Жай және артықшылығы бар акциялар
«Жай акцияның қарапайымдылығы неде, артықшылығы бар акцияның несі артық?» деп ойлайтын боларсыз. Жай акциялар оның иесіне дауыс беру құқығын береді. Оған дивиденд төленуі міндетті емес. Дивиденд төленер-төленбесін жыл соңында акционерлердің жалпы жиналысы шешеді. Мысалы, Қазкоммерцбанк 2008 жылы жай акцияларға дивиденд төлемей, табысты түгелдей банк капитализациясын арттыруға жұмсады. Соңғы жылдары банктердің дені осындай саясат ұстанған.
Ал артықшылығы бар акциялар бойынша дивиденд міндетті түрде төленеді. Есесіне акционердің дауыс беру құқығы болмайды. Алайда миноритарлық акционерге кәсіпорын саясатына қатысудың қандай қажеті бар? Қазкоммерцбанк артықшылығы бар акцияларын шығарғанда әр акцияға доллар бағамының 0,04 пайызы деңгейінде дивиденд төлеуге уәде еткен. 2006 жылы – 5 теңге дивиденд төленген (1$=127Т). Биыл айырбас бағамының 150 теңге екенін ескерсек, акционерлерге әр акция үшін 6 теңгеден тиіп қалар.
«Асыл-инвест» сарапшысы Дамир Сейсебаев «акция құнының өсуі емес, дивидендтерден табыс көргісі келген инвесторлар артықшылығы бар акцияны алғаны жөн» деген пікірде. Дегенмен экономика өрлеген кезде жай акциялар құны өсуі арқасында жақсы пайда табуға болады.
Мына кестеде 2007 жылғы акция құны мен оған сай төленген дивиденд мөлшерін көре аласыз. Осыған қарап акция алу тиімді ме, тиімсіз бе, бағамдай беріңіз.
Қазақстандық эмитенттердің арасында дивидендті молынан төлеуші ретінде «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы танымал еді. Кәсіпорын акцияларының 10 пайызы жекешелендіру кезінде байырғы мұнайшыларға тиген, өзгесі –Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясының қолында. Осы уақытқа дейін әр акцияға 11-16 мың теңге дивиденд төлеп келген компания, биыл мұнай бағасы төмендеп кетті деп 100 теңге төлемек болған. Мұнымен келіспеген миноритарлық (кішігірім) акционерлер Ақтөбе облыстық экономикалық сотына шағымданып жатқан жайы бар. Қарт мұнайшылар «компания басшылары экологиялық айыппұлдарды миноритарлық акционерлер табысы есебінен төлегелі отыр» деп күдіктеніп, есеп-қисапқа тәуелсіз аудит жүргізілгенін қалайды. Дивидендіне қызығып, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акциясын аламын десеңіз де ала алмайсыз. Өйткені компания листингтен, яғни Қазақстан қор биржасындағы еркін саудадан шығып кеткен. Енді Кеңқияқта мұнай өндіретін компания акциясын ұйымдаспаған нарықта, яғни акционерлердің тікелей өзінен ғана сатып алуға болады.
Табыс таптық!
Өткен жолы өз портфеліміздің табыстылығын анықтайтын әдіс туралы айтқан едік. 27 сәуір мен 14 мамыр аралығында біздің портфельдің табыстылығы 12,34 пайызды құрапты. Ал KASE индексі кірісі – 18,84 пайыз.
Альянс банктен өзге эмитенттер акцияларының барлығының бағасы өскен. Яғни біз бастапқыда портфельді жасақтауға 399 мың теңге жұмсадық, акцияларды түгелдей қазір сатып жіберсек, қолымызға
448 305 теңге тиеді екен. 3 аптаның ішінде 12 пайыздық табыс көрсек жаман емес сияқты. Қазір теңге түріндегі депозиттердің жылдық ставкасы 12-13 пайыз екенін өзіңіз білесіз.