Жақын арада қызмет көрсету деңгейі және желі сапасы операторды таңдаудағы шешуші фактор болады

Жақын арада қызмет көрсету деңгейі және желі сапасы операторды таңдаудағы шешуші фактор болады

Али АГАН, «Кселл» АҚ-тың бас атқарушы директоры:

– Халықаралық рейтингтерде Қазақстанның ұялы байланыс нарығы жарымды көрсеткіштерге ие болғанына қарамастан, Бәсекелестік қорғау жөніндегі агенттіктің есебінде еліміздің аталған нарығына «бәсекелестігі дамымаған» деп баға берілген. Бұл пікірмен Сіз келісесіз бе?
– Ұялы байланыс нарығы Қазақстанда 15 жыл бойында белсенді дамып келеді. Бәсеке де қатал. Мысалы, 17 миллион халқы бар нарықта төрт ұялы байланыс операторы жұмыс істейді, соның ішінде біздің компанияның 17 қазандағы ақпаратқа сәйкес, 14,2 млн абоненті бар. Жаңа абоненттер тарту арқылы табиғи өсім қарқыны айтарлықтай төмендеп келеді, алайда  бізге күш алуға әлі де мүмкіндіктер бар: ІІ-тоқсанда 174 мың абонентке өссек, ал осы жылдың 9 айында 300 мыңнан асты. Осындай жағдайда операторлар арасында өте қатал бәсекелестік жүріп жатыр. Мұны минуттың орташа бағасы секілді көрсеткіштен анық аңғаруға болады, мысалы 2009 жылдан бері біздің желіде баға 3 еседен аса төмендеді, ал дауыс трафигі 4 еседен аса өсті. Сол секілді 2013 жылдың 17 қазанындағы ақпаратқа сәйкес, Кселл  желісіндегі минуттың орташа бағасы 4,7 теңгені құрады. Өткен жылдың тура осы кезеңінде ол 5,3 теңге болатын. Арзандау жыл сайын орын алғандықтан, мұны бәсекелестіктің нәтижесі деп толықтай айтуға болады. Сонымен бірге желі және қызмет сапасы, қызметтердің әртүрлілігі мен қолжетімділігі бәсекелестіктің негізгі құралдары болып табылады. Операторлардың абоненттерді тарту мен тұрақты ету әрекеттері олардың мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді. Абоненттер қызмет сапасына жоғары талап қоя бастады. Менің пікірімше, қызмет көрсету деңгейі және желі сапасы жақын арада операторды таңдаудағы шешуші факторлар болады.     
– Дегенмен сарапшылардың көзқарасынша, еліміздегі ұялы байланыс сапасы сын көтермейді. Өткен жылдың соңында Елбасымыздың өзі ұялы желі байланысының сапасыздығын қатты сынға алып, 2017 жылғы – ЕХРО халықаралық көрмесін өткізгенге дейін бұл олқылықты жоюды құзырлы мекемеге тапсырған еді. Осы негізде еліміздегі ұялы байланыс нарығын тежеуші факторларды атап бере аласыз ба?
– Еліміздегі ұялы байланыс нарығына қатысушылар желі сапасын жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп отырады деп санаймын. Жабдықтардың программалық қамтамасыз етуін жаңарту, желі сыйымдылығы кеңейту, басқа операторлармен қосылу арналарын ұлғайту сынды жұмыстар ұдайы түрде жүзеге асады. Бұл жаңартулар мен жетілдірулер жаңа технологиялар мен олардың мүмкіндіктерінің талаптарына сай болу үшін де жүргізіледі. Ал дауыс сапасымен қиындықтар объективті себептерге байланысты болуы мүмкін. Мысалы, Астанада биік ғимараттар өте көп, олар байланыс сапасына айтарлықтай бөгет жасап, кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды қосымша антенналар қою арқылы шешуге болар еді, алайда әкімшілік ғимараттар мен мемлекеттік мекемелерде оларды орнатуға тыйым салынған. Желі белгісі сапасына тұншықтырғыштар да кері әсерін тигізеді, әсіресе Министрліктер үйінің жанында орналасқандары. Бұл – жалпыға бірдей қиындықтар, қазір біз осы мәселені шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз. Ерекше атап өтер жайт, бізде тұншықтырғыштардың жұмыс тәртібі еш реттелмейді, сондықтан байланыстың мүлдем болмай қалуы секілді жағымсыз салдар орын алып жатады. Күн сайын біз тұншықтырғыштардың жұмыс аясында тұратын және қоңырау шалу мүмкіндігі жоқ абоненттер тарапынан көптеген арыз-шағым аламыз. Осы мәселеге баса назар аударып, EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезеңіне дейін оны шешу керек деп есептейміз. Біз өз кезегімізде EXPO-2017 көрмесін сәтті өткізу үшін ірі халықаралық шараларды техникалық қолдаудағы зор тәжірибемізді қолдануға дайынбыз.
