Ұлттық тағамдарымызды ұлықтай алып жүрміз бе?
Қазақ халқы – ұлттық тағамға бай халық. Ұлтымыздың ас мәзіріне ет, сүт, балық, ұн өнімдерінен жасалған тағамдар көптеп енеді. Қазақ қазы-қарта, жал-жая жеп, қымыз бен қымыран ішу арқылы анау-мынау ауруға дес бермеген. Қазақ халқында қазы-қарта мен қымыз-қымыранды дайындаудың ұлттық технологиясы да қалыптасқан. Өкінішке қарай, бұл технологиялар бүгінгі күні барлық жерде бірдей қолданыла бермейді. Десек те, қазіргі күннің өзінде ұлтымыз үйіне келген қонаққа ет асып, алдына шұбат пен қымыз, айран ұсынып, дастарқанға бауырсақ пісіріп қою дәстүрін ұмытқан жоқ. «Ұлттық тағам өндірісі қазіргі кезде дамып жатыр ма?» деген сұрақ көкейде менмұндалайтыны анық. Біз осы ретте ұлттық тағамды зерттеумен және оны дайындап, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың пікірімен бөлісуді жөн көрдік.
Алматы технология институтының ғылыми-зерттеулер жұмысы жөніндегі проректоры, техника ғылымының докторы Әбдіманап Оспановтың айтуынша, ұлттық тағамдар – қай елде де ұлт мақтанышы. Айталық, елімізде алғаш рет қолға алынған халал тағамдарын шығару дұрыс бастама болғанын осы өнімдерге деген сұраныстың өскендігінен байқауға болады. Осы бағытта бір қадам ілгерілеудің мүмкіндігі Алматы технология университетінде де қарастырылып, техникалық комитет құрылды. Оның негізгі міндеті – тамақ өнімдерін стандарттау, оны әлемдік стандарттармен сәйкестендіру, мекеме және жеке кәсіпкерлермен бірігіп, сол тағамдарға тиісті экспертиза жасау. Мәселеге кәсіпкерлер тарапынан да қызығушылық бар. Ендігі жерде ұлттық тағамдар жасауға іскер азаматтарымыздың бетін бұру керектігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
– Әзірше көп мөлшерде болмаса да, қазы-қарта өндіріліп жатыр. Алайда ата-бабаларымыздан қалған кәсіпті, ұлттық тағам жетістіктерін қазіргі ғылым тілімен сөйлетуіміз керек. Қазақ ғалымдарының алдында тұрған ең басты мәселе де – осы. Технология мәселесіне келсек, оны соншалықты қиын деп айта алмаймыз. Енді ұлт мақтанышына айналған дастарқан мәзірін кітаптардан ғана оқитын емес, сауда орындарын жаулап алатындай деңгейге көтеруіміз керек. Өкінішке қарай, бізде белгілі бір маусымда сүттің азайып кететіндігінен және сүттен жасалатын тағамдарды сақтау мерзімі қысқа болуына байланысты қиындық туындамаса, одан өзгесі кәсіпкерлердің ұлтжандылығы мен іскерлігіне байланысты. Сондықтан технологиялық нысандарды тиімді ұйымдастыруды қолға алуымыз керек. Екіншіден, ұлттық тағамдарды халқы көп Ресей мен Қытайға шығарудың жолдарын қарастырған жөн. Үшіншіден, осы сала мамандарына жағдай жасау да істі ілгерілетуге жол ашады.
Қазақстанда аграрлық саланы дамытуға алдағы жылдары 360 млрд теңге бөлінбекші. Осы қаражаттың бір бөлігі ұлттық тағамдар өндіруге де жұмсалып жатса, тіпті тамаша болар еді. Содан соң ұлттық тағамдарды өңдеудің және шығарудың технологиясына арналған мемлекет тарапынан мақсатты гранттар бөлінсе, бұл да дұрыс болар. Жыл сайын ұлттық тағамдарды дәріптейтін байқаулар ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар, – дейді Әбдіманап Оспанов мырза. Осы жерде ұлттық өнімдерге әдемі жарнама да қажеттігін айтқан дұрыс. Жылда мейрамханалар мен кафелерде ұлттық тағамдар мерекесін ұйымдастырудың, тіпті қазақ тағамынан ауыз тию үшін шетелдерден қонақтар арнайы іздеп келетіндей деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар.
