Тендердегі теңсіздікті кәсіпкерлер реттей ала ма?
Тендер айналасындағы түйткілді кәсіпкерлердің өзі араласып, тарқататын күн алыс емес. Aпта басында Ұлттық палата өкілдері өңірлік жерлердегі тура осы заңсыздықтың белең алуын зерттей келе, тендерлік комиссияда өзара ауыз-жаласқан шенеуніктер ғана тұрақты мүше екенін айқындапты. Енді Палата өкілдері заңгерлерінің өтініші бойынша, тиісті заңға өзгеріс енгізіліпті. Бұдан былай, комиссия мүшесінің 50 пайызы тек қана кәсіпкерлерден жасақталатын болды.
Кәсіпкерлер бай-бағландардың еншісіндей болып кеткен бизнестің ерекше түрі – мемлекеттік сатып алулар төңірегінде қордаланып жатқанын айтады. Себебі соңғы бірер жылда кім байыса – сол тендердің айналасындағылар байып, кім қамалса – сол тендердің кесірінен қамалып жатыр. Орта немесе ірі бизнесмендер былай тұрсын, облыс әкімдері мен Премьер-министрге дейін осы тендерден «мұқалып» жатқан жайы бар.
Біз осы мақаланы жазу барысында «Откат» деген сөздің елге түсінікті қазақша баламасын таба алмадық. Үлкен ағалардың айтуынша, бүгінде сол «откат» тендер бағасының 10-15 пайызын құрайды, тіпті кейбір тұстары 30 пайызға дейін шарықтап кететін көрінеді. Әрине, біздің айтып отырғанымыз бұл «үлкен бизнестің» атүсті қарағандағы қарапайым көрінісі ғана. Өткен жылы шілденің 19-ы күні электрондық коммерция орталығы елде алаяқтық жасау арқылы тендер ұтып алмақ болған мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың «қара тізімі» жасалғанын хабарлады. Ақпарат бойынша, 2013 жылы шілдеге дейін «қара тізімдегі» кәсіпкерлер саны 4408 жеткен. Олардың ең көбі – Астанада тіркеліпті. Мұндай қатысушылар алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін байқауларға өтініш бере алмайды. Бірақ мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлықпен күрес тек «алаяқ кәсіпкерлерді» ғана қамтымайды. Ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылдың ішінде осы саладағы жемқорлыққа қатысты айыпталып сотталған жоғары лауазымды шенеуніктердің ғана саны 320-ға жеткен. 2014 жылы кәсіпкерлерді қолдау үшін, олардың қызметтерін тексеруге мораторий жарияланды. Ал 2015 жылдың басында мораторийдің мерзімі бітіп, «кәсіпкерлердің ақшасын жымқыруға жалаңдап отырған құзырлы органдар қайта- лап бермей ме???» деген күдік бой көтере бастаған кезде, Ұлттық палата төрағасы Нұржан Әлтаев мырза 2014 жылы «Кәсіпкерлердің жағдайын түбегейлі жақсарту жөнінде» жаңа Заң қабылданғанын, жаңа заңның тәртібі бойынша, ешқашан заң бұзбаған кәсіпкерлер тиісті орындар тарапынан тексерілмейтінін айтты. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы тарапынан беріліп отырған мүндай уәденің аяқасты болып қалмайтындығына кәсіпкерлер өзі бас-көз болады, бұрын орын алып, тұсау болып келген жөнсіздіктерге жол берілмейтіндігіне Ұлттық палата комиссияның мүшесі болып табылатын кәсіпкерлердің өзі кепілдік беріп отыр. Мысалы, жеке кәсіпкер Аян Темірәлі 50 пайыздық өлшем деген ұстанымның өзінде басын ашып, айқындап алатын тұстың аз емес екенін айтады. Себебі нарықта енді ғана жұмысын бастап келе жатқан бар да, нарықтан ойып орын алып, жал құйрығын әлдеқашан түгелдеп алғандар да бар. Соңғылары, атап айтқанда жал-құйрығын түгендеп алған кәсіпкерлер шын мәнісінде тендердің қаржысына тәуелді емес. Анау-мынау тірлікті бастауға жарғылық қоры да жетеді. Бұл тұста назар аударарлық мәселе 50 пайыз деген ұғыммен шектеліп қалмай, оның біліктілігіне, кәсібилігіне баса көңіл бөлу. Мысалы, құрылыс саласына дәрігер немесе медицина саласына құрылысшы араласа алмайды. «Сол себепті жоғарыда айтып өткен 50 пайыздың жылдар бойы жайлы орынға жайғасып, тамырланып алуына мүмкіндік бермей, үнемі жаңарып отыруына көңіл бөлу керек» дейді кәсіпкер Аян Темірәлі.
– Тендер мәселесінде түйткілдер көп. Сондықтан облыс әкімдері соңғы кезде бұл мәселені өз жауапкершілігіне алуды жөн көрмейтіндей ыңғай танытып жүр. Сол себепті мемлекеттік комиссия құрамы тек кәсіби мамандардан тұруы керек, оның құрамы үнемі жаңарып тұруы керек деген ұсынысты мен де қолдаймын, – дейді сенатор Қуаныш Айтаханов.
Ал экономист-сарапшы Тоқтар Есіркепов алпауыт, дамыған елдердің өзі тендерден туындайтын түйткілдерді түгел шешкен жоқ. Бұл – біздің ғана емес, дамыған елдер үшін де № 1 проблема. Себебі бұл жерде мемлекеттік мүдде мен жекенің мүддесі теке-тіреске түсетін орта. Сол себепті, Ұлттық Палатаның тендер комиссиясының 50 пайызын кәсіпкерлерден тұрсын деген шешімінің өзін үлкен жеңіс деп бағалауға болады екен.
– Мұндай жағдай тендер мәселесінде мемлекеттің де, жеке меншіктің де монополияланып алуына жол бермейді. Осыған дейінгі бар түйткіл тендердің монополияланып алғаны еді, – дейді Тоқтар Есіркепов.