Жарамсыз жанармай «жыры»
Мұнай экспорты жөнінен әлем бойынша жетекші елдердің бірі атанып отырған еліміз өз халқын сапалы жанармаймен қамтамасыз етуге қауқарсыздық танытуда. Соның салдарынан көліктеріміз қақалып-шашалып, құралдары мерзімінен бұрын істен шығып жатса, еліміздің ауасы жарамсыз жанармайдың әсерінен ластанып жатыр. Көлік жүргізушілері сапасы стандартқа сай келмейтін жанармайға жем болып, халқымыз сапасыз жанармайдың әсерінен ластанған ауа жұтып, денсаулықтарына қауіп төнуде. Жарамсыз жанармайдың жыры осылайша таусылар емес...
Жақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздегі жанармай бекеттерінің 60 пайызы (!) сапасыз бензин сататыны жөнінде мәлімдеме жасады. Техникалық реттеу және метрология басқармасының басшысы Асқар Хасеновтің айтуынша, мамандар жарты жылда 175 жанармай бекетіне тексеру жүргізіп, олардың 67 пайызынан түрлі заңбұзушылықтарды әшкерелеген. Қалта қамын күйттеген бекет қожайындары көбінесе тұтынушыларға октандық көрсеткіші төмен бензин сатумен айналысқан. Әзірге аталмыш министрліктің қырына Алматыдағы «Роял Петрол», «Сервис Петрол», «Нурмат», «Сидоренко», «Эльдорадо-2005» бекеттері ілігіп отыр. Осылайша, бүгінгі күні сапасы стандартқа сай келмейтін жалпы құны 400 миллион теңгеге жететін жанармайды сатуға тыйым салынған. Тексерілген жанармай бекеттерінің басым бөлігінде жанармайдың құрамы, сапасы октандық саны көрсетілген санмен мүлдем сәйкес келмеген. Мәселен, АИ-93 деп сатылған жанармайдың сапасы АИ-80-ге пара-пар болған. Ал АИ 96-ның орнына АИ-93 сатылса, АИ-80 деген көрсеткішпен зауытта мүлдем өндірілмейтін октан саны 76,75-ке тән бензин сатылған.
Өкінішке орай, мамандар қалада қаптап кеткен сапасыз мұнай өнімінің кімнің арқасында, қалайша сатылымға шығарылып отырғанын анықтай алмай отыр. Себебі жанармай құрамы тасымалдау мен сақтау кезінде де бұзылуы әбден мүмкін көрінеді. Сондықтан сарапшылар «жанармайды қалаға кіргізер алдында да алдын-ала тексеретін бақылаушы құрылым болғаны дұрыс» дейді. Айта кетер жайт, сапасы стандартқа сай келмейтін жанармай құрамында күкірт және қорғасын мөлшері қалыпты жағдайдан өте көп болады екен. Ал бұл көлікке де, экологияға да аса зиянды. Сапасы нашар жанармай автокөліктің қозғалтқыш құрылғысына аса қауіпті болса, сапасыз жанармай құйылған көліктен шыққан көк түтін қоршаған ортаны аяусыз ластауда. Мамандар көлік құрылғысында дұрыс жанбаған жанармайлар ауаға улы газды мөлшерінен көп бөліп шығаратынын анықтаған.
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Сапасыз жанармайлардың көлік қозғалтқышына зияны өте зор. Ол көліктің қызмет ету мерзімін де қысқартады. Сапасыз жанармай ауамен қоса жерасты суларын да ластауда. Жанармайдың сапасы халықаралық стандарттар түгілі, өз еліміздің стандартына да сай келмейтінін байқап отырмыз. Сондықтан тез арада жанармай сапасын жоғарылату шаралары қолға алынуы керек. Сапасыз жанармай түгілі сапасы талапқа сай жанармайдың өзінің адам денсаулығына кері әсері зор. Мәселен, дамыған шетелдерде жанармай бекеттерінің барлығы қаланың сыртына шығарылған. Ал бізде қаланың қақ ортасында орналасқан жанармай бекеттері адам денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
Осындайда еріксіз «Еуро-3» стандартына көшеміз деген ой келеді. Өйткені мұндай сапасыз жанармаймен «Еуро-3» түгілі, «Еуро-2»-нің де ауылы алыс болатыны айтпаса да түсінікті. Рас, жаңа технологиялар енгізу арқылы жанармай сапасын көтеру жөнінде әрекеттер жасалып жатыр. Мәселен, «Еуро-4» стандартына сәйкес жанармай шығару үшін Атырау қаласындағы мұнай өңдеу зауыты жаңартылды. Әйтсе де керек нәтижеге қол жетер емес. «Еуро-4» жанармайы болады» деп уәде етілгенімен іс жүзінде зауыт шығарған жанармай тіпті «Еуро-2» стандарты талаптарына да сәйкес келмей отыр. Яғни «Еуро-2», «Еуро-3» тұрмақ, қаладағы жанармайлардың сапасы зауыт стандартының өзіне сай келмейді. Кез келген адам елімізде ауаның таза болғанын қалайды. Еуро стандарттары нормасының басты талабы – автокөлік құралдары мен отыннан бөлінетін улы газдарды шектеу болып табылады. Бүгінде еліміздегі автомобиль құралдары ауаға жылына бір миллион тонна зиянды қалдықтар бөліп шығарады. Республиканың ірі қалаларында ауаны ластаудың 60 пайызы автокөлік құралдарының үлесіне тиесілі болса, Алматы қаласында ауа ластануының 90 пайызына көліктер «кінәлі» көрінеді. Осы орайда «Organіc» тәуелсіз мұнай өнімдерін зерттеу орталығының директоры, химия ғылымының кандидаты Ақмарал Қалмұратова «Соңғы зерттеу нәтижесінде Алматы қаласының өзінде 39 жанармай бекетінің заңсыз әрекетін әшкереледік» – дейді. Аталмыш орталық жанармайды арнайы зертханадағы тексеруден өткізіп, құрамындағы қорғасынның көлемін, октанның санын, фракциялық құрамы мен бензолдың көлемдік үлесін анықтайды.
Ақмарал ҚАЛМҰРАТОВА, «Organіc» тәуелсіз мұнай өнімдерін зерттеу орталығының директоры, химия ғылымының кандидаты, мұнай өнімдерінің сәйкестігін растайтын эксперт-аудиторы:
– Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен жасалған келісімшарт негізінде Алматы қаласындағы сатылып жатқан жанар-жағармай сапасын ай сайын қадағалаудан өткіземіз. Мәселен, соңғы тексеру нәтижесінде АИ-96 маркалы бензиннің орнына АИ-92 бензинін сатып жатқанын зерттеу арқылы дәлелдедік. Кейбір жанармай бекеттерінде тікелей айдалған бензин фракциясын да сатуда. Оның октан саны зауыттан шыққан бензиндерден 25 данасына кем. Егер де зауыттан шыққан бензиндердің октан саны ең төмені 80 болса, сатылып жатқан тікелей айдалған бензин фракциясының октан саны 55,5-ке тең. Заң бұзған жанармай бекеттерінің зерттеу нәтижелерін қалалық мемлекеттік бақылау басқармасына тапсырдық. Одан ары жанармай бекеттеріне қандай шара қолдану керектігін аталмыш мекеме анықтайды. Біз ай сайын 55 көлік бензиннің сынақ үлгісін және 11 дизель отынының сынақ үлгісін сатып алып зерттейміз. Сапасы «Еуро-3» стандартына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруге өту – ол зауыттардың модернизациясына байланысты. Ал қалалық жанармай бекеттерінде сапалы бензиннің сатылуы – зауыттан шығып жанармай бекетіне жеткенше тасымалдау, сақтау және сату сатыларында сапасын сақтап жүргеніне байланысты. Кезінде мемлекетімізде мұнай өнімдерінің сапасын бақылау жүйесі жүргізілген. Қазір ондай жұмыстар жоқ. Сондықтан қазіргі қолданылып жатқан шаралар сатылып жатқан мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту үшін аз деп ойлаймын. Еліміздегі жанармай сапасын бақылау жүйесі дұрыс емес, осы уақытқа дейін бұл мәселе әлі дұрыс жолға қойылған жоқ. Сондықтан кезінде енгізілген мұнай өнімдерінің сапасын бақылау жүйесі қайтадан енгізілмесе жанармай бекеттеріндегі мұнай өнімдерінің сапасын жоғарылата алмаймыз.