– Баға мәселесіне келсек. Comnews Research сарапшылары мәліметінше, Қазақстанның тарифі ТМД-дағы ең жоғарғысы болып табылады. Мәселен, аталған сараптамалық орталықтың бағамынша, қазақстандық абонентке 1 минут сөйлесу құны ресейлікке қарағанда 113 пайыз, ал қырғыздың абонентіне қарағанда 3 есе қымбатқа түседі екен. Осы келтірілген цифр бойынша Сіз не айтар едіңіз?
– Ұялы байланыс нарығын зерттеумен тек қана Comnews Research айналысады деп айтуға болмайды. Қолданыста көптеген әдістеме бар, осындай зерттеулер мәліметтері тапсырыс берушінің алдында тұрған мақсатқа байланысты әрбір оператор өзінше түсіндіреді. Біз байланыс саласына тікелей қатысы бар және пікірлері объективті және жан-жақты ойластырылған интитуционалды ұйымдар жасаған зерттеулерге сенеміз. Осындай институттарға биыл 7 қазанда ұялы байланыс бағасы туралы жасаған соңғы зерттеулердің нәтижесін жариялаған Халықаралық электробайланыс одағы жатады. Аталған зерттеулердегі деректерге сүйенсек, керісінше ТМД елдері арасында Қазақстан ең арзан ұялы байланысқа ие. Бұл зерттеудің негізіне ұялы байланыс қызметі бағасының ұлттық ішкі табысқа (ҰІТ-қа) арақатынасы алынды. Егер Қазақстанда ҰІТ-тің жан басына шаққанда 8 220 долларды құраса, ал ұялы байланыс бағасы ҰІТ 1 пайызын қамтиды. Ресейде ҰІТ-тің жан басына шаққанда 10 300 доллар болса, ал ұялы байланыс 2 пайызды құрап, осы көрсеткіш бойынша әлемде 47-орынды иеленеді. Демек, Ресейде ұялы байланыс қызметі құны Қазақстанға қарағанда екі есеге қымбат.
Жалпы, ең арзан ұялы байланыс Австрияда – бұл елдің ұлттық ішкі табысы – 48 300 доллар, ал байланыс бағасы осы соманың 0,1 пайызын құрайды. Бұл цифр минуттың орташа бағасының төмендеуі бойынша деректермен дәлелденеді: 2009 жылдан бері біздің желіде ARMU 3 еседен аса азайды, ал дауыс трафигі 4 еседен аса өсті.
– Көлік және коммуникация министрлігінің пайымынша, MNP технологиясы, яғни абоненттің бір оператордан алған ұялы телефон нөмірін өзгертпей-ақ екінші операторға өте беруі іске қосылса, ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік туып, тарифтер арзандайды екен. Ол елімізде 2015 жылдан бастап қолданылатын көрінеді. Сіз осы  жаңа технологияның бәсекеге ықпалы мен мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Менің пікірімше, нөмірді көшіру – абоненттер үшін ыңғайлы әрекет, алайда ол тек бір симкалы нарық үшін ғана. Бүкіләлемдік статистикаға көз жүгіртсек, MNP технологиясын енгізгеннен кейін абоненттердің 2-3 пайызы ғана өзінің алғашқы операторын ауыстырады. Мысалы, 1999 жылы Швецияда MNP енгізілгенде көп күткендей «ғажайып» өзгеріс бола қоймады, яғни абоненттердің жаппай ауысуы орын алмады. Абоненттердің басым көпшілігі өздерінің нөмірлері мен операторларын сақтап қалды. Қазақстанда ұялы байланыстың негізгі операторына әлдебір себептермен көңілі толмаған тұтынушылар әлдеқашан екінші сим-карта алып қойған, оған ұялы байланыстың нарыққа дендеп енуінің жоғары деңгейі  180% болуы айғақ бола алады.
Негізінен, абонентті нөмірмен операторға «байлап қою» мүмкін емес. Өйткені операторды тек қана тариф үшін таңдап, ауыстырмайды. Операторды ауыстыру себептерінің арасында қызмет көрсету сапасы және желі сапасы секілді факторлар бар. Біз MNP технологиясын енгізуге дайынбыз: біздің желіде минуттың орташа бағасы – 4,7 теңге.
