Теңге девальвациясы: неден ұтамыз, неден ұтыламыз?

Теңге девальвациясы: неден ұтамыз, неден ұтыламыз?

Еліміздің Ұлттық банкі 11-ші ақпаннан яғни бүгіннен бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, ұлттық валютамыздың айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тартты. Осылайша Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мырза, бұдан әрі теңгенің құнын ұстап тұра алмайтынын, долларды еркін айналымға жіберуге тура келіп тұрғанын  амалсыз мойындады.  Сөйтіп, бір доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 185 теңге болатыны мәлім болды. Айта кету керек, бұл жерде біздің астын сыза амалсыз деуімізде негіз бар. Себебі бұған дейін Келімбетов мырза бұқараның алдында ұлттық валютамыздың құны түспейтінін, доллардың қымбаттамайтынын, оған ешқандай алғышарттардың жоқ екенін бірнеше мәрте мәлімдеп келген-ді. 
Тек Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов 6-шы ақпан күні Женевада «Graduate Institute» беделді мамандарының алдында: АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі долларға қатысты бағаны ақша көлемімен ұстап тұру саясатынан бас тартқанын, мұның салдары халықаралық валютаның қымбаттауына әкелетінін, дамушы елдерде белең алған дүрлігу бекер емес екенін құлаққағыс жасаған болатын.  Осы тұста еліміздің бас банкирі «бірқатар елдердің төл валютасы әлсіреп, жаппай девальвация болады» деген ойын да жасырмаған.
Әрине, бас банкирдің бұл сөзінен кейін-ақ еліміздің бірқатар сарапшылары, «осы ақпан айында-ақ біз жаппай девальвацияға куә боламыз. Ресей экономикасындағы проблемалар - дамушы елдердің нарығына ортақ мәселе» деген еді.  Расымен де іле-шала бес күн өтпей жатып-ақ доллардың бағамы аспандап, төл валютамыз теңге девальвацияға ұшырады. Ал енді мұның пайдасы мен зияны не? Бұқара неден ұтылады?  Алаш айнасы мұны сараптап көруді жөн көрді.
Қор биржасынан банктер асып түсті
Жалпы, «теңге құнсызданды» дегеннен  елдегі екінші деңгейлі банктер мүмкіндікті құр жіберіп алмау тетігін қарастырды. Ертеңгісін Ұлттық банк доллардың теңгеге шаққандағы нақты бағамын ресми жарияламай жатып-ақ «Алянс»  банк, 1 доллардың сатып алу құнын 155,5 теңгеге; ал сату құнын 216 теңгеге бірақ аспандатты. Сол тәрізді «БанкЦентрКредит» бір долларды сату құнын 187 теңге десе, сатып алу құнын 189 теңге деп белгіледі. «БТА» банк бұл кестені  180-де; 195 теңге деп есептесе, «ТемірБанк» долларды сату құнын 155,6 теңге; ал сатып алу құнын 195 теңге деп бірақ көтерді. Осыған байланысты көптеген банктерде айырбастау операциялары да уақытша тоқтатылды, Ұлттық банктің халыққа уақытылы ақпарат беріп отыруы тиіс сайты «жұмыс істемей» қалды. Ал бұл сәтте  еліміздің қор биржасындағы таңертеңгі сауда-саттық бойынша доллардың бағамы 8,3 теңгеге ғана көтеріліп, 163,9 теңгені құрап тұрған болатын.  Сонда екінші деңгейлі банктер неге арбаның алдына түсті?  Неліктен олар Ұлттық банктің ресми мәлімдемесін күтпестен долларды өздері бірінші еркін айналымға түсірді?
Жұмаділда БАЯХМЕТОВ, экономист-ғалым:
- Рас, Ұлттық банк ресми мәлімдеме жасамай тұрып-ақ, екінші деңгейлі банктер валюта бағамдарын өзгертіп шалт әрекет етті. Әрине, бұл еліміздегі банктердің жағдайды өз ұпайларына пайдаланып қалғысы келетіндіктерін айқындай түседі. Негізінде, доллардың сату бағамы мен сатылу бағамының арасындағы айырмашылық заң бойынша 3 теңгенің көлемінде ғана болуы керек. Ал бұл деңгейді көпшілік банктер сақтамады. Тіпті бірқатар екінші деңгейлі банктер бір доллардың сату құнын 216 теңгеге дейін өсіріп жіберді. Мұндай келеңсіздіктің орын алуының бірден бір себебі  екінші деңгейлі банктердің заңға мойынұсына бермейтінін тағы бір айшықтап отыр. Қайталап айтамын, заң бойынша сату құны мен сатып алу құнының арасындағы айырмашылық 3 теңгеден әрі аспауы керек. Ал бізде айырмашылық 61 теңгеге (!) дейін жетті. Мұндайды аяқсыз қалдырмау керек. Екінші деңгейлі банктер өз түсіндірмелерін беруі тиіс. Өркениетті елдердің денінде халықтың сауаттылығынан ба, бұл мәселе бұқараға алдын-ала айтылады. Құлақтандыру болады. Ал сарапшылар тарапынан бірнеше мәрте айтылса да, халыққа  тиісті орындардан қажетті мәлімет жеткілікті болмады. Сондықтан бұл арада халыққа ақпаратты толық жеткізе алмау мәселесі де сөз болуы керек.
Міне, теңге девальвациясы турасында мамандардың алдымен айтар ойы осы. Олардың пайымдауынша, «біздегі екінші деңгейлі банктердің бас пайдасын ғана ойлайтын пиғылы осы арада нақты көрінді».
Құнсыздану күзден басталған
Жалпы, отандық экономист-сарапшылар «ұлттық валютамыздың құнсыздануы қоңыр күзден басталған» деседі.  Сарапшылар «сол уақыттан бері бұқараны еш жасырмастан құлақтандырғанымызда ешкім абдырап қалмайтын еді» дегенді алға тартуда. Бұл ретте экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлы:
– Біздің Үкімет осы уақытқа дейін теңгені тежеп ұстағысы келді. Бірақ былтырғы күзден бастап ұлттық теңгеміз өз құнын жоғалтып алды да біртіндеп, баяу құнсыздана бастады. Теңгенің күрт құнсызданбай, баяу құнсыздануы тіптен қауіпті. Логикалық түрде ойлағанның өзінде баяу құнсызданудың арты  құлдырауға апарады. Теңгенің құнсыздануы нарық қажеттілігінен туындап отыр. Оны тежеп ұстап тұру алдағы уақытта Келімбетовтің де басқаның да  қолынан келмес еді. Себебі АҚШ Федералды резервтік жүйесі долларға қатысты бағаны ақша көлемімен ұстап тұру саясатынан бас тартты. Нарық заңдылығына сай мұндай сәтте біраз елдердің ұлттық валютасы құнсызданды. Сондықтан алдағы уақытта Үкіметтің біраз жайттарға бас ауыртатыны сөзсіз,- дейді.
Дегенмен, мамандардың пайымдауынша, бұл девальвацияның да ұтымды тұстары баршылық.
Пайдасы...
Негізінен, девалвацияға қатысты біз тілдескен  мамандардың байыптауынша, біз девальвациядан мынадай пайда көремекпіз: а) Біріншіден, теңге девальвациясы қаржы жүйесінің беріктігіне оң ықпалын бермек.  Мысалы, біз осы уақытқа дейін теңгенің тұрақтылығын сақтап тұру мақсатында Ұлттық банктің алтын-валютасын көп мөлшерде жұмсап келдік. Өкінішке қарай, «елдегі инфрақұрылымды дамытады, экономикамызды өркендетеді» деп сақталған сол қаржы дағдарыстың құлқынында да, қаржыны игере алмаудың да себептерінде оңды-солды  кетіп жатты. Міне, теңгені еркіне жіберсек, біз ең алдымен  алтын-валютадағы ақшаны сақтап қала аламыз. 
ә) Екіншіден, теңгенің құнсыздануы Қазақстан тауарларының әлемдік рыноктағы бағасына оң әсер етпек. Теңге девальвациясы доллардың қымбаттап, теңгенің арзандауына апарып соғады. Ал әлемдік нарықтағы тауар бағасы доллармен бағаланады. Демек, әлемдік рынокта Қазақстан тауарларының бағасы да қымбаттайды деген сөз.  Бұл жерде осы үрдісті ұтымды пайдалана білген тауарды экспорттаушылар ұтады, – дейді экономист-ғалымдар. 
б) Үшіншіден, теңгенің құнсыздануы банктен теңгемен несие алғандарға пайдасын тигізбек. Егер Қазақстандағы банктер жанынан құрылған коллекторлық орталықтардың есебіне жүгінсек, бүгінде қазақстандықтардың үштен бірі несиені теңгемен алған. Ал теңге құнсызданған жағдайда банктер пайыздық көрсеткіштерін өсірмей, сол қалпында қалдыратын болса теңгенің құны арзандайтын болғандықтан,  теңгемен несие алғандар ұтады.
Міне, теңге девальвациясының басты-басты пайдасы осы үш секторға ықпал етпек. Десек те  зияны қандай? Девалвациядан халықтың ұтылатын тұсы не? Енді осыны тізбелеп көрсек...
Зияны...
а) Бірінші, теңгенің құнсыздануы сыртқы қарыздың қайтарылуына зиянын тигізеді.
Қазақстан банктерінің дені  сыртқы қарызды доллармен алған. Ал теңге девальвациясы доллардың құнын арттырмақ. Теңгенің құнсызданып, доллар құнының артуы сыртқа қарызы көп банктерге өзіндік салқынын тигізеді.  Бұл сырттан доллармен алған қарыздың өсімін көбейтеді. Девальвация банктердiң сыртқы мiндеттемелерiн орындауды да қиындатып жiбередi. Сондықтан әрине, бұл жерде банктер халыққа беретін несиенің пайызын өзінен өзі өсіруі мүмкін. Мұндай жағдайда банктен теңгемен несие алғандарда ұтылып сала береді.
ә) Екінші ретте теңгенің девальвациясы теңгелік депозиттерге кері ықпал етеді.
«Қазір қарапайым халықтың басым бөлігі депозиттерге қаржысын теңгемен жинақтап отыр. Ал теңге құнсызданған жағдайда теңгелік депозиттердің де құны түседі. Қысқасы, халықтың теңгемен жинаған ақшасы құнсызданады» дейді сарапшылар.
б) Үшінші кезекте доллармен несие алғандар үлкен шығынға ұшырайды. Бізде банктен несие алушылардың біразы қарызды АҚШ долларымен алған. Оларға тұрақты теңге бағамы керек. Долларға деген сұраныс өсетіндіктен, отандық экономистер теңге девальвациясы доллармен несие алғандарды шығынға белшеден батыратынын жасырмауымыз қажеттігін алға тартады.
в) Төртіншіден, теңге девальвациясы валюталар базарына да кері әсерін тигізбек. Мемлекетаралық келісім, сауда-саттық қарым-қатынастардың дені валюталар құндылығына байланысты жүретіндіктен ұлттық теңгеміздің құнсыздануы валюталар базарына да кері ықпал етеді. Мысалы, өзге елдердің ұлттық валютасының құны артып, теңгенің құны төмендейтін болса, біз нарықтық экономикамыздың осалдығын танытып қоямыз. Сондықтан теңге сауда-саттық жүргізу үшін, уақытында төлем жасау үшін басқа мемлекеттердің қазіргі айналымда жүрген валютасымен  сәйкес келуі керек.
Жалпы, бірде құлдырау, бірде өсім беру  нарықтық экономикаға бейімделген құбылыстар десек те, теңге девальвациясы халықты алаңдатып отырған жайы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Ұлттық банктің  мамандарының  «теңге құнсызданбайды, оған ешқандай себеп жоқ, алғышарттар қарастырылған» дегені нақ бүгін жоққа шықты. Халыққа берілетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы, зейнетақы, жалақы биылдыққа өспейтініне, әйтсе де теңгенің құнсызданып кеткеніне алаңдаған халық  ертеңгі күнін ойлап уайымға салынуда. Ешбір тараптан алдын-ала құлақтанбаған халық  «теңгеміздің «сабан ақшаға» айналмасына сонда кім кепілдік бере алады» деп дал болуда.   Ал сарапшылар әзірге доллардың күшейіп, теңгенің әлсіреуі өз күшінде болатынын, тек сәуір айының соңына таман ғана бір доллардың бағамы 6-7 теңгеге төмен түсетінін айтып жорамал жасауда.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста