Тығырықтан шығудың жолы – нәтижелі мәміле
Жақында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған баспасөз-туры аясында Маңғыстау облысына, оның ішінде Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қалаларына барудың сәті түсті. Журналистер қауымының алдымен білгісі келгені - өңір экономикасының бүгінгі ахуалы мен 2008 жылдан бері әлсін-әлсін көтеріліп келе жатқан мұнайшылардың наразылықтары, әсіресе биылғы жылдың мамыр айынан бері үзілмеген ереуілдің негізгі себептерін тараптардың өз аузынан есту еді.
Жаңаөзендегі гипноз
Ұзаққа созылған ереуілдің ең басты талабы не, себептері қандай, мәселенің астарында не жатыр, қандай жағдайда компромистерге баруға болады? деген сауалдардың жауабын алаңдағы адамдардың өз аузынан ести алмағанымыз өкінішті. Өйткені алаңға барғанымызда алдымен құжаттарымызды мұқият қарап алған ереуілшілер әрқайсысы жеке сөйлеспейтіндігін, ал бәрінің атынан мәлімдеме жасайтын адамдардың қазір жоқ екенін жеткізді. Тек сөз арасында «орталық телеарналардан келіп, жағдайымызды бүкіл республикаға жеткізсе» деген тілектерін ғана айтып өтті. «Біздің талаптарымыз белгілі, одан қайткен күнде де қайтпаймыз, бәрі толық орындалмай, алаңды тастамаймыз» деп қысқа қайырған ереуілшілермен ашылып сөйлесе алмай қайттық. Бір байқағанымыз – алаңдағылар ереуілге жұмысқа барғандай белгіленіп, арнайы графикпен қатысады екен. Ұйымдастырушылар егер жеңіп шыққан жағдайда осы күндердің бәріне жалақы жазғызбақ ниетте.
Қалай десек те, қанша уақыттан бері шешімі табылмаған ереуіл ұжымдағы қарапайым еңбек кикілжіңінің аясынан кеңіп барады. Өйткені жұмыс берушімен еңбек қайшылығы болған жағдайда ұжымда нақты, басы ашық, анық мәселе көтеріледі де, екі жақтың келіссөздері негізінде ортақ келісім жасалар еді. Ал қазіргі ереуіл бір бағытты, деректерге мойынсынбайтын, диалогты қажет етпейтін, оппонентін тыңдауға құлықсыз ереуіл болып отыр.
Ереуілшілер өз алдына дербес қоғамдық қозғалыс немесе саяси күш болып біріккен жоқ, әлі де болса олар аморфты масса күйінде қалып отыр. Жас бала тәрізді жаутаңдап, кім келсе, соның аузына қарайды. Оны барлық оппозиция өкілдері өз ұпайларын түгендеуге шебер пайдаланып келеді. Оның сыртында еуропалық, ресейлік экстремалды саясат эмиссарлары да қылаң беруде.
«Ереуілдің сырт көзге көрінбейтін қандай да бір өзге де себептері бар ма?» деген сұрағымызға қала әкімінің кеңесшісі «тек қана экономикалық себептер, басқаша астар іздеу қажет емес» деген болатын. Ал «Өзенмұнайгаз» жетекшісі Киікбай Жақыпұлы бір сөзінде: «Ереуілшілер арасында өз таныс-туыстарым да бар. Үйіне сегіз барып, әке-шешесіне айтып жатып бетінен қайтара алмадық. Енді сұрасақ, «не болғанын өзіміз де білмей қалдық, дуалап тастады ма әлде гипноз болды ма...» деп отыр, әйтеуір кімге болса да ел қатты алданып қалды», — дейді.
Заңдық тұрғыдан келсек, осы мәселедегі жұмыс берушінің ұстанымы мен қабылдаған шешімдердің дұрыстығын заң органдары да, ведомствоаралық үкіметтік комиссия, Еңбек инспекциясы да растайды. Ал адами тұрғыдан қарасақ, бас-аяғы көрінбейтін ереуілден шаршаған, табысты жұмыстарынан айырылып қалған қарапайым адамдардың жағдайы да ойланарлық. Тәжірибелі, сауатты, еңбек өтілі мол, өз істерінің маманы болып табылатын, туған жерінің қатаң табиғатымен күресіп жүріп өңір экономикасын арқалап келе жатқан адамдар қазір жұмыссыз. Мүдделер қайшылығы шахматтағы тәрізді «цугцванг» — яғни қарсыласын тиімсіз жүріс жасауға мәжбүрлейтін жағдайға әкеліп отыр.
Мұнай «Өзені» тартылып келе ме?
«Өзен» – 1965 жылы игеріле бастаған кен орны. Жалпы қоры 1 миллиард тоннаны құрағанымен, қолжетімді көлемі 42 пайыз, оның 330 млн тоннасы алынып қойылды. Қалған қорды орташа өндіріс көлеміне бөлсек (жылына 6,3 млн тонна), кен орнының енді 20 жылға жететіндігіне көз жеткізуге болады. Ал Қаражамбас кен орны 1986 жылдан бастап игеріле бастады, мұнай қоры 70 млн тонна, алынған көлемі 50 млн тоннаға жетті, жылына 2 млн тонна мұнай өндіріледі. Бұл кен орнының мүмкіндіктері де азайып келеді. Бұл жөнінде «Өзенмұнайгаз» директоры «инженер ретінде айтсам, мұнда алынатын 150 млн бар, әрі қарай тағы 150 млн тонна барланған қор бар. Тек жаңа технологиялар арқылы соны алуға тырысуымыз керек, ӨМГ болашағы әлі алда деп ойлаймын» деген еді. Әйтсе де «ҚазМұнайГаз» капиталды шығындарды реттеу барысында тереңдігі 5-7 мың метрден асатын тұз асты қабаттарын барлау бағдарламасын қысқартқаны белгілі. Кен орны ескірген сайын одан алынатын өнімнің де өзіндік құны арта түспек. Оған мұнай қабаттарының сулануы мәселесін, өзгелермен салыстырғандағы еңбек өнімділігінің төмендігін қосу керек. Мәселен, ресейлік «Татнефть» және «Башнефть» компанияларында әр мұнайшыға шаққандағы алынатын мұнай көлемі тиісінше 700 және 3,5 мың тоннаны құраса, біздегі орташа көрсеткіш 550 тонна көлемінде. Ал ереуілшілердің талаптарының бірі – жалақыны 600 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі өндіруші компанияларды тұралатып тастайтыны анық.
Егер компания өзіне тартып, кей сандарды артық айтады десек, ресми құжаттарға жүгінейік. Мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Владимир Бобровтың «Еуропалық Одақ – Қазақстан Республикасы» парламентаралық делегациясының төрағасы Паоло Бартолоцциге жолдаған хатында «2008 жылдан бері жұмысшылары ереуілге шыққан кәсіпорындарда жалақы әр жолы 7-26 пайыздан алты рет көтерілді. Компания бойынша орташа жалақы 1500 евроны құрайды, бұл еліміз бойынша орташа жалақы көлемінен үш есе, шахтерлер мен металлургтердің жалақысынан екі есе, ресейлік Орал және Батыс Сібір мұнайшыларының табысынан 1,5 есе артық. Оның сыртында компания әр жұмысшыға жылына 5000 евро көлемінде әлеуметтік пакет ұсынады» деп көрсетеді.
Ал «Барлау-Өндіру» «ҚазМұнайгаз» АҚ Бас директорының орынбасары Асқар Әубәкіров: «Өзенмұнайгаз» өндіріс шыңында 16,8 млн тонна мұнай өндірді, ол кезде қала тұрғындарының саны 50 мың болатын. Бүгіндері бұл көрсеткіш 6 млн тоннаны құрайды, ал қала халқы — 125 мың. Олардың бәрін біз қамти алмаймыз. Облыста отбасылық коэффициенті – 5, яғни бізде мердігерлерді қоса алғанда, жұмыс істейтін 14 мың адамды осы көрсеткішке көбейтсек, компания 70 мың адамды асырап отырғанына көз жеткізуге болады. Бүгіндері Маңғышлақ жаңа игеріліп жатқандағыдай еңбек жағдайы қиын кез емес. Қазіргідей ауысымда жұмыс істей отырып, 205 мыңнан 350 мыңға дейін жалақы алуды мен қалыпты деп санаймын. Осы жылдары біз үнемі бейбіт келісімге келуге мәжбүр болдық. Біз саясатпен айналыспаймыз, біз өндірумен айналысамыз», — дейді.
Демек, мәселенің болуы мүмкін экономикалық салдары екі жаққа да түсінікті. Әйтсе де екі тарап екі жаққа тартады: «еден жуушының өзі 300 мың теңге алуы керек» деген ереуілшілер жағы райынан қайтпайтынын білдірді. Ал жұмыс беруші осы мәселелер өршіген соңғы жылдардың ішінде алғаш рет өз мүддесін қатаң сақтап, принципиалды көзқарас ұстанды. Бірінші рет «әлеуметтік кикілжіңді өршіту, әлеуметтік арандату» тәрізді баппен жауапты тұлға қылмыстық жауапқа тартылып отыр – бұл ел аумағындағы алғаш прецендент.
Нәтижесінде ереуілшілер жұмысынан айырылды. Өндіруші жұмысын тоқтатқан жоқ, бірақ өндіріс көлемі төмендеді. «Ереуілдер салдарынан биыл миллион тоннаға жуық мұнай алынбады. Бұл – бюджет пен Ұлттық қорға 54 млрд теңге, «ҚазМұнайГаздың» өзіне тікелей тағы 40 млрд теңге түспеді деген сөз. Компания Жаңаөзенде үлкен әлеуметтік шараларды жүргізіп отыр. Яғни бұл жай алдымен өзімізге тиеді» дейді компания өкілдері.
«Мәселенің тамыры — әлеуметтік салада»
Таяуда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жанынан «Эксперт» пікірсайыс клубы құрылып, оның бірінші отырысы осы мәселеге арналды. Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі Тимур Құлыбаевтың бастамасымен өткен «Маңғыстаудағы 2011 жылғы ереуілдер: себебі мен салдары» тақырыбындағы жиынға депутаттар, саясаткерлер, экономистер, ғалымдар қатысты.
«Мұнайшылар наразылық танытқан 2008 жылы мұнай бағасы барреліне 140 долларға көтерілген болатын. Ол кездегі талап орынды еді. Одан кейін дағдарыс болды, баға түсті, бірақ жалақы едәуір көтерілді. Қазіргі жалақы деңгейі жеткілікті. Кәсіпорынның жұмысшылар талабымен оңай келісе салуы «ереуілдей берсең – көнеді» деген әдет қалыптастырды. Экономикалық мүмкіндіктермен санасу керек» дейді экономистер. «Жалақы көтерілгенімен, өңірдің, әлеуметтік-экономикалық деңгейі төмен, егемендік алғалы мұнай өндіру төрт есе өсті, аймақ тұрғындарының ахуалы да әжептеуір көтерілуі керек еді, ал ол жеткілікті деңгейде емес. Бұл әлеуметтік кикілжіңнің базасы болып отыр» деп санайды саясатшылар. «Біз алдымен еңбекақы тағайындау жүйесін бір ретке келтіріп алуымыз керек, бұл жүйе ашық та түсінікті болмайынша, мұндай текетірестер туындай береді» деп мәлімдеді депутат. «Билік әділ төреші бола алмай отыр, олар жұмыс беруші жағына шығып кетті» деп санайды оппозиция өкілдері. «Кикілжіңнің түп тамыры әлеуметтік мәселелерде жатыр, бұл жерде біз әлеуметтік әріптестік механизмдері қалыптаспағанын көріп отырмыз. Жүйелі талаптар жоқ, ал жұмысшылар сыртқы манипуляцияға ұшырады. Арандатушы рөлін қазір кім де болса атқара алады, сондықтан да нәтижелі келіссөздер керек» дейді саясаттанушылар.
Жиында сөз алған Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі: «Жұмыстан шығарылғандардың бәрі де өзіміздің адамдар. Сондықтан да мердігер компаниялардың бәрінен вакансиялар ашамыз. Енді алдағы уақытта Ақтауды да, Құрықты да дамыту керек, ондағы жұмыстарға да жаңаөзендіктер тартылатын болады. Миграциялық қысымды осылай әлсірету керек. Содан кейін бізде бұрынғы кездегідей ұжым ішінде оңды атмосфера қалыптастыру жұмыстары ұмыт қалды. Бұрындары әр еңбек ұжымының жетекшісі әр адамды білетін, жағдайынан хабардар болатын. Біз осы үрдісті жалғастырып, өз кәсіпорындарымызда жетекшінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымын енгізіп отырмыз, ол әр адамның мұң-мұқтажын білетін болады, ұжымда бейбіт ахуал болуы керек.