– Соңғы кездері қоғамда Кеден Одағы аясында байланыс саласындағы тарифтерді теңдестіру кезінде Қазақстанда ұялы байланыс тарифі және интернет ақысы да азаюы мүмкіндігі туралы айтылып жүр. Бұл мүмкін нәрсе ме? Азайса, ол шамамен қаншалықты көлемде болуы мүмкін?
– Кедендік одақ елдерінде роуминг тарифтерін төмендетуді біз сөзсіз қолдаймыз әрі өз тарапмыздан ұдайы осә мәселе шешімдерін  ұсынып отырамыз.  Алайда, бұл бағытта айтарлықтай алға жылжу әзірге байқалмайды. Бізге Еуропалық Одақта іске асқан модель жақынырақ болып көрінді. Онда роуминг үшін шекті бағалар деңгейі орнатылған болатын және 2007 жылдан бастап шекті бағалардың төмендеуі бірнеше жыл бойында жүзеге асты. Осы уақыт ішінде заңнамалық база жетілдіріліп, лицензия мәселесі шешіліп, экономикалық модель толықтай тексеруден өтті. Сондай-ақ осы модель өзінің өміршеңдігін бірнеше жыл бойы дәлеледеп келеді, ол ЕО азаматтарының осы аймақ ішіндегі роумингі шығындарын бірнеше есеге азайтты. Тарифтердің төмендеуін осы елдің операторлары трафиктің көбеюімен өтеді. Қазақстанда роумингке әмбебап тарифтердің енгізілуі ұялы байланыс тарифтеріне ықпал етпейді. Ол негізінен ҚР азаматтарының КО елдеріне барғанда шығындарын азайтуға ықпал етеді.   
– ІТ технологияның қарыштап дамып жатқан мына заманда жаңашылдықтарды қадағалап үлгермей де жатамыз. Ұялы байланыстың болашағы туралы сөз ете отырсаңыз. Оның орнын басқа бір түрлері басуы мүмкін бе?
– Әрине, оператор ретінде біз болашақтың қандай боларын көзге елестете аламыз – барлығы ұтқыр (мобильный) болмақ. Бұл m-education, m-health, m-cars қатысы бар. Бұл арада m-education туралы айтсақ, әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндігі болмаған адамдар ертең бұған дистанциялық оқыту арқылы қол жеткізе алады. Біздің компания осы бағытта бірінші боп қадам жасады – «Coursera» онлайн-оқыту халықаралық порталы арқылы біз онлайн курстарды қазақшаға аудара бастадық. Бірақ ол Қазақстан университеттерінің стандартты бағдарламасына кірмейді.
Сондай-ақ медицинаны барлық жерде сапалы әрі қолжетімді жасау мүмкін емес екенін де түсінеміз. Медицина әлі көп жылдар бойы үздік орталықтарда шоғырланады. Телекоммуникация рөлі әрбір адамға сапалы медициналық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік жасай алады.
Ертең-ақ сим-карталар арқылы адамдар ғана емес, автокөліктер де хабарласа алатын күнге жетеміз. Қазірдің өзінде BMW және тағы басқа автогиганттар симкалы көлік шығарып жатқанын хабарлап жатыр. Осының арқасында адамдар болашақта көлікті күтіп-баптауға, ал уақыт өте келе жүргізуге барынша аз күш жұмсайды. Автокөліктер жолдардағы қоршаған ортаны сараптап өздері бағыт құрады. Телекоммуникациялар ауаға зиянды күкірт қышқылын  шығару көлемін жүздеген тоннаға қысқартып, жасыл экономикаға өз үлесін қосып жатыр.
Сол секілді телепрезенс арқасында таяу болашақта жол жүруге қажеттілік те туындамайды. Қазірдің өзінде қожайыны жоқта өзі жылуды азайтып, реттеп отыратын сим-картамен жабдықталған «ақылды үйлер» пайда бола бастады. Онда СМС көмегімен үй-жайға келерден 1 сағат бұрын жылуды қоса салу туралы әмір беруге болады. Осы жағынан алғанда, болашақ телекоммуникация операторлары қолында, олар адамдардың өмірінің барлық жақтарын қамтитын қызмет көрсетуші болуы әбден мүмкін.  