Қазір арақ-шарап ішуге құмарлық күрт азайды. Осындай жағдай жұртты ұлттық сусындар ішіп, құнарлы тағамдар жеуге жеткізуі керек. Бұл халқымыздың денсаулығын жақсартуына, өмір жасын ұзартуына септігін тигізеді. Сергек жүретін ұлт қашан да көп жетістікке жетеді. Әлемге жақсы қырынан танылуымызға да, артықшылығымызды насихаттауға да ұлттық тағамдар көмектесе алады.
Оның кез келген түрін Наурызда ғана дастарқанға қоймай, күнделікті ішіп-жеу, қазақты жаңа қырынан танытады. Бұл үшін іскер азаматтардың ұлт құндылықтарын ұлықтау бағытындағы батыл бастамалары ғана керек болып тұр.
Қазіргі кезде баспасөз беттерінде қазақтың ұлттық тағамдық брендтерінің шетелдіктердің меншігіне өтіп кетіп жатқаны жиі айтылады.
Мәселен, біздің қазымызды француздар, қымызымызды немістер патенттеп үлгерген көрінеді. Шетелдің жұмыртқадан жүн қырыққан кәсіпкерлері Қазақстанға келіп, қазақтардың қазы мен қымыз жасау технологиясын көріп, оны өз елдеріне апарып, арнайы зауыттар ашып, оның өнімдерін сертификаттап, қазақтың ұлттық асымен бизнестерін дөңгелетіп отырған жайы бар. Бұдан да басқа әлі де өзіміз қадірін ұғына алмай жатқан дүниелеріміз қаншама?
Біз неге осыларды патенттеп, дүние жүзіне қазақтың брендтерін таныстыруды қолға алмай отырмыз? Біз осы сұрағымызды ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Берік Оспанов мырзаға қойғанымызда, оған мынадай жауап алдық: «Бұл – өте күрделі мәселе. Өздеріңізге белгілі, бір мемлекетаралық патент алу үшін, ғылыми жаңалығыңды бірнеше жерде дәлелдеуің, қорғауың керек. Ол – өте қымбат тұратын, әрі көп сатылы қиын жұмыс. Біз мұндай жұмыстарды әрине жүргіземіз. Ал сіз айтқандай, қазы, қымыз, шұбат дегендеріңіз, бұлар – кәдімгі өнімдер. Бұл – ғылыми жұмыс емес. Бұл – кәсіпкерлердің жұмысы. Ұлттық брендтерді патенттеумен айналысуға біздің кәсіпкерлеріміздің ішкі сезімі әлі жеткен жоқ. Бұл кәсіптің өз мәдениеті болуы керек».
Қорыта айтсақ, ұлттық тағам өндірісін қолға алып, оларды насихаттау үшін, бізге бәлкім, қаржы, өндірістік технологиядан бұрын, ұлттық сана жетпей жатқан секілді.
Қиябек Бекбердиев, «Қазақ сусындары» ЖШС-ның директоры:
– «Наурыз көже», екі түрлі «Шалап», «Алатау» айраны, «Күмбез қымызы» секілді сусын түрлерін шығару барысында байқағанымыз, ұлттық сусындарға деген сұраныс жыл сайын еселеп өсті. Алғашқы жылы 30 литр сусын сатқанда бөркімді аспанға атып қуанған едім. Қазір жылына 2000 тонна сусын сатамыз. Сондықтан біз Алматы облысының Самсы ауылынан үлкен зауыт салдық. Бір ғана қиындық байқалады: қысқы маусымда сүт жетіспесе, қаражат ұдайы қолды байлайды. Жақын елді мекендерден зауытқа сүт сатып алып, бірінші мәселені шешуге болады. Ал өндірісті ұлғайтуға үнемі қосымша қаражат табу қиын.
Сол себепті Үкіметіміз ұлттық тағамдар шығаратын кәсіпкерлерді кепілсіз қаржылай қолдаудың бір мүмкіндігін қарастырған дұрыс. Қаржылай қолдау көрсем, ұлттық сусындар мен тағамдар қатарын көбейтіп, еліміздің аумағын түгел қамтыр едім.