Тезектен де теңге жасауға болады
Ақтөбе облысындағы Шілікті ауылының тұрғыны тезектен биогаз өндіріп, ел кәдесіне жарайтын жаңалық ашты. Кәдімгі төрт түліктің қиынан метан газын алу үшін көп еңбектенгенін айтады шіліктілік шебер. Жобасын жүзеге асырмақ болып жұртқа айта бастағанда жан баласынан қолдау таппапты. Бүгінгі таңда ауыл әкіміне дейін қызығушылық танытып отырған жаңа кәсіпті құзырлы орындар қолдап жатса, көгілдір отынға қолдары жетпей отырған ауыл тұрғындары да биогаздың игілігін көретін болады.
Дәулетхан ШОЙТАНОВ, Шілікті ауылының тұрғыны:
– Ойыма келген жобаны жетілдіру үшін интернет көмегіне жүгіндім. Оқулықтарды пайдаландым. Екі жылдай білімге жұмсаған уақытым текке кеткен жоқ. Қидан метан газын өндіруге болады дегенде, ешкім сенбеген еді. Келемеж қылғандары да болды. Қазір ас-суымызды осы газбен әзірлеп отырмыз. Ешкімге ақша төлеп қажеті жоқ.
Биогаз өндірудің технологиясы тым қарапайым. Қалыңдығы 4 миллиметрлік темір ыдыс болса жетіп жатыр. Ыдыстың неғұрлым үлкен болғаны газдың мол бөлінуіне мүмкіндік береді. Тезек толтырылған ыдыстың үстіне батып тұратындай етіп құйылған суды арнайы қалақшамен араластырып тұрады екен. Тезек араласқан сайын иіні қанып, ақыры газ жиналады. Негізі, түйе мен жылқының тезектерінен газ тез бөлінеді екен.
Биологиялық газ алу үшін мал қиынан өзге шіритін заттардың барлығын пайдалануға болады. Бұл – бір жағынан, қоқыс қалдықтарынан арылудың тиімді тәсілі. Қыс бойы үйді жылытып шығу үшін үлкен бір бөшкенің жартысын тезекпен толтырса жетіп жатыр. Ал жиналған газдың қысымы арнайы құрылғымен өлшеніп отырады.
Шіліктінің қос ісмеріне қолқа салып келушілер қарасы көбейіп келеді. Ауыл әкімі де қызығып жүргенін жасырмайды. Тіпті бір үй ғана емес, бүкіл ауыл биогазды пайдаланса екен деп арнайы резервуар тауып қойыпты.
Құрышбек ҚАЗЫБЕКОВ, Кішіқұм ауылдық аймағының әкімі:
– Жасыратыны жоқ, басында өзім де немқұрайлы қарап едім. Бірақ бұл іске қосылып, мұны пайдаланып отырғанын көргеннен кейін қызығушылық пайда болды. Енді Дәулетханға айтып отырмын, мұны жалғыз сен пайдаланба, жұрттың бәрі резервуар толтырып, жеке-жеке істей алмайды. Сондықтан бүкіл ауылды газбен қамтамамыз ететіндей жағдай жасайық деп.
Дәл қазір Шілікті тұрғындары жабылып жобалаушы іздеп жатыр. Ауылды жаппай газбен қамту үшін министрліктен бастап түрлі құзырлы органдарға дейін хат жолдапты. Өкініштісі, әзірге оларды қолдап жатқан жан баласы көрінбейді.