Тарыдан 5 миллион теңге табыс тапқан
Тары-талқан атамыздың асы десек, артық болмас. Себебі, осы бір дәнді дақылдың тарихы тым әріде жатыр. Қазақ фольклорында бұл тағам түрі ауызға көп алынады. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде батырдың алыс сапарына анасы арнайы тары қуырып береді. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық екендігін ескерсек, 1 келі тары сабанында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протеин болады. Тары жармасының құрамында крахмалдың мөлшері 81 пайыз, белоктыкі 12 пайыз, ал май мен қант жеке-жеке 3,5-0,15 пайызды құрайды. Тіпті, ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп. Сондықтан болар «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Ертеректе жолаушылап шыққан қазақтың қоржынға тары-талқан салып жүретіні де сондықтан. Тіпті, ашаршылық жылдары Жетісу жерінде «Біз де келдік Кегенге (Райымбек ауданы), Кеген жақсы дегенде, Тары менен талқан жоқ, Суға шылап жегенге...» деген жыр кең тараған. Осыдан-ақ тарының қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі маңызын байқауға болады. Бұл туралы тары мен талқанды күнделікті пайдаланатын «Алаш айнасының» тілшісі талдап көрген еді.
Хош, бүгінде сол тары таңсық ас болып барады. Тіпті, тары өңдеу, оны нарыққа бейімдеу, осы арқылы кірісін еселеп, тұрмысын жақсарту жолына түскен қаракөздер қаншама? Солардың бір шоғыры Жетісудың басында Қытайдағы Күнес ауданында тұрады. Сап-сары тарыны брендке айналдырып үлгерген еңбекқор шаруа қожалықтары өз отбасында-ақ тары өңдеп, тауарларын шетел асырып саудалап отыр. Әрине, тарыны сүйіп жейтін Қазақстан, Түркия, Қырғызстан елдеріне, қала берді Ресей нарығына шығаруда.
«Қара қыздың» тарысы-ай!
Қара қыздың кім екендігін анық білмейміз. Әйтсе де, Түрген ауылынан шыққан қазақтың тумасы екендігіне күмәніміз жоқ. Айтпағымыз, осы сауда белгісін иеленген тары Күнес ауданынан шығып, Қытайдың барлық өлкесіне тарайды екен. Тауарына «Тар-Ми» деп ат қойып алған қазекемдер, қорабының сыртына иероглифтермен тарының емдік қасиеті, дәрумендік ерекшелігі, құрамындағы органикалық азықтықтардың көптігі туралы толыққанды мәлімет бере білген. Мұның өзінен-ақ «қазақы» менеджмент пен маркетингтің исі аңқып тұрғандай...
Бүгінде ірі тары өндірісі базасына айналған Күнес ауданына қарасты Түрген ауылындағы тары егіншілігі туралы ауыл әкімі Жеңіс Әлейбекұлы: «Жергілікті ерекшелікке ие ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуға мән берілуде. Өз алдына аграрлы шаруашылықпен айналысып, кәсіпорын ашқан азаматтарды барынша қолдап келеміз. Соңғы жылдары Күнес ауданының әйгілі өнімі—өңделген тары өз алдына сауда белгісімен қазақы дәстүрге ие кәсіпке айналды. Осының арқасында ауыл тұрғындары қызыл кірпіштен көпқабатты үй салып, кейбіреуі жеңіл автокөлік мініп те үлгерді» дейді.
Иә, Түрген ауылы ғана емес, Шыңжаң өлкесінің әйгілі өніміне айналған тарыны бәсекеге толы Қытай нарығына, тіпті экспортқа шығарудың өзі не тұрады! Бұл тұрғыда «Аларман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбегі ерен. Түрген ауылы, Аққырқа қыстағының тумасы Нұрбол Әуелханұлының шағын тары егіншілігінен серіктестіктің директорлығына дейінгі еңбек жолы өз алдына ұзақ бір әңгіме.
