Жанар-жағармай бағасының өсу себебі неде?
Еліміздің барлық аймағында жанар-жағармайдың бір литрінің бағасы орташа есеппен 3-5 теңгеге өсті. Мәселен, Алматы қаласының жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 – 99-дан 102 теңгеге, АИ-80 – 84 теңгеге, дизель отыны 88 теңгеге артқан. Анықтай келгенде, бағаның бұлайша өзгеруі Мұнай және газ министрлігінің маусым айында жанар-жағармайдың шекті бағаларын 3-тен 7 пайызға дейінгі өсіммен белгілеуімен байланысты болып шықты.
Биліктің позициясы...
Осыдан бір ай бұрын да аталған өнімнің бағасы күрт өзгеріске ұшыраған болатын. Сол кезде мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев оны Ресейдегі жағдаймен тығыз байланысты деп түсіндірген еді. Яғни мамыр айында Ресейдің бірнеше аймағында жанар-жағармай тапшылығы орын алып, оның бағасы қымбаттаған болатын.
Ал бұл жолғы өзгеріс ішкі себептерге байланысты орын алып отыр. Яғни еліміздің құзырлы органы маусым айында жанар-жағармайдың шекті бағаларын 3-тен 7 пайызға дейін өсіммен белгіледі. Соған сәйкес, бір демде еліміздегі жанар-жағармай құю бекеттері өнім бағасын жоғарылатты. Сондықтан бұл ретте Монополияға қарсы күрес комитетінің де қандай да бір шара қолдана алмасы анық.
Қалай дегенмен де, бүгіндері «мұнай өндіруші мемлекетте жоғары құнның белгіленуі қисынсыз» деген қоғамдық пікір бой көтеріп тұр. Мысалы, мұнай өндіретін Сауд Арабиясында ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың бір литрі 23 теңгеге саудаланса, Ливияда бұл баға 42 теңгені құрайды екен. Тіпті мұнай импортына тәуелді мемлекеттер – АҚШ пен Қытайда аталған өнімнің бір литрі біздікіндей бағамен бағаланатын көрінеді. Ал біздегі жағдай неге мүлде басқаша?.. Тура осындай сауалды алдындағы баға өсімі кезінде Парламентке заң жобасын таныстыруға келген мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевқа депутат Владимир Нехорошев те жолдаған еді. Ол кезде министр: «Қазақстан Ресейдегі жанармай бағасына тәуелділігінен құтыла алмайды. Бұл бір-ақ жағдайда мүмкін: егер біз Ресеймен арадағы шекараны жауып тастай алсақ... Бізде мұнай жеткілікті. Дегенмен Ресейсіз бағаны реттейміз деу мүмкін емес», – деп жауап берген. Ал «Кеден одағына енгенде іштегі жанар-жағармай құнының Ресейдегімен теңесіп кету қаупі бар ма» деген сауалға ол: «Кеден одағы аясында Қазақстандағы баға Ресейдегіге қарағанда төмен болуы керек, бірақ бұл ретте қазір белгіленген шек жоқ», – деген.
Сондай-ақ еліміздегі мұнай өнімдері импортына бұған дейін 1 шілдеге дейін тыйым салынған болатын, бүгіндері бұл шектеу мерзімі тағы да ұзартылып отыр. Осы жағынан алғанда, біздегі құзырлы ведомство аталған мәселеге қатысты қолынан келгеннің бәрін қолданып жатқан сыңайлы.
«Жау алыстан келмейді» демекші, барлық гәптің солтүстік көршімізден шығып жатқан жайы бар. Яғни біздің жанармай бағасын реттеуде Ресеймен санаспауымызға болмайды. Соған қарағанда, әлемдік бағадан гөрі, елімізге көршілердің нарқындағы жағдай ықпалдырақ әсер ететін болып тұр.
Еске сала кетелік, Ресейдегі жанар-жағармайдың бір литрі – отандық валютамен есептегенде, 130 теңгеге тең.
Техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдебаев: «Бүгіндері жанар-жағармай бағасын реттеуде мемлекеттік монополия міндетті түрде қажет», – дегенді айтады. «Өйткені жанар-жағармай – қуат көзі. Тұтыныстағы тауардың барлығының шығынына аталған өнімнің бағасы енеді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі жаппай тауарлардың қымбаттауына, инфляцияның күш алуына әкеліп соғуы мүмкін. Иә, түбінде біздегі жанар-жағармайдың құны Ресейдегімен теңесуі әбден ықтимал. Сондықтан осы әлсіз тұсты пайдаланып, өңіріміздің әр аймағында спекуляцияға жол беріліп жатқан фактілер бар. Оны міндетті түрде ауыздықтау керек. Әрине, мемлекеттік монополия арқылы ғана», – дейді маман. Ал жекеменшіктердің бұл реттегі пікірі мүлде басқаша...
Жекеменшіктер көтерме бағаны да шектеуді ұсынады
Бұл арада Мұнай және газ министрлігі ай сайын әлеуметтік маңызды жанар-жағармай түрлерінің шекті бөлшек бағасын белгілеп отыратынын, бірақ мұнай өнімдерін өндірушілер үшін көтерме бағаны шектемейтіндігін баса айта кетелік. Осының соңғысы ішкі нарықта дүрдараздық туғызуда. Осындай пікірдегі SID NEFT жекеменшік жанар-жағармай құю бекетінің директоры Сергей Богданов:
– Бізге сұраған қажетті мөлшерде жанар-жағармай бөлінбейді. Үкіметтің белгілеген бағасымен алатын жанармайымыз 10 күннен кейін-ақ таусылып қалып жатыр. Сондықтан тұтынушыларымыздан айырылып қалмас үшін біз көтерме сауда жасаушылардың қызметіне жүгінуге мәжбүрміз. Мысалы, алдында біз көтерме саудадан АИ-92-ні 88 теңгеден алсақ, оны өзімізде 89 теңгеден саудалап жүрдік. Айырма – 1-ақ теңге. Оның өзі осы бағыттағы шығындарымызды да жаппайды. Яғни қазір біз «минуспен» жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан құзырлы орган мұнай өнімдерін өндірушілер үшін көтерме бағаны да бөлшек саудадағыдай шектесе екен дейміз. Не болмаса осы көтерме сауда жабайы жүргізілмес үшін ең құрығанда заңды түрде жұмыс істейтін интернеттен биржа ашса екен деген тілегіміз бар. Сонда халықтың көз алдында бағалардың қалай, қандай жағдайда құбылып жатқаны белгілі болып отырады. Әйтпесе, жанармайдың бағасы өссе болғаны, жұрттың бәрі жекеменшіктерді кінәлап шыға келеді. Ал, шындығында, нақты жағдай басқаша ғой, – дейді.