Ұялы байланыс неге қымбат?
Бүгінде біздің елімізде бала-шағадан еңкейген кәріге дейін ұялы телефон тұтынады. Статистикалық көрсеткіштер халқымыздың 78 пайызы ұялы телефон қызметіне жүгінетінін, сондай-ақ қазақтың ұялы телефон нарығына дендеп енгеніне 17 жылдың жүзі болғанын айқындайды.
Жалпы, ұялы телефон атты нарық бізге Тәуелсіздігімізбен ілесіп енген жаңашылдық болды. Кезінде 90-жылдары тоқпақтай болып шіреген кәсіпкерлердің ғана қолында жүретін қалта телефоны қазір әрбір қазақтың қалтасынан табылады. Тіпті нақ осы ұялы телефонға қатысты «Бірлігің жоқ болса, тірлігің жоқ», «Телефонына қарап тұрмысын таны» деген тәрізді заманға сай мәтелдер халық аузынан табылып та жатады. Десек те, мәтел жайын кейінге қалдырайық... Біздің бүгінгі сөз етпегіміз – ұялы телефон нарығына атқарушы биліктің енгізген жаңалықтары мен жаңашылдықтары турасында болмақ.
Өткенде байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ мырза ақпан айы бастала салысымен елдегі ұялы байланыс операторлары қосылғаны үшін ақы алуды тоқтатып, секундтық тарифтерге көшкендігін мәлім етті. Бұл жайында министр мырза былай деген-ді:
– 1 ақпаннан бастап ұялы байланыс қоңырауларына секундтық тарифтер енгізіледі. Жаңа жоспарлар тарифтері іске қосылды. Бұдан былай тұтынушылар желі ішінде 10 секунд сөйлессе, сол 10 секундтың ақшасын ғана төлейді. Осы уақытқа дейін тұтынушылар 11 секунд сөйлессе, 20 секундтың ақшасын төлеп келген.
Байланыс және ақпарат министрінің бұл мәлімдемесінен кейін «бірліксіз тірлігі бітпейтін» ағайын «қалта телефонның мешкейлігі азайып, қаржымыз үнемделетін болды» деп кеуде кере кең тыныстаған. Әйтсе де ел ішінде әлі де болса осы секундтық тарифтің есеп-қисабын шығара алмай қиналып жүрген қауым баршылық. Ал енді есептеп көрелік. Басқасы өз алдына, біз алдымен халқымыз қызметіне көбірек жүгінетін 8701, 8705, 8777 абоненттерінің секундтық құнын есептесек... Бүгінде 8701 абонентінде желі ішінде сөйлесудің 1 минуттық құны 25 теңге 57 тиын. Егер сіз осы желі ішінде 10 секунд сөйлесетін болсаңыз, 1 теңге, 17 тиын төлейсіз. Сондай-ақ, операторлардың айтуынша, қазір желі ішіндегі басқа абоненттік қызметтер алынып тасталып, министрдің мәлімдемесіне сәйкес тек Активті уақыт желісі ғана қызмет істеуде. Бұл желі сол секундтық тарифтер бойынша қызметін жүргізіп отыр.
Енді 8705, 8777 абоненттерінің секундтық тарифін есептелік... Бұл абоненттер бойынша желі ішінде сөйлесудің құны 22 теңге 30 тиын болса, екінші минуттан бастап барлық бағыттарға желі ішінде сөйлесу құны 7 теңгені құрайды. Желі ішінде 1 секундтан 10 секундқа дейін сөйлесудің құны 6 теңге 13 тиын болса, 11-60 секундтың айналасы 5 теңге 81 тиын болмақ. Аталмыш абоненттердің қызмет көрсету орталығының операторлары министрлік шешім шығарғанымен, әзірге бұл абоненттерде желі ішінде сөйлесудің секундтық тарифтері енгізілмегенін, бұл олар үшін болашақтың еншісінде екенін алға тартты.
Осы ретте сарапшы маман
Нұрсұлу АЙЫМБЕТОВА былай деді:
– Біздің елдегі ұялы байланыс операторлары тек табыс табуды ғана көздеп отыр. Олардың көбі шетелдік компаниялар болғандықтан, оларды қарапайым халықтың жағдайы алаңдата бермейді. Мәселен, қызмет көрсету бағасына келсек, ұялы нарық бағасы Қазақстанда тым қымбат. Көршілес Қытайда байланыстың бір минуты орта есеппен 3 теңгені төңіректейді, Австралиядағы ұялы телефон қызметінің құны біздің теңгемен есептегенде 1 теңге 20 тиын. Әлеуметтік жағдайы әлсіздеу саналатын Орта Азияда, дамыған Еуропада байланыстың бұл түріне тұтынушының шығыны аз. Ресейлік компания сатып алған 777 нөмірлі байланыс желісімен отандық «Қазақтелеком» қызметін реттейтін байланыс магнаттарының бағасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан, меніңше, осы ұялы байланыс нарығына бір реттілік енгізіп, талапты қатаңдату керек.
Расымен де, табыс табу дегеннен шығады, күні кеше еліміздің статистика агенттігі қазақстандық ұялы байланыс операторларының табыстары жыл сайын өсіп отырғаны жайлы ақпарат тартты. Деректерге жүгінсек, 2010 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қазақстандық ұялы байланыс операторлары 271 752,8 млн теңгенің қызметін көрсеткен. 2009 жылдың осы кезеңімен салыстыратын болсақ, олар барлығы 237 899 млн теңге табыс тапқан. Оның ішінде қалааралық телефон байланысына – 3822,6 млн теңге, жергілікті телефон байланысына – 3015,1 млн теңге, деректерді беруге – 849,6 млн теңге, интернет желісіне қолжетімділікке 4957,2 млн теңге, мобилді байланысқа – 24 131,4 млн теңге, өзге де байланыс қызметіне 5446,0 млн теңге тиесілі. Бір ғана «Кар-Тел» компаниясының өткен жылғы таза табысы 71 миллион долларды құраған.
Түйін
Аңдасақ, қазақстандықтар қаржыларын салу арқылы ұялы нарықтың да көрігін қыздырып жатыр. Біреулер бірлікке қаржысын үнемдеп ұстаса, енді біреудің, расымен де, «бірліксіз тірлігі бітпейді». Дегенмен өзге елдермен салыстырғанда ұялы байланыс қызметін тұтынудың бағасы бізде тым қымбат. Бұл жайында бүгінде «қалтасы қалың, қаржысы мол» деген бай-манаптар да сөз ете бастады. Тіптен шенеуніктердің де ұялы нарыққа деген өкпесі қара қазандай. Бұған қатысты Мәжіліс депутаттарының біразы ұялы телефонның бағасына, мемлекеттік тілді менсіне қоймайтын тілдік құрылысына, желі ішіндегі сөйлесу сапасының әлсіздігіне сын айтып жүргелі біраз болды. Ендігі кезекте ұялы телефон қызметіне қатысты қатаң заң қабылдау қажет. Бұл ретте қайсыбір сарапшылар «Біз ұялы нарықтағы мешкейлікті заңмен тыймасақ, аталмыш нарық қызметі қарапайым халықтың қалтасындағы қаржысын қақшып алуын тоқтатпайды. Осы әрекеттері арқылы белгілі біреулер байлыққа кенеліп отыр. Ал бұл – қарапайым халықтың батпандай соры. Сондықтан бақылауды күшейткен абзал» дейді...