-«Маңдай терлемей нан қайда? Алғашында экономикалық қиындыққа ұшырадым. «Тама тама көл болады» деген сөз бар ғой. Ағайын-туыстан құраған тиын-тебенді базарда айналдыруға тура келді. Таңдау тары егіншілігінен басталды. Алғашқы жылы тоқымдай жерге еккен дақыл 500 келіден асып түсті. Нарыққа бейімделу де оңай емес екен. Тауарымды өткізе алмай қалған сәттер де көп болды. Бірте-бірте сұранысқа қарай өнім көлемін көбейтіп отырдым. Түргеннен басталған тары өндірісіне көрші-қолаң, ауылдастарды тарттым. Жергілікті үкімет пен партияның қолдауымен бір орталықтандырылған тары өндірісі қоғамын құрдық. 2005 жылы «Кәмиза» дәнді тары сұрпына өтініш беріп, шағын түрдегі тары өңдеу зауытын құрып, өңделген тарыны қораптап базарға шығардық. 2011 жылы Күнес ауданы «өнеркәсіп бақша районынан» 8 гектар жер сатып алып, құрылыс көлемі 1000 шаршы метрлік тары-талқан, жент-арпа сияқты өнім өндіретін зауыт салдық», — дейді Нұрбол Әуелханұлы.
Бүгінге табан ет, маңдай термен жеткен Нұрболдың зауыты қазақы тағам өндірумен айналысады. Әрине, «қазақы өнімнің» Қытай нарығындағы сұранысы жоғары. Себебі, қазақтың тағам мәзіріндегі астың қай-қайсысы болмасын жанға қуат, ағзаға шипалы азық болатындығын қытайлар біліп алған. Экономикалық құны 2 миллион юаньнан (54 миллион теңге) асқан кәсіпорында 60- 90 адам жұмыспен қамтылған. Көбісі тары егу, баптау ісіне ысылған өз ауылдастары. Жалақылары да жаман емес. Ең төменгі еңбекақы 2000-2500 юань (54000-67500 теңге). Кәсіпорын директорының айтуынша, зауыт қазіргі таңда 500 тонна тары, 150 тонна талқан, 20 тонна жент, 20 тонна арпа талқаны, 20 тонна ақталған бидай өнімін өңдеп базарға шығарады екен.
Түрген ауылындағы тары егіншілік шаруа қожалығы құрылғалы бері тарының өнім сапасында көп өзгерістер болыпты. Осы қоғамға мүше 66 диханның үздіксіз тұқым сұрпын жетілдіру нәтижесінде тарының дәні де бұрынғысынан сапалы, ірі бола түскен. 2007 жылы құрылған шағын ұжымның жылдық табысы 200 мың юань (5,4 миллион теңге) маңайында. Тіпті, шаруа қожалығы арқылы дихандардың егін егуінен тыс қазақтың ұлттық сүт, ет өнімдерін де қолға ала бастапты. Алдағы мақсаттары сары май, жылқы еті, құрт-ірімшік сияқты өнімдерге арналған өнім өңдеу зауытын құрып, ұлттық өнімнің өзгенің «қазанына» түсіп кетпеуінің алдын алуды ойластырып отыр екен. Тіпті, ішкі Қытайға сауда бөлімшелерін ашу ниеттері де жоқ емес.
Жауынгер дақыл
Халқымыз тарыны–«жауынгер дақыл» деп атайды. Жаздық дәнді дақылдың жылу сүйгіштік, қуаңшылыққа, аңызаққа және ыстыққа төзімді, көбіне өздігінен тозаңданатын қасиеті, дихандардан көп күтімді талап етпейді. Суыққа төзімсіз болғандықтан ұрығы құнарлы қара және қоңыр топырақта көктем шыға себіледі. Алдымен оның сыпыртқы тәріздес басының ең ұшында тұрған дәндері, содан кейін төмендегілері пісе бастайды. Тіпті, емдік қасиеті де молшылық. Ұзақ аурудан әлсіреген науқастың денсаулығын ашыған көжемен көтерген. Бауырдың, бүйректің жұмысын жақсартып, терлетуге әсер етеді. Қыздырған тары ісікті басып, тіс ауырғанды тоқтатады. Ерте заманнан тарының емдік қасиетін білген емшілер бауырға таптырмас ем деп білген. Тары көже әрі сусын, әрі тамақ. «Боза да боза, боза екен-ау, боза бір шөптің басы екен-ау...» деп әндетіп жүрген жұрттың сүйікті сусыны--боза ашытылады.
Қытай қазақтарында мынадай бір тағам үнемі дастарханға қойылады. Дайындалу барысы бір шыны тарыны тазалап жуып, екі шыны сүт құйып сырлы ыдыста баяу отта қайнатады. Сүт суалайын деген кезде оттан алып, ыдыс бетін жауып біраз бұқтырады. Сосын 2-3 минуттан соң тәрелкеге салып, үстіне сиыр сүтінің қаймағын салады екен. Ауылдағы жеңгейлер бұл тағамға түсіне қарай «Алтын-күміс» деп ат қойып та үлгеріпті. Жұртшылықтың сүйікті асына айналған өнімді күнестіктер Қытай нарығынан асырып, Қазақстанға да экспорттап отыр. Шыңжаңдағы Қорғас, Дулаты, Достық кеден бекеті арқылы Орта Азия елдеріне жөнелтуде. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың азаматтарына еңбек жолын көрсеткен Нұрболдың зауыты тары ұнынан күлше пісірумен де айналысуда. Күнес ауданына қарасты Аралтөбе қалашығы «Жақсылық» отбасылық тары өңдеу зауыты да 10-нан астам ауыл әйелдерін күлше пісіру ісіне баулып отыр. Қызарып піскен күлшенің басым бөлігі аудандағы ірі сауда орталықтарында әр келісі 50-60 юаньнан (1300-1500 теңге) сатылуда. Бір ғана шаруа қожалықтың тары өнімін шетелге саудалаудан түскен қаржысы 2 миллион юаньнан (5 миллион теңге) асып түскен.
Талқанның пайдасы көл-көсір
Ұлттық тағамымыздың пайдасын шетелдерде кәдеге жарата бастады. Осыдан біраз бұрын Ресейдің бір жарнамалық бағдарламасынан «Ыстық су құй да, жей бер. Сүтке пісір де балаға бер», – деген мәтінді байқап қалдық. Анығында, өзімізге меншіктеп жүрген өнімнің орманды орыста түр-түрі өндіріледі екен. Мәселен, Башқұртстанның ғалымдары сұлы тал-қанының технологиясын әлдеқашан әзірлеп тастаған. «Құнарлы дәм» деп атайтын бұл тағамның жарнамасы ең алдымен емділігімен байланыстырылады. Кеңестік кезеңнің аса қысылтаяң жылдары талқаннан мезі болған жұрттың бір жапырақ ақ нанға зар болғанын үлкендері үнемі ауызға алатын. Алайда, бүгінде халық сол тағамның құнарлылығын сезініп, бұл өнімді асмәзіріне қоса бастады. Шымкенттің базарында қазір талқанның келісі – 500 теңгенің айналасында сатылып жатыр. Ораза кезінде баға тіпті аспандап кетеді. Таза дәнді дақылдардан дайындалатын талқан бүгінге дейін қазақтың дастарханынан кете қойған жоқ. Жалпы, көшпелілер азық еткен тамақ түрлерінің қайсысы болса да құ-нарлылығымен, дәмділігімен таңғалдырады. Елімізде талқанды өндіруді Қостанай облысы Жітіқара қаласындағы «National Food Company Kazakhstan» ЖШС қолға алыпты. Үстіміздегі жылдың басынан бері кәсіпорын тұрғындарға бидайдан дайындаған талқан өнімін ұсынып келеді екен.