Ереуілдің зардабы орасан. Бізде кәсіподақтар бар, жұмыс беруші бар, жұмысты тоқтатуға жеткізбестен мәселені солар шешуі керек. Бұл жағдай тек «Өзенге» ғана тиіп отырған жоқ, бұл бүкіл елімізге тиеді», — деп мәлімдеді.
Сарапшылар мәселенің мән-жайына үңіліп бақты. Өңірдегі тиімсіз жүргізілген миграциялық саясат, жұмыс берушінің әуел бастан өз мүддесін қорғай алмай солқылдақтық танытуы, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың төмендігі, еңбеккерлердің кәсіби дайындығы дұрыс жолға қойылмауы, еңбекақы саласындағы реттелмеген жайлар, өзге де саяси факторлар назардан тыс қалған жоқ.
Жиынды қорытындылағандар «тығырықтан шығудың жолы – нәтижелі мәміле» деген ұйғарымға тоқтады.
Р.S.
Жаңаөзендіктердің басты жұмыс берушісі «Өзенмұнайгаз» принципиалды ұстанымдары арқылы өз мәселесін шешіп алды, өндірісті қалпына келтірді. Десек те, таразының екінші басында тұрған еңбеккерлер ризашылыққа келмейінше, қордаланған мәселе шешімін тапты деу мүмкін емес.
...Қаланың бүгінгі келбеті шынымен де көз қуантарлық. Мұндағыдай тұтастай ықшамаудандар болып салынып жатқан жеке үйлер құрылысы қарқынын еліміздің басқа жерінен көре алмайсыз. Қазіргі атқарылып жатқан игі істердің бәрі «Жаңаөзен қаласын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасына» сүйеніп отырғаны белгілі. Оның аясында қалаға 43 миллиард теңге бөлініп, бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Осыған қарап отырып, «егер осы қаржы біраз жыл бұрын бөлінген болса, мұнда әлеуметтік кикілжіңнің ізі де болмас па еді» деген ойға қалатындайсың...
Орақ САРБӨПЕЕВ, Жаңаөзен қаласының әкімі:
Біздегі бағалар Алматыдан қымбат емес, ал орташа жалақымыз олардан жоғары
Егер «биыл мектепке бармай қалды» деген балалардың жайынан бастасақ, бүгінгі таңда мұнайшылардың балалары түгелдей мектепке барады. Жыл сайын «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімшілік, кәсіпкерлер, мұнайшылар бар, бірлесе отырып 500-дей баланы киіндіріп, оқулықтар мен оқу құралдарын алып беріп, көмек көрсетеді. Биыл 797 баланы қамтыдық. Мұнайшыларға да «жағдайларыңыз қиын болып жатса, қалалық білім басқармасына келіңіздер, қолдан келген көмекті аямаймыз» деп хабарладық. Осы жылы ӨМГ кәсіпкерлері 2 млн теңгедей қаржы берді, «Нұр Отан» 3 млн теңге бөлді, осы қаражаттың бәрінің басын қосып, тізім бойынша оқу құрал-жабдықтарын алып беріп жатырмыз (кей ата-аналар «қаржыны қолымызға беріңдер» деді, біз олай етпедік).
Оқу жылы басталған кезде ереуілшілер тарапынан «балаларды мектепке жібермейміз» деген сөз шықты. Содан мен қалалық ата-аналар жиналысын өткізіп, мұнайшыларға ренжідім: «Бұларың не, баяғы аш-жалаңаш соғыс жылдарының өзінде балалар сабақтан қалмаған. Мына шегіп отырған темекілерің дәптерден қымбат, ана қымбат көліктеріңнің бір күндік бензині оқулықтан қымбат, айдың-күннің аманында бұл не масқара? Егер балалардың сабаққа баруына кедергі жасайтын болсаңдар, бала құқын аяққа бассаңдар, ата-аналық құқықтан айырыласыңдар» деп. Мәселені осылай қоюға тура келді.