–  Бүгіндері «Ақпараттандыру мәселелері жөніндегі ҚР заңнамалық актілеріне түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда ұялы байланыс операторларына СИЗО мен түзету мекемелеріне жақын аумақта ұялы байланыс желілері жұмысын доғару туралы бап енгізілген екен. Бұл норманы орындау мүмкін бе? Мәселен, республикамызда 75 түзеу мекемесі және 19 тергеу изоляторлары бар, яғни әр облыста бірнешеу деп айтсақ та болады. Онсыз да байланыс сапасын түзей алмай жатқанда аталған бап «жығылғанға жұдырық» дегеннің керін келтіріп жүрмей ме?
– Меніңше, бұл өте шетін мәселе. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтарына қатысты әңгіме қозғалғанда қандай салаға қатысы бар екеніне қарамастан барлық компаниялар экстремизм мен терроризммен күресті қолдаулары керек деп есептеймін. Аталған мәселені көтеріп отырған Қазақстан жалғыз ел емес. Бүкіл әлемде операторлар мен коммуникация және IT саласының компаниялары мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жобаларға белсенді және жемісті түрде ат салысады. Біз де осы мүддеден шығуға әрдайым тырысамыз. 
– Жалпы, ұялы байланыс желісінің, оның антеннасының, тіпті ұялы телефонның өзі адам ағзасына зияны туралы қоғамда жиі мәселе көтеріледі. Маман ретінде Сіз бұған қандай пікір айтар едіңіз...
– Базалық станциялар қуатының шекті мөлшерін СЭС, Көлік және коммуникация министрілігінің аймақтық инспекциялары тұрақты қадағалап отырады. Бүгіндері бүкіл әлем ғалымдары электромагниттік өрістің адам ағзасына әсерін зерттеуге ден қойған. Атап өтер жайт, мамандар белгілі бір нормаларды сақтағанда адам ағзасына кері әсердің болуын анықтаған жоқ. Неліктен? Өйткені, базалық станциялар электромагниттік өріс, сәулеленудің ионды емес түріне жатады, оған телевизия толқындары, кәдімгі радио, әртүрлі электрқұрылғылар, тіпті күн де жатады. Біз бәріміз жазда күн астында ұзақ болған адаммен не болатынын жақсы білеміз, яғни ондайда күйік фактісі тіркеледі. Мұндай толқындардың басты биологиялық эффектісі – қыздыру әсері. Осындай толқындар әсер ету аумағында біздің ағза осындай күйге түседі. Сондықтан, базалық станциялардың қуаты қатаң бақыланады – ғимараттарда тұратын сыртқы антенналар 25- 30 ватты құрайды. Мысалы, дециметрлік толқындарда жұмыс істейтін қалалық телевизиялық антеннаның қуаты – 40 000 ватт, бұл дегеніміз базалық станцияның қуатынан 1500 есе көп.
Ағзаға жасуша деңгейінде өте қатты кері әсерін тигізетін өзгерістерді тек қана ионды сәулелену тудырады, яғни, бұл дегеніміз радиация – рентген, гамма-сәулелену және т.б. Біраз жерде орын алып отырған халықтың тарапынан базалық станцияларға қарсылық мамандарға ноцебо эффектісі ретінде белгілі. Ноцебо құбылысын Лондон Патшалық Колледжінің ғалымдары жақсы сипаттаған.  Олар 147 адамнан тұратын топты алып, жартысына Wi-Fi-дың зиян екендігі туралы, ал қалған жартысына Wi-Fi-дің ағзаға кері әсері жоқтығы жөнінде фильм көрсетеді. Сосын екі топты біріктіріп, іске қосылмаған (!) «белсенді Wi-Fi аумағына» отырғызады. Қызықты қараңыз, сонда топтың жартысының жағдайлары нашарлағанын, зейіннің жоғалғанын, бастың ауырғанын айтып, шағымданған, тіпті бірнеше адам халі күрт нашарлауына байланысты ғылыми тәжірибені тастап кеткен. Бәрінен таң қаларлығы, олардың денелеріне бекітілген құралдар осы айтылған ауру белгілерін шынымен де анықтаған. Денсаулығының нашарлауына шағымданған адамдар Wi-Fi-дің зиян екендігі туралы фильм көрген топтан болып шыққан. Осы ғылыми тәжірибе адам миының өзін-өзі иландыруға таңқаларлық қабілетін анықтады. Демек, аталған тәжірибеден БАҚ таратқан мәліметтердің  адам денсаулығына және өміріне тікелей ықпал ететіндігін анық аңғаруға болады. Сондықтан біздегі кез келген ақпарат міндетті түрде сарапшы мамандардың талқысынан әбден өткізіліп, нақтыланып берілуі керек.  
– Тұщымды әңгімеңізге рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста