Жаназа шығарудың да азабы бар
«Өлімнің де өсегі бар» дейді қазақ. Өмірге келген пенденің пешенесіне жазылған талқаны таусылған күні ақыретке аттанатыны ақиқат. Әйтсе де бақилық болған марқұмның артында қалғандардың мүрдені ақтық сапарға қалай шығарып салып жүргені ойландырмай қоймайды. Редакциямызға осы мәселені көтеріп келген ақсақалдың аты-жөні Кеуілқош Бисенбеков екен. Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітінің жанындағы сауат ашу курсын тамамдаған қария өлім-жітім кезіндегі жаназа шығару мәселесі туралы өз ойларын ортаға салғысы келіпті. Дін саласының мамандары мен мешіт имамдарының пікірін негізге ала отырып, оқырманымыздың ойын өздеріңізге жеткізуге тырыстық.
Дүние салған жанның ағайындары, негізінен, бес нәрсеге міндеттеледі екен. Олар: мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын айту, жерлеу, қарызын өтеу. Ал қалғаны қосымша ғибадат, сауап істер. Мұндағы басты мәселе – абзал саналатын амалдарымызды парыз етіп, ысырапқа айналдырып алмау.
Өкінішке қарай, халық арасында біреудің айтқанына еріп, «осылай істемесек болмайды» деп қолдан жасап алған кәделер көп. Өзінде жоқ болса да, қарызға белшесінен батып, қарасына жылқы сою, құстың сүтінен басқаның бәрін қойып, аста-төк дастарқан жасау қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Сүйекке кіргендерге «тәбәрік» деп берілетін киілген киімінің орнына жаңа киім тарату секілді ысырапшылдық туралы тақырып өз алдына бір мақалаға арқау бола алады. Бүгінгі айтпағымыз жаназа шығарудың тәртібі туралы болмақ.
Сауатты елде сауатсыз молда болмасын
Кеуілқош БИСЕНБЕКОВ, зейнеткер:
– Өліктің жаназасын шығару кезіндегі әртүрлі жағдайларға қарап отырып, жемқорлықтың құрығы жаназа шығаруға да жетіп қалған ба деп қаласың. Жаназаны кімнің шығаруы жөнінде 2010 жылы шыққан ҚМДБ-ның жаназа пәтуаларында толық қамтылған. Соған қарамастан, осы пәтуалардың орындалуы нашар. Қайғырып отырған үй иесі мұндай жауапты істі ағайындарының арасындағы белсенді біреуіне тапсыра салады. Ол адамның да діни сауаты асып бара жатпағандықтан, шала сауатты молдаға тап болуы әбден мүмкін.
Бірде Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының Тасөткел елді мекенінде бір азаматтың жаназасын шығарып болғаннан кейін молда сапта тұрғандарға қарап: Кімдер құран оқиды? деп дауыстады. Саптағылардың ішінде бір-жар адам Құран аяттарын оқыған болды. Осындай жағдайлар көпшілік жерде кездесіп тұрады. Осы дұрыс па? Жаназа пәтуасының 21 пунктінің ең соңғы жолында «Жаназа намазының ішінде Құран оқылмайды» деп жазылған. Жиналған адамдардың ішінде «біздерге ҚМБД-ның пәтуаларының керегі жоқ. Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан жолымен жүреміз» дейтіндері де бар. Жаназада мешіттердегі ұстаздардың алдына жиналатындарға қарағанда, молдалардың алдына жиналатындардың саны көп болады.
Кейбір кездері шариғатымызда жоқ өлген адамға Құран шығару сияқты амалдар жасалады. Молдалардың ішінде Құран аяттарын кирилл әріптерін қолданып оқитындары бар. Сонда да болса, олар міндетіне алып жатады. Сонымен бірге Құранды тәжуид ережелерінсіз оқитындар да кездеседі. Ұстазсыз үйренген Құран көптеген қателіктерге ұшыратады. Осы жағдайды әр уақытта еске алу керек. Ақша үшін Құран шығаруды міндетіне алатындар да көп. Марқұмның жақындары жегжаттары мен жолдастары қабір басына барып, молдаға Құран бағыштатып, әр адам мен үшін деп молда алдына ақшалар тастайды және оған мектеп оқушылары да қатысады. Үйілген ақшаны молдекеңдер қалтаға басып жібереді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Құран аяттарын бас пайдасын ойлап, қаражат табу мақсатында, табыс көзіне айналдырса, қайта тірілетін қиямет күнінде бет әлпеті жалбыр-жалбыр болып, шала мүжілген сүйек сияқты тіріледі» деген сөзін құлаққа қыстырмаймыз. Бұл жағдай Арал мен Шалқар өңірлеріндегі бауырларымыздың арасында жиі кездеседі.
Кейде білімі жоғары адам сапта тұрады да, білімі төмен адам өліктің жаназасын шығарады. Құран бағыштағанда да дауысы керемет күшті (діни білімі жоқ адамдар үшін), ал тәжуиді мен махражы (әріптердің дыбысталуы) қанағаттанарлықсыз молдалар кездеседі. Осы сияқты жағдайлар дініміздің беделін төмендетіп, діни сауатсыздыққа қарай жетелейді.
Жаназа оқу сатылмайды
Бір танысым жаназа шығаруға, Құран оқуға әрбір имам немесе қарапайым молдалар өз дәрежесіндегі «ставкілерін» белгілеп қойғанын айтады. Әрине, бұл әңгіме ресми түрде айтылмағандықтан, әрқайсысының талап еткен ақшасын нақты айтып беру қиын. Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, 5000 теңгемен 60-70 000 теңгенің аралығында екен. Ал Құран шығарамыз деп сұрайтын ақшаны да кейбіреулер қалталарының көтермей қалғанын алға тартуда. Соның ішінде жаназа шығару ең қымбаты болып тұр. Сонда ондай ақшасы бола қоймаған мұсылман баласы жаназасыз кететін болғаны ма?
Бауыржан ЕСМАХАН, ҚР Дін істері агенттігі Ақтөбе облысы Дін істері департаментінің директоры:
– Өлiм хақ және ол әрбiр жаратылған жандының ақыры. Алла тағала Құран Кәрiмде ол жайлы: «Өзектi жанда өлмейтiн пенде жоқ. Сендердiң игiлiктi iстерiңнiң бодауы қиямет күнiнде толық қайтарылады. Тозақтың бетi әрi болып, жұмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерiң. Дүние деген – опасыз тiршiлiктiң алдамшы қызығы» («Әл Имран» сүресi, 185-аят), – дейдi. Сондықтан әрбір пенде ажал жетпей тұрып Алла тағалаға құлшылық етiп, өзiне жүктелген парыздарды өтеуi тиiс. Пайғамбармыз (с.ғ.с.) хадис шәріпiнде: «Дүние ләззаттарын жермен-жексен ететін ажалды естерiңе алыңдар» делінген. Ал жаназа шығару үшін қайғы жұтып отырған адамның жағдайымен санаспай, ақша талап ету ол – үлкен күнә. «Құран оқып, жаназа шығарған кісіге айтқан ақшасын тауып бере алмадым» деп қиналуға ешқандай негіз жоқ.
Мәйіттің намазы шығарылмай, Құран оқылмайды. Ибн Мәсғұдтан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Расулулла (с.ғ.с.) жаназа намазында Құраннан бірдеме оқуды айтпады», – делінген («Әл-әзкәр мин кәләм сәйидил әбрар», 430/1). Мәйітке арнап қырқын және жылын беру үшін үлкен дастарқан жаю әдетке айналса да, ол міндет деп қаралмайды. Яғни жасалмаған жағдайда ешбір адам Алланың алдында күнәһар, мәйітке қарыздар болып қалмайды. Дегенмен жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені даусыз. Қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап, ас беруге де шариғат қарсы емес. Дегенмен дінімізде шамаң жетпесе де, міндетті түрде қарызданып, артық шығын жұмсап, өлі атынан үлкен жақынынан айырылып, қабырғасы қайысып отырған жандардың қайғы-қасіретін түсіну қиын емес. Әйтсе де, әр адам өлім-жітімді болған жағдайда имамның бұйрығына, шариғатымыздың қағидасына мойынсұнғаны дұрыс-ақ.
Жаназа намазын өткізу
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, Ақтөбе облыстық орталық «Нұрғасыр» мешітінің найф имамы:
– Адам дүние салған соң, оның қайтыс болғанын жариялап, жерлеуге асығу – мұстахап. Мұстахап деп сауап әрі абзал іске айтылады. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке қайшы және мәйітті құрметтемеу болып табылады. Қаншалықты кешіктірсе, соншалықты оның қадір-қасиетін қашырады. Ал шапшаң орындау үшін оны дұрыс ұйымдастыру керек.
Әдетте, жерлеу рәсімін екі адам басқарады. Имам және мәйіт иесі. Имам жаназа намазы мен жерлеу рәсімінің шариғи мәселелеріне жауапты болса, мәйіт иесі оның барлық шаруашылық істерін мойнына алады. Мәйіт иесі – ол өлік шыққан үйден жаназа мен жерлеудің шаруашылық істерін атқару үшін тағайындалған адам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында жаназа намазын өткiзуге ең құзырлы кiсi патша, мүфти және ол тағайындаған жергілікті имам, молдалар.
Әрбір мұсылман мәйітке жаназа намазын оқуы тиіс. Бірақ жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрленбейді. Намазға қатысқан кісі мол сауап алады. Сондықтан сауапты білетін халқымыз барынша жаназа намазына қатысуға тырысады. Тіпті оны өзіне міндет деп біледі.
Қала тұрғындары, негізінен, көп қабатты үйлерде тұрғандықтан, жаназа намазын өткізуде түрлі келеңсіз жағдайлар туындайтыны рас. Мысалы, жоғары қабатқа шығып-түсудің ыңғайсыздығы, дәрет алуға мүмкіндік жоқтығы, көлік қоятын жердің табыла бермейтіні адамдарға қиындық туғызып жатқаны белгілі. Сондай-ақ намаз қоғамдық орындарда, яғни балалар ойнайтын алаңдарда, көшелерде, жолдарда өтіп жатады.
Қазір көпшілік жаназа намазын мешітте өткізу дұрыс деген орынды пікірлер айтып жүр. Өйткені қазіргі уақытта қай қалада болмасын, мешіт бар. Барлық мешіттеріміздің үлкен алаңдары, дәретханалары, ыстық-суық сулары, жылы залы, көлік қоятын алаңдары бар. Мешітке ерте келген қауым бос уақыттарында қосымша намаз оқиды, мәйітке бағыштап дұға-мінәжат айтады. Дәретін жаңалап алуға уақыт табады. Мешіт имамдары қызмет етуге қашан да дайын тұрады. Ал көпшілік жиналып демалатын жерлерде, ойын алаңдарында, жолдарда және көшелерде жаназа намазын оқу орынсыз.
Түйін сөз
Қазақстанның әр аймағында қайтыс болған адамды жерлеудің жөн-жосығы әрқалай. Оның басты себебі – қазақ халқын діни сауатсыздық билеген кездегі ислам дінінің жан-жақты тоқырауға ұшырап, діни ғұрыптардың түрліше өзгеріп, қалыптасуынан болса керек. Осы күні марқұмды жөнелтудегі орынсыз жасалып жүрген жоралғыларды доғару, ысырапқа жол бермеу, мәйітті шариғат жолымен жерлеу үшін белгілі бір жұмыстардың жүргізілуін уақыттың өзі талап етуде. «Бардың малын шашып, жоқтың артын ашқан» өлімге тірілердің бүгінгі көрсетіп жүрген «құрметі» дәстүрге айналып кетсе, «елден қалмаймын» деп тыраштанғандардың қазадан кейін қара сирақ болып қалуы ғажап емес.
Бұл дүниеде адам бір-ақ өледі. Оның айналасындағы жерлеу рәсімдері шариғат үкімдерін бұзып, күнәға батқанша, бәрін біліп, көріп тұрған Аллаһты алдамай, сауабы мол амалдарды орындағанымыз жөн емес пе? Шариғаттың әрбір үкімі күллі мұсылман қауымына ортақ. Тек имамдар ғана емес, әрбір мұсылман да бес парызын толық орындап, діннің барлық талаптарына сай болуға, мейлінше тырысуға тиісті. Егер әр адам өзіне осындай мақсат қоятын болса, онда ол діннің талабына толық сай болудың қаншалықты қиын екенін түсінер еді.