Ал көктемнен бері жалғасып келе жатқан ереуіл мәселесіне келсек, әрине, қала одан қалыс қала алмайды, қайткен күнде де араласуға тура келеді. Мен осында келген, ереуілге қатысқан жігіттерге айттым: «егер еңбек құқығы сақталмайды десеңдер, комиссия құрайық, он шақтымыз соны реттеудің соңына түсейік, бәрің бірдей алаңда жүру қажет емес, жұмысқа шығыңдар, мыңдаған адам шетінен жұмыссыз қалмасын» деп. Оған келіспеді. Енді келіп олардың басым бөлігі жұмыссыз қалды. Онда да «ереуілге қатысты, митингіге шықты» деп емес, еңбек келісіміндегі баптарға байланысты. Ол бойынша жұмысты себепсіз 3 сағатқа тастаған адам жұмыстан шығарылады, өйткені өндірістің ерекшелігі сондай.
Енді бұл мәселеде қала да қарап отырған жоқ. Жұмыссыз қалғандар да қала тұрғындары ғой, бірі танысымыз, бірі бауырларымыз дегендей, олар үшін 279 жұмыс орнын осы жерден тауып отырмын. Облыс көлемінде 370 орын тағы таптық, оның сыртында қала ішіндегі әлеуметтік жұмыстар да бар. Әйтсе де тіпті 150 мың теңге алатын жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Енді келіп бәрін саясиландыруға тырысады.
Қала өмірінде ереуілшілерден басқа шешілмей жатқан мәселелер де жетерлік. Қиын жағдай – су мәселесі, әсіресе жаз бойы графикте тұрдық, үш мезгіл ғана су берілді. Келесі жылы да солай болмақ. Бірақ алдағы уақытта 40 жылда тозып біткен Қиғаш – Маңғыстау су құбыры жаңартылмақ, оны «ҚазТрансОйл» дайындап жатыр, онымен су Түрікменстан шекарасына дейін жететін болады. Қазір аталған компания су сақтайтын қойма дайындап жатыр, су тазалайтын қондырғы жаңартылады.
Электр қуаты жетіспесе, ол да – кезектегі мәселе, өйткені бізде тұтыну артып келеді. Бұл жақсы көрсеткіш емес пе?! Қазір бізде қуат тасымалдау жүйелерін жаңартудың, кернеуін 6 киловольтқа жеткізуді көздейтін, жалпы құны 800 млн теңге тұратын жоба дайын. Жылу тарату жүйелерін кеңейтуге бағытталған 200 миллиондық жоба және бар. Өзге де жұмыстар қолға алынып жатыр. Жақында телеарналардың бірінен бір аудан орталығында балалар алаңы салынғанын көрсетіп жатыр. Біз болсақ ондай 64 алаң салдық. Қарасаңыз, бүкіл қалада арық-траншеялар қазылып жатыр, бірақ ыңғайсыздық туғызып отыр деп ешкім ереуілге шығып жатқан жоқ қой, бәрі түсіністікпен қарайды.
Ал енді азық-түліктің қымбаттылығына келетін болсақ, біздің базардағылар мұнайшылардың табысына қарай бағаларын реттейді. Бұл барлық жерде бар, Қарағандыда шахтерлердің табысын есептейтін болса, өзге өңірде өзге саланы ескереді дегендей, бюджеттегілердің жалақысын ешкім есепке алмайды ғой. Әділін айтсақ, біздегі бағалар Алматыдан қымбат емес, ал орташа жалақымыз олардан жоғары.
Бюджеттік тұрғын үйлер салынып жатыр, былтыр 1700 млн теңгеге 200 пәтерлік үй салдық, биыл және алдағы жылы да осындай көлемдегі тұрғын үйді қолданысқа береміз. Білсеңіз, бізде 1989 жылдан бері кезекте тұрғандар бар. Сондықтан да бұл салада көп жұмыстар атқарылуы керек.
Мектеп мәселесі шешілді, бұрын үш ауысымда оқитын мектептер болса, қазір олай емес, биыл ғана 2100 орындық жаңа мектепті салып бітірдік. Балбақшаларда қазір 3400 орын бар, 6000-нан астам бала кезекте тұр. Оны да шешуге тырысудамыз. ҚТЖ екі балабақша салып жатыр, «Қазатомпром» 400 млн теңге қаржы бөліп отыр.
Қылмыс көрсеткіштеріне келсек, бір сан есіме түсіп отыр: былтыр республика бойынша осы біздің Өзен тәрізді облыс деңгейіндегі 23 қаланың қылмыстық деңгейінің 1000 адамға шаққандағы көрсеткіші 22,3 болса, бізде ол – 4,1. Бұл «рейтингіде» біз 18-інші орында тұрмыз. Ал бізде бәрін саясиландыруға тырысады. Жақында бір еңбеккердің баласы қайтыс болды. Өзін жақсы танимыз, Ауған соғысының ардагері, өзім де кіріп шықтым. Немесе ӨМГ-де жұмыс істейтін тағы бір мұнайшының қыз баласы қайтыс болды. Мұның бәрі саяси мәселелер емес қой, қылмыс деген, басбұзарлар деген қай жерде болмасын бар.
Негізі, қаламыз 60 мың адамға арналғанымен, қазір мұнда 120 мың адам тұрады. Мұндай миграциялық ағын қандай облысқа болса да оңай емес. Қалай десек те, мұндағы қордаланған проблемаларды саясиландырмай, мәселеге объективті қарау керек.
Киікбай Жақыпұлы ЕШМАНОВ, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры:
Әр нәрсенің шегі болуы керек
Бүгінгі жағдайға келсек, қазір кәсіпорнымызда 989 жұмысшы жұмыстан босатылды, олардың орнына 692 адам алынды. Осы жұмыстан шығарылған адамдардың бәрі көп жылдар еңбектеніп келген, білікті, тәжірибелі мамандар болатын, сондықтан да олардың орнына алынғандарды қайта даярлықтан өткізіп жатырмыз. Өндіріс көлемі бұрын тәулігіне 16600 тонна болса, ереуіл кезінде 10300 тоннаға дейін төмендеп кетті. Қазір оны 11800 тоннаға жеткіздік, енді алдағы уақытта 14 мың тонна өндіруді көздеп отырмыз. Ереуіл салдарынан компания бойынша қазіргі күнге 376 мың тоннаны жоғалттық, қазына 60 млрд теңге салықтан қағылды.
Соғыс кезінде танкілерге тікелей құйылған Мақаттың мұнайындай емес, біздің мұнай құрамында парафині көп, қою болғандықтан, оны өндіру қиын, қыстыгүні өндіріс тіпті төмендеп кетеді. Өңірде жазда ыстық 54 градусқа дейін көтеріледі. Соның өзінде скважиналарда арнайы қыздыру пештері істейді. Біздің мұнайдың басты төрт проблемасы бар: өндіру, жеткізу, өңдеу, құрамындағы қосындылардан тазалау. Қабаттардың сулануы – өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан да қазір уақыт ұтуға тырысудамыз, инженер-техник мамандарымыз ауысымсыз жұмыс істеуде.
Ал жалақыға байланысты дауды егжей-тегжейлі түсіндіре кетейін. Бұрын біз кеңестік кезден қалған еңбекақы жүйесімен жұмыс істеп келген болатынбыз. 2010 жылы болған ереуілде «1,8 коэффициенті төленбейді» деген дау туды. Мәселеге байланысты ереуілшілер жағынан 12 адамнан тұратын топ болды, оған мен де қатыстым, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, прокуроры бар – бәріміз 1,8 коэффициентін қосатын болып келістік. 1 маусымнан бастап жаңа жүйеге көшетін болдық, жалақы – 75/25, яғни оклад – 75 пайыз, қалған 25 пайыз сыйақылар мен түрлі қосымшалардан тұратын болды. Енді І тариф 16872 теңге болды (бұрын 14952 теңге еді), оған 1,8 коэффициенті қосылғанда, еліміздің Еңбек кодексі бойынша 26914 теңге бірінші тарифті негізге алатын болдық. Содан кейін 15 ПСП-ға барып «жалақы 30 пайызға өседі, жаңа жүйеге көшеміз, сол себепті 5-разряд 147350 теңгеден 190 мыңға өсетін болды» деп хабарладық. Бірақ 1 маусым күні жұмыс тағы тоқтады. «Сендер бізді құртайын деп жатырсыңдар, окладқа отырғызып тастадыңдар, ертең жалақымыз кеміп кетеді» дейді. Мен «Еңбек кодексі бойынша «оклад» деп жазылғанымен, 25 пайызы үстеме, сыйақы, қосымшалардан тұрады, енді келіскеннен кейін заң бойынша жұмыс жасау керек. МСОТ бойынша келіссеңдер, жыл сайын инфляция көлеміне байланысты жалақы 7-9 пайыздай өсіп тұратын болады. Егер «оклад» деген сөз ұнамаса, «тұрақты жалақы жүйесі» деп алайық, осыған келісесіңдер ме?» деп сұрадым. Ереуілшілердің райы өзгеріп, жұмысты қайта бастады.
