Таксиді тақымдайтын мемлекеттік тізгін қажет
«Елімізде такси қызметін пайдаланушылар легі жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық таксилер жұмысын халықаралық талапқа сай еткені жөн»... Бұл мәселені біздің сөз еткенімізге біраз уақыт болды. Өткенде көлік және коммуникация министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ мырзаның өзі елдегі осы саладағы қызмет түрін жандандыру қажеттігін, бұл сала қызметінде халықаралық талапқа сай меженің төмендігін сөз еткен-ді.
Негізінде, халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын міндеттемелер: қырағылық және сыпайылық; көліктің қауіпсіз болуы; тазалығы; техникалық байқаудан өтуі; сондай-ақ таксистің кем дегенде бес жыл көлік жүргізген тәжірибесінің болуы; тұрғындардың такси қызметіне тапсырыстарын қабылдайтын диспетчер қызметінің болуы; көлікте таксометрдің орнатылуы және көліктердің түсі бірдей болуы қажет... Міне, халықаралық талап такси қызметіне осындай міндеттемелер жүктейді. Алайда біздегі бұл қызмет түрінің сапасы да, қызмет құны да бір-бірімен үйлесімділік таппай жататыны жасырын емес...
«Пролетка» таксилер көбейді
Жалпы, бұқара көп шоғырланған Алматы қаласы бойынша сөз етер болсақ, мұндағы такси қызметінің орташа құны 800-1000 теңгенің аралығында. Қызметтің жұмысы күндізгі және түнгі болып бөлінеді. Ең қолайлы уақыт таңғы 7-ден басталып, 12-ге дейін жалғасады. Таксистердің кептеліс саналатын уақыты күндізгі сағат 12 мен 14 сағат арасы болса, кешкісін 17 сағат пен 19-ға дейін. Бір қызығы, қазірде такси қызметінің өзгеше атаулары кеңінен тарап та үлгерді Мәселен, «тачка», «мотор», «зеленый огонек», «тачанка», «пролетка» тәрізді атауларды тұрғындар біздегі такси қызметінің сапасына қарай атап жүргені жасырын емес. Тұрғындар бүгінде такси көліктерінің ішкі және сыртқы ластығынан, баратын жерге жолақысын тым қымбаттатып айтатынынан, жолаушыны апара жатып, жолда тұрған адамды алып кететінінен әбден запы болған. Тіпті таксилерді телефон соғып шақырғанда, уақытында келмейтіні, тым асығыс жүргендіктен, жолаушының мазасы кететіндігі, жолаушы ірі ақша беріп тұрса, өзінде ұсақ ақша жоқ екендігін айтып, жолаушының өзін ақшаны ұсатып келуге жұмсауы тым әбестік екендігі халықаралық талапта «тайға таңба басқандай» етіп көрсетілген. «Әйтсе де біздегі қызметтің бұл түрі мұндай олқылықтарды түзеуге ынты-шынтымен тырысып жүрген жоқ» деседі мамандар.
Бағдат ТЕЛТАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Такси қызметі орташа қауіпті жұмыстардың қатарына жатады. Бірақ біздегі осы қызмет түрінде жұмыс істейтін таксистер мұның жауапкершілігін сезіне бермейді. Біздің қаламызда жүрген жүрістері тым асығыс «пролетка» таксилер көбейіп кетті. Ал мұның арты жол көлігі оқиғаларының орын алуына және басқа апатты жағдайларға апарып соқтырып жатады. Сондықтан біздегі таксистердің қызмет көрсету деңгейіне бақылау қажет. Таксистердің өміріне зиян жасап, ауыр қылмыстардың да болып жататыны айдан анық, үнемі жол үстінде қырағылықта отыратын таксистердің көздері нашарлап, жүйке жүйесі ауруына шалдығу қаупі тағы бар. Демек, бұл қызмет түріне барғысы келетін мамандар арнайы сынақтардан өткені жөн.
Арзан такси қайда бар?
Білесіздер, былтыр бұл қызмет түрі 200 теңгеге қымбаттады. Бұған дейін таксистердің қызметіне жүгінгеніміз үшін 500-700 теңге төлеп келсек, былтырдан бері орташа есеппен 800-1000 теңге төлеп жүрміз. Қазірде өздеріне тұтынушы жинап алу үшін бұл кәсіп түрімен шұғылданып жүрген филиалдар түрлі жарнамалар жасауға тым құштар. Мысалы, 158, 555, 390-67-67 нөмірлеріне қоңырау шалсаңыз, олар сол сәтте-ақ өздері жайлы жарнамаларын жайып салады. Айналып келгенде, қызметіне жүгінсеңіз, көңіліңіз ортайып, қаптаған жарнаманың сылдыр сөз екендігіне көз жеткізесіз... Мысалы, сол жарнамалардың бір парасы былай тізбектеледі: бізге қоңырау шалу тегін; такси бағасы арзан – 400 теңге; жолаушының жайсыз сезінбеуіне кепілдік береміз; әр шақырымына 70 теңге (есептей беріңіз, шақырымына 70 теңге болғанда ақыр соңында кем дегенде 100-1500 теңгеңізді қақшып алады); чектік қызмет ету; авто-бала күтушіміз бар; ішімдік ішпеген жүргізуші (!) (мас күйінде жолаушы таситын таксистердің барын осы жарнама растай түсе ме қалай?!) Тізе берсек, мұндай жарнамалардан көз тұнады... Ал елдегі такси құнының қымбаттығын сөз етсек, олар бірден жанар-жағармайдың қымбаттығын; қосалқы бөлшектердің, көлікті жөндетудің қымбаттығын сылтауратады. Айтуларынша, қазірде техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, жөндеу, жанар-жағармай қымбат болғандықтан, такси бизнесімен айналысып отырғандарға ауырлық түсуде. Сондықтан болашақта арзан такси қызметіне жүгіну-жүгінбеуіміз екіталай... Такси бизнесімен айналысатын филиалдар осылай деп мұң шақса, таксистердің де айтар базынасы жоқ емес. Айталық, таксист бір ауданда жүріп, күніне 10 мың теңге тапса, оның 1200 теңгесін диспетчер қызметіне береді, жанар-жағармайына қосымша беруі тиіс, тағы басқа қосалқы шығындарын есептегенде таксистердің қолында тапқан 10 мыңның 25 пайызы қалады. Сондықтан да таксистер «барынша асығыс, үлгерімді жылдамдатуға тырысамыз» деседі.
«Жолшыбай такси» жөн екен...
Сонымен, бұл салада арзан әрі сапалы қызмет түріне жүгінудің ауылы әлі де алыстау екені мәлім болған тәрізді... Тіпті қайсыбір сарапшылар бұл салада қала ішіндегі жолаушы тасымалынан, қалааралық тасымалдың өнімді әрі табысты екенін алға тартуда.
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:
– Таксистердің өз арасында қалааралық жолаушы тасымалы «жолшыбай такси» аталып кеткен. Деректерге жүгінсек, нақ қазір осы «жолшыбай таксилердің» тапқан табысы да, істеген ісі де қомақты. Бір айта кетерлігі, бұл таксистер арнайы салық төлемейді. Олардың өзіндік орнатып алған кезегі бар. Сол кезек арқылы жолаушыларын толтырып алады да, діттеген жеріне жеткізіп салады. Ал оларды арнайы бақылап отыратын диспетчерлер мүлде жоқ. Түсімдері айтарлықтай... Сондықтан, менің ойымша, осы жолшыбай такси қызметіне арнайы салық төлеуді енгізу қажет. Олар да арнайы тіркеуден өтіп, лицензия алып, түскен табысының 5 пайызын немесе 7 пайызын салық ретінде төлеп отырса бір реттілік орнайтын еді. Сондай-ақ әлеуметтік такси желісін дамыта алсақ, осы арқылы халыққа дүкеннен азық-түлігін уақытында әкеліп беретін жүйені жетілдіре алсақ, сондай-ақ мүгедектерге қызмет көрсететін таксилердің жұмысы алға басса оң болар еді... Жалпы, такси қызметіне жүгіну кезінде баршылықтың белгісі болса, қазірде бұл – заман қажеттілігі. Алматы тұрғындарының үштен екісі қазір осы қызмет түріне жүгінеді. Сондықтан осы салаға бақылауды күшейткен жөн.
Қалай десек те, келешекте біздің бұл қызмет түріне жүгіну қарқынымыз арта беретіні рас. Қазір Алматы қаласы бойынша такси бизнесімен айналысатын 20 шақты арнайы филиал бар. «Олардың сапында осы бизнес түрін тек өз пайдасына ғана жаратып, қара басының қамы үшін халықтың қалтасына түсіп отырғандар да бар». Ендеше, мамандар сөз еткендей, бұл саладағы арнайы салық түрі, қызмет көрсету сапасы, қызмет құны белгілі бір өлшеммен үйлесімділік табуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біздегі такси бизнесін тақымдап уыста ұстап отыратын мемлекеттік тізгін керек.