Тендерді жеңген компания құрылысты неге өзі жүргізбейді?
Құрылыс компанияларының кәсіби біліктілігінің төмендігі мен өз ісіне салақтығы салдарынан елімізде сапасыз үйлер көбеюде. Тіпті кейбірі салынып біте сала тұруға жарамсыз деп табылып жатыр. Қызылжар қаласында осындай тоғыз қабатты екі баспананың жыры бітер емес. Құқық қорғаушылар да тексерістен әбден шаршағанын айтады, ал құрылысы аяқталып, бірақ пайдалануға берілмеген үйлерге ұры түсе бастапты.
Елімізде құрылыс қарқынды жүріп жатқаны қуантады, алайда сан көп болғанымен, сапа нашар. Қызылжар қаласында салынған қос бірдей тоғыз қабатты үйде жүргізілген тексеріс нәтижесіне қарап, жобалық-сметалық құжаттар мен нақты атқарылған іс арасындағы алшақтықты анық аңғарамыз. Мысалы, 90 пәтерлі үйде 19 064 083 теңгенің жұмысы атқарылмағаны анықталған, ал 120 пәтерлік екінші баспанада 44 024 239 теңгенің ауытқушылығы анықталған. Құрылыс компаниясы бұл ақша қайда жұмсалғанын дәлелдеп бере алмапты.
Ал осы екі баспананы салу кезінде жоба және құрылыс нормалары да өрескел бұзылған. Осының зардабын талай жыл баспана кезегінде тұрып, қолы әзер жеткен ағайын көріп отыр. Апатты үй тұрғындарының арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар екен. Сұрапыл соғыс жылдары жаудың оғынан аман қалған ақсақал үй құлап, үйіндінің астында қалам ба деп қорқып отыр.
Әшім ШАМҒҰНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Ұзақ жыл үй кезегінде тұрып алған баспанамыз – осы. Ардагер деп құрметтеп маған берген үй ғой. Алайда жаңасы не керек, крандардан, құбырдан да су ақты. Унитаздан су кете берді. Түгел айырбастадық. Есікке дейін айырбастадық. Өз қаржымызға біраз жөндедік. Ақша көп кетті.
Сапасыз құрылыс тұрғындарды әбден мезі қылған. Қабырғалар мен төбе жарылып, сылақ қопарылып түсіп жатыр. Шеткі пәтерлердің қабырғасын көк басқан. Олардың сөзіне қарағанда, жеделсаты да апаттық жағдайда тұр екен.
Кәрім ТӨКЕНОВ, мүгедек:
– Өзім мүгедекпін. Жеделсаты істен шыққан соң, далаға кіріп-шыға алмай қалдым. Міне бүгін далаға шықпағаныма бір ай болыпты. Енді жеделсатыны істегенде ғана шығамын. Оны өзіміз ақша жинап жөндейміз, алайда қайтадан істемей қалады. Қазір апаттық жағдайда тұр.
Бұған дейін жасалған сараптама нәтижесінде 90 пәтерлік үй тұруға жарамды деп танылып, ол пайдалануға берілген болатын. Алайда осыдан бір жыл бұрын кенеттен қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлардың айтуынша, іс қазір уақытша тоқтатылыпты, қос нысанда қосымша сот құрылыс-экономикалық сараптама жасалмақшы екен. Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Қарағанды қаласынан арнайы мамандар шақыртылып отыр.
Ал 120 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталғанымен, пайдалануға беруге рұқсат жоқ. Сондықтан қараусыз қалған нысан ұрылардың оңай олжасына айналған сыңайлы. Көрші үйдің тұрғындары белгісіз біреулер құрылыс материалдарын тасып әкетіп жатқандығын айтады. Қос нысанның құрылысына 900 миллион теңге жұмсалған.
Владислав ВАЦКОВСКИЙ, Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының аға прокуроры:
– Бұл – ірі нысандар. Сондықтан оларды зерттеуге уақыт көп кетеді. Жуырда үшінші рет сараптама жасау жөніндегі шешім қабылданды. Сондықтан қылмыстық іс уақытша тоқтатылды. Сараптама нәтижесі белгілі болған соң іс қайта қаралып, айыптылар жазаланатын болады. Тұрғын үйлерге қатысты да нақты бір шешім сол кезде шығарылады.
Бір ескеретін жайт, 90 пәтерлі үйді арнайы комиссия тексеріп барып қабылдап алған. Алайда қолдарын қойған комиссия мүшелері ай қарап, жұлдыз санап жүрген бе дейсің? Тіпті құрылысқа жауапты бас мердігер мен тапсырыс беруші әкімдіктің ым-жымы бір болуы да мүмкін.
Ал, негізінен, Қазақстанға кәсіби құрылыс компаниялары қажет-ақ. Бүгінде олардың саны аз, әсіресе аймақтарда ахуал нашар. Тендерді жеңіп алған құрылыс компаниясы баспананы түгел өзі тұрғызып шығатын жағдай өте сирек. Бас мердігер бюджеттен бөлінген ақшаның белгілі бір бөлігін қалтасына басып, қалғанын басқа мердігерге тапсырады. Ол да өз үлесін алады, ал ақырында құрылысқа арзан материалдар пайдаланылып, сапасы сын көтермей жатады. Сондықтан тендерді арнайы техникасы, білікті маманы бар компанияларға беріп және құрылысты анаған-мынаған итере салмай, өзі ғана аяқтауын заңмен міндеттеу керек сияқты. Әйтпеген жағдайда миллиондаған қаржы көрінген көк аттының қалтасында кетіп жатыр, ал құрылысы аяқталған жаңа үйлердің өзі құлап қалуда.