Негізінде, коэффицент қосу жүйесіне өту оңай шаруа емес. Бізде 9016 адам жұмыс істеді, олардың бәріне коэффициентті төлеу үшін әр жұмысшыны аттестациядан қайта өткізу керек. Ол қиын – әр адам жұмысына хронометраж жасау керек, өзге де талаптар бар, бұл көп уақыт алады. Егер осыған сүйеніп беретін болсақ, онда тек 3000 адам ғана алатын еді. Ал біз тәртіпті бұзып, оны бәрі бірдей алатын болып шештік, егер біз аттестацияны күтсек, адамдарды алалаған болып шығатын едік. Қазір үстеме коэффициентті барлығы да алады — мұнайшылар да, компьютерде отырғандар да, еден жуушылар да. ҚМГ бойынша бәріне қосылды, нағыз қиын жерде істейтін 465 адамға тағы да 26914 теңге төлейміз.
Ал қазіргі талаптарды өзге түгіл, өзім түсінбедім. Өйткені Наталья Әжіғалиева басқа есеп-қисаптармен елдің басын айналдырып, «біздің жалақымызды толық төлеп отырған жоқсыңдар, біз кемі 600 мың алуымыз керек» деп сендіреді. Бір жыл бұрын өздері қол қойып, қаулыны бекітіп, осы жерде «біз жеңдік, халық жеңді» деп бірін-бірі құттықтап, құшақтасып, тойлап шыққан адамдар енді «сендер бізді алдап кеттіңдер» деп отыр.
26 мамырдағы ереуілде «айналайындар, ертең қаңғып қаласыңдар. Әр нәрсенің шегі болуы керек. 2008 жылдан бері қайта-қайта ереуілдетіп жатырсыңдар. Біз осылай тартыса беретін болсақ, ӨМГ үстіне не крест, не айшық қоямыз. ӨМГ болмайды, себебі біз бір-бірімізді кешіргенмен, өндіріс кешірмейді, скважиналар жүйесін қайта орнына қою – үлкен шаруа» деп жұмысқа шақырдым. Олар «Соколованы әкеліңдер» деп, мүлдем сөйлеспей қойды. Одан кейін мәдениет үйінде қала активін жинап, тағы кездесу өткіздік. Жаз бойы түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргіздік. Әкімшілік өкілдері, ақсақалдар болып жұмысшылардың отбасыларына кіріп шықтық, интернетті пайдаландық, үнпарақтар тараттық, қалалық теледидардан «Тәубеңе кел» деген әлеуметтік жарнамалар ұйымдастырдық, осылайша 1200 адамды жұмысқа қайтардық. Осындай түсіндіру-үгіттеу жұмыстарын жүргізгеннің өзінде ереуілшілер үш ай бойы алаңда тұрды. Әлі жалғасып отыр. Алаңға 70-80 адам күнде жиналады.
Қазір ұңғыларды жөндейтін 20 бригада құрып отырмыз, оған жұмыстан шыққандарды шақырдық. 240 жұмыс орны ашылды, олар болса «біз 600 мың алуымыз керек еді, сондықтан 300 мыңға жұмыс істемедік, енді 150 мыңға бармаймыз» деп мәлімдейді.
Сөздің тоқетері – енді оларды қайта жұмысқа алар болсақ, біз ҚР Еңбек кодексін бұзамыз. 30 мамырдан бері ашығуды бастаған 11 адамды, содан кейін бәленің бәрін шығарып жүрген 30-50 адам бар – соларды алдымен жұмыстан шығарған болатынбыз. Енді жұмыстан шығарылған бір адамды қайта алсақ, қалған 988-ін де қайта алуымыз керек. Ол болмайды. Өйткені біз тек келісімшарт баптары бойынша жұмыстан шығардық. 70-90 күн бойы күттік, жұмысқа қайтып келгендерге бір сөз айтпастан жұмыс орнын қайта бердік. Бізде «қара тізім» деген жоқ. Бірақ еңбек кикілжіңін осылайша шешуге тура келіп отыр.