Сыбайлас жемқорлықпен күрес – уақыт талабы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауында көрініс тауып келеді. Онда Елбасы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресін бір арнаға түсіру, қоғамның алдыңғы қатарлы күштерін осы зиянды әлеуметтік құбылысқа қарсы жұмылдыру жұмысын айқындап көрсеткен болатын. Сондықтан да ымыраласқан жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы болып отыр, демек, салық басқармасының жұмысында да негізгі басымдылық ретінде анықталуда.
Біздің саламызда жемқорлықпен күресу жөніндегі ұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін ел Үкіметінің 2007 жылғы №689 бұйрығы негізінде «ҚР Салық басқармасы қызметінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданған. Әрбір салық басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жасайтын және қызметтік этиканың сақталуына жауап беретін комиссия құрылып, салық төлеушілер жемқорлық бойынша заңбұзушылықтарды мәлімдеу үшін сенім телефондары жұмыс істейді.
2009 жылдан бастап «Салық және мемлекеттік бюджетке төлемдер туралы» ҚР Кодексі күшіне енді. Онда тікелей жұмыс жүйесі қолға алынып, салық заңнамаларындағы екіжақты түсінігі бар нормалар жойылған. Сонымен қатар Салық кодексінде жемқорлықтың белең алуына кедергі жасайтын жағдайлар да қарастырылған. Мәселен: 1) ҚР салық заңнамасын түсіндіру, 2) салық төлеушінің сұралатын құжаттарды алдын ала көруіне болатын терминал жүйесінің жұмыс жасауы мен дамуы; 3) салық есептіліктерінің электронды түрде тапсырылуына программалық жабдықтаулар; 4) бюджетке төлемдердің электронды түрде жасалуы; 5) салық басқармасымен хабарламалар алмасудың электронды түрде жұмыс жасау жүйесін жүргізу және дамыту; 6) салық міндеттерін (есептерді) орындау жөнінде мәліметтер алуына жағдай жасалуы тәрізді жұмыстар кешені қамтылып отыр.
Салық басқармасы жүйесіндегі салық есептіліктерін камералдық бақылау барысында заңбұзушылықтарды анықтау салық төлеушінің тапсырған есептілігін, сонымен қатар салық төлеушінің жұмысына байланысты басқа да құжаттарды талдап, саралау арқылы жүргізіледі. Демек, салық төлеушілермен тікелей қатынаста болатындықтан, мұның өзі сыбайлас жемқорлық элементтерінің салық төлеушімен қатар, мемлекеттік қызметкер тарапынан да пайда болуына алып келеді. Қазіргі таңда мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін салық төлеушілермен мәліметтерді электронды түрде алмасу программасы жетілдірілу үстінде.
Қорыта айтсақ, Елбасы алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру барысында еліміздің жаңа белестерге көтерілуіне, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығына қол жеткізу үшін біздің қоғам ешқандай заңбұзушылықтарға жол бермей, ымыраласқан жемқорлықпен күресуге барлық күш-жігерін салуы тиіс.