Шыны өндірісін шындап қолға алу керек
Сыр өңірінде үш жылдай бұрын «шыны зауыты салынады» деген жағымды жаңалық елдің ішін кезіп кетті. Оны Ұлыбританияның «Пилкингтон» компаниясы қолға алуға ниет білдірген еді. Өндіріс ошағының орны да дайын болды. Алғашқы қазығы да қағылған. Жобаның құны 200 млн еуроға бағаланды. Өкінішке қарай, бұл іс жалғасын таппай қалды. Тұманды Альбионнан келген кәсіпкерлер жобадан бас тартты. Түрлі себепті желеу етті. Осылайша, шыны өндірісін жолға қою ісі кейінге қалдырылды.
Ал елімізде бұл өнімге сұраныс ерекше. Қазір жер-жерде құрылыс қолға алынған. Әрбір ғимарат терезесіз болмайды. Әрине, шыны қажет. Оны амалсыздан сырттан тасымалдап отырмыз. Облыс бойынша жылына 100 мың тонна шыныны сырттан алып келеді екен. Қаншама қаржы өзгенің қалтасына кетіп жатыр. Өзімізде шикізат қоры мол. Осы бағалы байлықты ұқсата алмай отырған жайымыз бар. Шыны зауытын Сыр өңірінен салуға ниет тектен-тек жасалып отырған жоқ. Бұл өңірдегі кварц құмы жоғары бағаланады. Тіпті әлемде сирек кездесетін көрінеді. Аталмыш шикізат Арал теңізінің табанынан алынады. Құмның құрамы шыны өндірісінде өте қат шикізат екен.
Әлемде бұл өндіріспен айналысатын кәсіпорындар санаулы. Бұл жөнінен Жапонияның зауыттары алдына жан салмайды. Одан кейінгі орында – әлгі «Пилкингтон» компаниясы. Олар дүниежүзіндегі шыны өндірісінің 15 пайызына иелік етеді. Ал Қытайда 11 кәсіпорын осы іспен шұғылданып отыр. Дегенмен ондағы жасалған өнім жоғары бағаға ие емес. Ресейде үш өндіріс ошағы бар. Тіпті бір бүйірімізде жатқан Қырғызстанда да шыны шығаратын зауыт жұмыс істейді екен. Сондай-ақ Түркия мен Беларусь елінде де құрылысқа қажетті аталмыш өнім дайындалады.
Асты да, үсті де қазынаға толы біздің еліміз әзірге ондай мүмкіндікке қол жеткізе алмай келеді. Әсіресе бүгінгі құрылыс қарқыны екпіндеп тұрған тұста шыныға сұраныс артып тұр. Шикізат қоры мол. Ол жоғары бағаға ие. Тек қолдағы барды ұқсата алмай отырмыз. Рас, бұл жоба өте ауқымды. Біз үшін тың кәсіптің бірі. Сол себепті өзіміздің іскер азаматтардың жүрегі дауалар емес.
Төрегелді Жәлелұлы, экономист:
– Бүгінгі заманда әлемді шарпыған қаржы дағдарысы көптеген салаға әсер етті. Оның ішінде тыңнан қолға алынатын жаңа жобалар да бар. Шыны өндірісі – осындай іргелі істің бірі. Бұл жұмыс қолға алынған жағдайда көптеген жұмыс күші екі қолға бір кәсіп табады. Сондай-ақ жергілікті жердің қазына қазанына қаншама қаржы түседі. Бұл Сыр елінің мерейін өсіреді.
Бұл тұрғыда облыс басшылығы тиісті жұмыстар атқарып келеді. 2004 жылдан бері шыны өндірісі негізгі күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналды. «Пилкингтон» компаниясы аталмыш жобадан бас тартқаннан кейін осы істі бастаған азаматтар «Еуразия флугласс» атты отандық компания құрған еді. Олар Арал ауданындағы Шөмішкөл елді мекені тұсындағы кварц кенін заңдастырып, техникалық-экономикалық негіздемесін жасады. Оған қоса Еуропа елдері, АҚШ, Жапония, Қытай мемлекеттерінен құрал-жабдықтарды алуды белгілеп қойған. Алайда жобаны жүзеге асыруға қаржы дағдарысы қолбайлау. Қазір әлемде құрылыс материалдары мен шыныға сұраныс аз. Тіпті Қырғыз елінің Тоқмақ қаласындағы шыны зауыты жұмысын тоқтатып тұрған көрінеді. Сонымен қатар Ресей мен Қытайдағы зауыттардың да толық қуатында жұмыс істей алмай отырған жайы бар. Жалпы, кез келген кәсіпорын іске қосылғанда қуаттылығы 70 пайыздан төмен болмауы тиіс. Сонда ғана өз шығынын өзі ақтап, қарқынды қимыл жасай алады. Сыр өңіріндегі аталмыш жобаны алдағы уақытта іске асыру көзделіп отыр.
Кезінде біздің еліміз тек шикізаттың көзі болды. Іргелі өндіріс орындарының қатары кем еді. Сондықтан жаңа жобаларды іске асыру әзірге қиын тиіп жатыр. Елбасының алға қойған мақсаттарының бірі іргелі өндіріс ошақтарының қатарын көбейту екені белгілі. Сондықтан құрылыс саласына қажетті бар дүниемізді бағалап, байыбына бара білгеніміз орынды болады.