Айта кетерлігі жергілікті кәсіпорын тары-талқан мәнерлеуді сол бая-ғы апа-әжелеріміз жасаған технологиямен өндіруді жөн санапты. Кәсіпорын көшпелілер күшінің қайнары саналатын талқанның күніне бір тоннасын өндіреді. Олар айына 20 тоннаға дейін осы экологиялық сапалы өнімді тұтынушыға ұсына алады. Алдағы уақытта өндіріс орны талқанды тек бидайдан ғана емес, дәнді дақылдардың өзге түрлерінен де дайындауды ойластырып отыр. Осыдан біраз бұрын қостанайлық бір топ кәсіпкер ұлттық тағамымыз – талқан туралы дабыл қағып, Елбасына ашық хат жолдады. «Ұлттық тағамымыз ұмытылып барады» деген кәсіпкерлер талқанды күнделікті тұтынатын азық-түлік тізіміне енгізіп, балабақша мен әскерде ас мәзіріне қосуды сұрапты. Талқан тек құнарлы тағам ғана емес, емдік қасиеті мол азық. Медицина мамандарының айтуынша, күніне 200 грамм талқан жеген кісі қан аздығы ауруынан құлан-таза айығады екен. Ертеде ата-бабаларымыз талқанды сусамыр дертін емдеуге пайдаланған. Тіпті, алыс сапарға шығарда ала қабына талқан салып, ұзақ сапарда қаужал еткен екен. Жалпы, ежелден-ақ, ұлттық тағамдар қатарында талқанның орны ерекше болған. Оны сәбиден бастап қарт кісілерге дейін сүйсініп жеген. Талқан күш-қуат берумен қатар, қартаю үдерісін баяулатады дейді сала мамандары.
Электрлі келі-келсап ойлап тапты
Ғылым мен техниканың үздіксіз дамуы адамдарды бәсекеге қабілетті ете түсетіні бар. Күнестегі тары өндірісін естіген Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданы Арал ауылы Дөргін қыстағындағы Ерзат отбасына жуырда қос қуаныш ұялады. Оның ұлы Мырзахан тары түюге арналған электрлі келі-келсап, қызы Парасат электрлі қар күрегіш жасауды ойлап тауып, Қытай мемлекеттік білім құқығы мекемесі тарапынан патенттеліп, арнайы патент куәлігі берілді. Өрендердің мемлекет тарапынан жаңаша қолданылмалы техникаларға берілетін патент құқығына қол жеткізуі олардың жарқын болашағын аңғартады.
Мырзахан үйде анасының әр жылы дәнді дақылдарды түйген кезде белі ауырып, шаршайтынын, уақыттың көп жұмсалатынын, дақылдардың да жан-жаққа шашылып зая болатынын, өнімділігінің де төмен екенін көреді. Бұл жұмыстан анасының қолын босату және көп адамдардың құрылымы қарапайым, қолдануға оңай келі-келсапты пайдалануына мүмкіндік туғызу үшін ол жаңаша электрлі келі-келсап ойлап тапты. Ол бүгінде Арал ауылына қарасты «Жатақты» мектебінің 8-сыныбында оқиды. Мырзаханның әпкесі Парасат Шіңгіл аудандық орта мектептің 11-сыныбында білім алады. Ол да бауыры секілді «тапқыр бала». Қыс мезгіліндегі қақаған аязда адамдардың машақатпен қар күрейтіндігін көрген ол электрлі қар күрегіш жасап шығуға бел буған. Әрі оны жасап шыққан.
Түйін сөз:
Ас мәзірінде не бар, не жоқ екендігін осы бастан түгендеген абзал. Себебі, күні ертең біз қазақтікі деп жүрген өнімнің бұйдасын өзгелер ұстап ала жөнелмесіне кім кепіл? Ащы да болса шындық, біз әлі тары-талқанның өндірісін ұршықтай иіре ала алмай отырмыз. Себебі, ата-бабамыздан қалған осы ұлттық тағамды әліде болса көршіден алып жатырмыз. Иә, тек тары-талқан ғана емес, қазақтың қаншама құнарлы өнімдері ауылдағы әже мен жеңгейлердің санасында сарғайып, тасада қалып қоюда. Осы орайда шеттегі ағайынның тарыдан табыс тауып, оны брендке айналдырған табысты ісі көңілге қуаныш ұялатады. Қалай дегенмен де Ресейдің "Доширагы" мен Қытайдың, Кәрістің «лапшасынан» тез дайындалатын, тойымды да сіңімді, исі бұрқырап тұратын сап-сары тары мен сары майға иленген талқаны көш артық емес пе???