Үш миллион қой қайда кетті?

Үш миллион қой қайда кетті?

Қой қайырып, қозы баққан ауыл баласы бізге төрт түліктің қадірі қашаннан да бөлек. Қазақ үшін әсіресе, қойдың жөні алабөтен. Мыңғыртып жылқы айдаған ата бабамыз маңырап, жамыраған қой түлігінің де тиімділігі мен пайдасын молынан көріп, кәдесіне жаратып келеді. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген нақыл сөз соның бір дәлеліндей. 2015 – қой жылы табалдырығымыздан аттамақ. Олай болса, төрт түліктің төресі, ата кәсіп жайында ой өрбітсек...

Қой басы қаншаға жетті?
Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, биылғы 1-қараша айында өңірдегі барлық санаттағы шаруашылықтарда 2 млн. 218 мың бас қой тіркелген. Бұл деректің қаншалықты нақты екенін дөп басып айту қиын. Дегенмен, еліміздегі иен қалған өрістердің қайтадан мал тұяғымен тапталып, төлге тола бастағаны рас. 1991 жылы біздің аймақта 5 млн. 231 мың қой болыпты.
Ақтылы түлік өсіріп, алдыға шығып, көсіліп отырған ауданымыз Тарбағатай өңірі екен. Бұл ауданда бүгінгі күні қой саны 400 мың басқа таяған. Абай ауданында 294 599 бас, Аягөз ауданында 274 мыңнан астам, Жармада 245 696 бас, Үржарда 244 305 бас қой бар.
Мал шаруашылығы саласының ғалымдары дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында Қазақстанда аталған саладан түсетін өнімді, етті еселеудің, оның экспортын арттырудың бірден-бір жолы қой тұқымын асылдандырып, оған қажетті құнарлы мал азығын молайтуда екенін айтып келеді. Асыл тұқымды қойдан түсетін өнімнің көлемі де, сапасы да әлдеқайда жоғары болуы себепті шетке шығаруға ең тиімді ет осы малдыкі. Бұдан төрт-бес жылдай бұрын ғана экспорттала бастаған Қазақстан қойының еті қазір аз көлемде болса да Иран, Ирак, Қатар мемлекеттеріне шығарылуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышевтың айтуынша, облыста 72 асыл тұқымды қой шаруашылығы бар, соның 25-і - Абай ауданында. Тарбағатай, Аягөз, Жарма аудандарындағы асыл тұқымды қой шаруашылықтарының саны онға (әр ауданда) жетіп отыр.
Асыл тұқымды бұл шаруашылықтарда бағылып, өсіріліп жатқан қой саны 181 мың, оның 5 мыңы - меринос, 119 мыңы - қылшық жүнді, 57 мыңы - байыс тұқымды қой.
Облыс мамандары Шығыстағы шаруа қожалықтарында қой саны жыл сайын ақырындап өсіп келе жатыр деседі. Оған елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жайлау» бағдарламасы да өзіндік үлесін қосып келеді. Биыл осы бағдарлама бойынша қой сатып алуға облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, қолға тиген қаражатқа Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Үржар аудандарының кәсіпкерлері он мың бас (әр ұсақ мал 20 мың теңгеден бағаланып) қой сатып алған.

