалануға ғана емес, шығаруға да мүдделі болып отыр. Сондықтан біздің кәсіпкерлер осы сұранысты тиімді пайдалана білуі тиіс.
Байқау үздіктерді анықтады
Сонымен, Астанада өткен байқаудың қорытындысы бойынша, сан алуан сүт және май өнімдері үшін «Эмиль» ЖШС, «Восток – молоко» ЖШС, «Сүт зауыты» ЖШС-і және «Данон-беркут» ЖШС-і ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің I дәрежелі дипломына ие болды. Ал Алматы технологиялық университеті ұлттық сүт өндірісіне инновациялық технологияларды енгізгені үшін арнайы дипломмен марапатталды. Өкінішке қарай, бүгінде қазақтың ұлттық сүт өнімдерін зерттеп жүрген осы университеттің ұжымында тәжірибе өткізетін цех та жоқ. Соған қарамастан, аталған оқу ордасының ғалымдары халқымыздың қымыз, шұбат, жент, қоспа, құрт, сүзбе сияқты ұлттық сүт тағамдарының құрамын жан-жақты зерттеп, бұл өнімдердің арнайы патентін де жасап алған. «Алдағы уақытта біз қазақтың ұлттық сүт тағамдарының мемлекеттік стандарттарын бекітіп алуды жоспарлап отырмыз. Ол стандарттар отандық сүт өндірісінің бәсекеге барынша қабілетті болуын қамтамасыз етпек», – дейді академик М.Алимарданова.