Туризмді табыс көзіне қалай айналдырамыз?
Кезінде Асан қайғы бабамыздың назарына ілініп, тамсандырған қазақ жері бүгінде таңғажайып табиғатымен біраз елдердің көз жауын алып отыр. Қазір өзге елдердегі атыс-шабыстан, табиғаттың тосын мінезінен шетел асып қызық қууды сиретіп жатқандардың көбісі ат басын Қазақстанның Алакөлі мен Көкшенің көрікті Бурабайына бұра бастады. Бүгінде елімізге қонақтап келген туристердің қайсыбірі Тайланд пен Анадолының мәрмәр жағалауларынан бастартып қазақ еліне арнайы келгендерін ағынан жарыла алға тартады. Ал біз ше? Біз сол туристердің жайлы демалуына жағдай жасай алып отырмыз ба? Жалпы, Қазақстанның туризм индустриясының болашағы қандай болмақ? Енді осы жағын сарапқа салып көрсек...
Сөз басы...
Негізінде, соңғы үш жылдың көлемінде біздің Үкімет туризмге тереңінен мән беретін толағай бағдарламаларды қабылдап тастады. Ол бағдарламалардың негізгі ұстанған бағыты:
• Туризмді мұнайдан кейінгі табыс көзіне айналдыру;
• Еліміздегі көрікті мекендерді шетелдіктерге жарнамалау арқылы ұпайды түгендеу.
• Әлемге әйгілі Си-Эн-Эн, Би-Би-Си және басқа да ақпарат таратушы алпауыт компаниялармен табиғаты көркем аймақтарды жарнамалау туралы келісімшарт жасасу;
• Отандық туризм саласына шетелден инвестиция тарту;
Міне, біз қазақстандық туризмнің бет-бедерін осылай қалыптастыруды мақсат тұтып отырмыз. Былай қарағанда, Үкімет үкілеп отырған туризм саласын дамытудың алғышарттары бізде жеткілікті тәрізді. Әйтсе де өзге елдер тәрізді туризмнен шылқыған пайда көріп жатқанымыз шамалы.
Дерек пен дәйек
Егер деректерге сүйенсек, туризм саласына кезінде кеңестік жүйенің аса мән берушілікпен қарағанын байқаймыз. Мәселен, Кеңес өкіметі тұсында Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында 220-ға тарта туристік мекемелер болыпты. Ал республикалық кәсіподақ басқармасына қарасты ірі 20 санаторий жұмыс істеген. «Өкінішке қарай, жекешелендіру кезінде бұл жүйе толығымен құлады. Көптеген демалыс орындары нарық талабына төтеп бере алған жоқ. Қазір Қазақстандағы туристік компаниялар мен шипажайлар саны жүзге де жетпейді» дейді мамандар.
Тағы бір баса назар аударатын жайт – бүгінде өндіріс қалдықтарының сыртқа тасталуынан Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы емдік бұлақ көздері ластанып жатыр. Ал бұл проблеманы шешу мақсатында мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан бағдарламалар легі бірен-саран, тіпті жоқтың қасы. Жалпы, Қазақстанның туризм индустриясы өткен жылы шамамен 11 миллион адамға қызмет көрсетіпті. Соның ішінде Алматыдан шетелге 58 мың адам барса, келгендерінің ұзын-саны 42 мыңды құрайды. Дерек көздері өткен жылы Қазақстаннан Ыстықкөлге демалушылар аз болғанын, есесіне Бурабайға барушылар көбейгенін айқындайды. Рас, Қазақстанда демалыс орындарына деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Ал енді осы сұранысты үстемелеп, туризмді табыс көзіне қалай айналдыруға болады?
Мәселенің астары...
Бір ескеретіні туризм мәселесін шешуде еліміздің Спорт және Туризм министрі Темірхан Досмұханбетов соңғы кездері туризм индустриясы мен туризм инфрақұрылымы қатар дамып келе жатқанын айтудан жалыққан емес. Министрдің айтуынша, биылғы жылы шетелден елімізге келетін туристер саны екі есеге өспек. Сондай-ақ туризмнен қазынаға түскен түсім 2007 жылы 4,5 млрд болса былтыр бұл көрсеткіш 6,5 млрд теңгеге жеткен. Әрине, бұл жақсы нышан. Демек, Үкіметтің «жеті кластердің бірі болады» деп үміттеніп отырған туризм секторының екі аяғынан тік тұруына мүмкіндік бар. Әйтсе де сарапшылардың пікірінше, елімізде туризмді дамытуға тұсау болатын мына жайттар әлі де шешімін таппаған көрінеді. Біріншіден, шетел туристері виза алып, көші-қон органдарында тіркелу үшін көп қиналса, екіншіден, құжаттарды рәсімдейтін білікті мамандар жетіспейді. Инфрақұрылым мен маркетингтің деңгейі де сын көтермейді. Бұл ретте «отандық туристік компаниялар шетелдік инвестицияны игеруге де қабілетсіз» деген пікірлер қалыптасқан. Осы орайда бізге пікірін білдірген «Эко-Қазақстан» туристік компаниясының менеджері Жанар Нұрәлиева:
– Бүгінде туризм саласына шетелден инвестиция құюға Үкімет өзі мүмкіндік беріп отыр. Қазір шетелдік туристік фирмалардың көбісі Іле Алатауының баурайына курорт салуға, Қапшағай мен Шучье-Бурабай аймағына ойын-сауық кешендері мен шипажайлар салуға ықылас білдіріп отыр. Бірақ біздің елде әлі де болса шетелдік менеджерлерді қазақ жеріне жерсіндіретін жобалар легі жоқтың қасы. Сондай-ақ отандық мамандардың біліктілігі де жетіспейді. Туризм саласында жүрген мамандардың 30 пайызы ғана осы сала бойынша арнаулы білім алған. Сондықтан біз туризм индустриясын дамытамыз десек, алдымен маман біліктілігін арттыруымыз керек, – дейді.
Ойсалар:
Пайымдасақ, туризмін тыңайтып, жанға жайлы демалыс орындарын көбейтіп алған елдердің көбісі бүгінде еңсесін тік ұстайды. Өткенде Қазақстанға Малайзия елінен бір топ туризм өкілдері келген-ді. Олар ұшақтан түсе салысымен «біздің еркімізге салса Қазақстанды алты-ақ айдың ішінде жасыл алапқа айналдырар едік» деп таңдай қақты. Осыдан-ақ біз туризмді дамытуда басқа елдерден әлдеқайда кенжелеп жатқанымызды ұғындық. Сол сапарында Малай елінен келген Туризм одағының мүшесі Азиза Азизан журналистермен кездесу кезінде: «сіздер туристік салаға қатысты мамандар дайындауды енді ғана қолға алыпсыздар. Ендеше, бұл саланың пайдасын 2012 жылы ғана көресіздер» деген еді. Қалай десек те «ештен кеш жақсы» деген емес пе? Біз үшін бастысы нақ қазір туризмнің табыс түсірер тетіктерін іске қосу болуы тиіс.