Асыл тұқымда береке бар
Сол сатылып алынып жатқан қандай қой? Біздің облыс үшін, ауыл халқы үшін қойдың қай тұқымын ұстау тиімді? Бөденені де бизнеске айналдырып жатқан бұл заманда тіпті, кейбіреулер қой ұстау тиімсіз, шығыны көп, пайдасы жоқ дегенді айтуда.
Бабаларымыздың ата кәсібі болып келген қойдың бабын тауып, өсіре білсе киер киім, ішер тамақ, алар пұл болатындай пайдасы көп екенін кезінде алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жазып, көрсетіп те кеткен. Ақмола, Торғай, Семей аймағының 12 уезінің шаруашылықтары мен мал өсіру жайын зерттеп, әр қойдан алынатын өнімге дейін тәптіштеп, «жарыстан қалмайын десең мал сүйегін асылда» деп қой өнімін ұқсата білу қажеттігін «Овцеводство в Степном крае» деген зерттеу еңбегінде (Ә.Бөкейханов.Таңдамалы. 1995. Алматы) жазады.
Байыс асыл тұқымды қойының отаны атанып отырған Жарма ауданының Үшбиік ауылдық округіндегі «Қараадыр» толық серіктестігінде қазіргі күні зоотехник болып еңбек етіп жүрген селекционер Дүйсенбек Рақымжанов «мал баққанға бітеді, соның ішінде асыл тұқымды, байыс қойын өсіру берекеге кенелтеді» дейді. Дүйсенбек Рақымжанов сонау 60- шы жылдары байыс тұқымын Семейдің малдәрігерлік институтының қой шаруашылығы саласы кафедрасының ғалымдарымен бірлесе жүріп дүниеге әкеліпті.
- Байыс тұқымын сол кезде Әлихан Рақымбаев, қазір Семейде тұрып жатқан Сағынхан Хаметов ақсақал, тағы да басқа маман, ғалымдармен бірге Еділбай, Дегерес, Сараджа қой тұқымдарын будандастырып, әрі қарай іріктеу жолымен алдық. Тұқым апробациядан өткен соң 1994 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №33 бұйрығымен «Қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді «Байыс» тұқымды қойы» деп бекітіліп, бәрімізге авторлық құқық берілді. Байыс қойының ерекшелігі сонда, мал жыл он екі ай дала төсінде жайылып жүре береді. Мая-мая шөп шабудың қажеті жоқ, аязды күндері қор болатындай біраз мал азығы болса жетеді. Бұл қойды бағудың шығыны аз, табысы көп. 40 градустық аязды күндері болмаса, үнемі жайылымда жүреді. Өрісте тебіндеп жайылатын байыс қойлары суыққа төзімді. Етті мал. Сойғанда қой 35-40, қошқар 50-80 келіге дейін ет береді. Тірідей салмағы одан да көп. Төртбақ келген дене бітімі де айрықша. Тек құйрығына ғана емес, өн бойына май жинап, бір май, бір ет болып келетін оның өнімі елді тамсантатын нағыз «мраморный» ет. Төлі де жақсы, тез ширайды, әр 100 саулықтан орта есеппен 92 қозыдан алып отырмыз. Шаруашылықтың екі ірі мал сою цехы бар. Сатып алушыларға қой осы жерде сойылып беріледі, - дейді «Қараадыр» серіктестігінің селекционер, зоотехнигі Дүйсенбек Рақымжанов.
Үшбиік ауылдық округінде байыс қойын Болат Шайыховтың осы «Қараадыр», Құрманғазы Мұсағитовтың «Мүсілім» шаруашылықтары өсіріп жатыр. «Қараадыр» толық серіктестігінде 12 мың, «Мүсілім» ЖШС-де 10 мыңға тарта байыс қойы бар. «Жайлау» бағдарламасы бойынша алынып жатқан қойлар да көбінесе осы шаруашылықтардан сатылып алынып отырған көрінеді. Шаруашылықтың малын өз облысымызбен қатар жыл сайын Павлодар, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да келіп, сатып алып кетеді. Өсіру үшін. Бүгінде Алматы, Павлодар өңірлерінде байыс қойымен байып отырған шаруашылықтар аз емес. Етке өткізілетін қойды да көбінесе оңтүстік жақтан келушілер сатып алып жүр.
Байыс, басқа асыл тұқымды қой түрін өсіруші шаруашылықтарға екі жылдан бері мемлекеттен әр басына 1,5 мың теңгеден субсидия беріліп келеді. Он мың бас асыл тұқымды қойы бар шаруа қожалығына 15 млн. теңге тегін қаржы беріледі деген сөз. Асыл тұқымды қойды өсіргендердің қай жағынан болмасын ұтылмайтынын осыдан -ақ ұғуға болар.

Қайран жүн далада жатыр
Күй талғамайтын, тез қоңданатын етті бағыттағы бұл қойлардың жүні КСРО кезінде Қазақстандағы кілем тоқу фабрикасының ең қажетті шикізаты болып, басқа қойдың жүні 11-20 сомнан тұрғанда, байыстыкі одан екі-үш есеге артық бағаға сатылып алынған. Өйткені, жартылай қылшық болып келетін ақ және сұр түсті байыс тұқымды қой жүні - қандай бояуды болмасын тез сіңіріп алатын, боялуға бейімді, берік шикізат.
Сол жүн қазір ешкімге керексіз болып қалған. «Қараадыр» серіктестігінің сегіз шаруашылығының тонна-тонна жүні қаракүйеге желініп, желге ұшуда.
- Ол жүнді сатып алатын ешқандай сервистік орталық та, орын да, кәсіпорын да жоқ. Кейде Алматы жақтан келген сатып алушыларға әр келісін 35-40 теңгеге өткізіп, әйтеуір амалдаған боламыз. Егер аймақта жүн, тері қабылдау мәселесі шешілсе, қойдың жүні де, еті де, қиы да, терісі де кәдеге жарап, қазіргіден әлденеше есе артық пайда әкелер еді. Бірақ осыны бәріміз айтамыз да, қоямыз, - дейді Дүйсенбек Рақымжанов қынжылысын білдіріп.
Елбасы өзінің өткен жылғы Жолдауында Үкіметке мал шаруашылығын, қой шаруашылығын өркендетіп, жайылымдықтар мен өрістерді дамытуды, мал азығы өндірісін жетілдіруді тапсырды. Облысымызда қой жайылатын өрістер жетіп артылғанымен, олардың көбі сусыз жатқан жерлер. Өңірде жаңаланғаны бар, ескісі бар, барлығы 1230 мал суаратын құдық бар екен. Қажеті бұдан бірнеше есеге көп. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында енді шаруашылықтың құдық салуға кеткен шығынының 80 пайызы мемлекеттен қайтарылып берілмек. «Қараадыр» серіктестігінің жайылымдықтары мен жайлауларына да мал құдығы керек. Биыл серіктестік 37 құдық салуға өтінім беріпті. Байыс қойын молайтып, берекеге, байлыққа кенелтіп отырған асыл тұқымның табысын арттыра түсу мақсатында серіктестікте өзге де жоспарлар жасалып, шаруалар атқарылуда.
Алдағы жыл алтын бесік ауылдың жұртына жұмыс, табыс болып отырған түлігіміз - қоңыр қой, момақан қозының жылы. Еңбегіне қарай - өнбегі. Мал бағып, мал өсіруге қараңдық деп қарамай, мамандық деп, кәсіп көзі деп қарап, қадіріне жеткен жандарға қой ырыс болып қонады.
Жанаргүл Мұқатай, Өскемен 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста