«Жасыл көпірдің» болашағы зор
Жуырда Астанада Қазақстанның «жасыл экономика» саласындағы маңызды әрі ауқымды бастамаларының бірі – «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын әзірлеу бойынша қорытынды кеңес өтті. Онда еліміздің «Жасыл көпірі» тағы бір мәрте пысықталып, беделді халықаралық ұйымдардың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Белгілі болғандай, бүгінде әлемнің көптеген мемлекеті осы бағдарламаны қызу қолдап отыр.
ҚР қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушы Руслан Бөлтіріков хабарлағандай, БҰҰ-ның Экологиялық саясат жөніндегі Еуропа экономикалық комиссиясының комитеті Қазақстанның «Жасыл көпір» бағдарламасын Еуропа елдері экология министрлерінің VII конференциясының күн тәртібіне енгізді. Енді бұл бастама ағымдағы жылы қыркүйектің 21-23-і күндері Астана қаласында өтетін «Еуропа үшін қоршаған орта» тақырыбындағы экология министрлерінің VII конференциясында міндетті түрде қаралатын болады. Бағдарлама қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара ынтымақтастықтың ортақ алаңы ғана емес, осы саладағы ірі экологиялық жобалардың бастауы ретінде де кеңінен танылып отыр. Бүгінде Қазақстанның «Жасыл көпір» бағдарламасын Азия елдері толығымен қолдап отыр. Енді оған Еуропа мемлекеттері қосылса, 2012 жылы маусымның 4-6-сы күндері Бразилияда өтетін «РИО-20» мыңжылдық саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Жасыл көпір» аймақаралық бағдарлама бойынша баяндама жасайтын болады. Бұл бағдарлама Қазақстан үшін ғана емес, барлық Азия және Тынық мұхит елдері үшін экология саласындағы көптеген жаңалықтың жаршысы ретінде танылуы әбден мүмкін. Себебі ол арқылы Еуропаның экологиялық таза технологияларын кеңінен тартып, аймақта нақты жобаларды қолға алу көзделіп отыр.
Александр КЕЛЬЧЕВСКИЙ, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы:
– Қазақстанның «Жасыл көпір» бастамасының үлкен әлеуеті бар. Бұл бағдарламаның болашағы зор, себебі осы құжат климаттың өзгеруі, биоалуандылық, тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік тағы басқа бүгінгі әлемде қалыптасқан көптеген мәселені қамтиды. Ал, ең бастысы, «Жасыл көпір» астаналық бастамасы экологиялық шығындардың қайталанбауын көздейді.
Стивен ТУЛ, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі:
– Шынымен де, «Жасыл көпір» бастамасының әлемді өзгертіп, бізді табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бейімдей алатындай әлеуеті бар. Бұл бағдарлама Бразилияда өтетін «РИО-20» дүниежүзілік саммитінде талқыланатындықтан, оған қатысатын әлемдік қауымдастық тұрақты даму прогресін күшейту бойынша маңызды шешімдерді қабылдайды. «Жасыл көпір» аймақтық ықпалдастықтың ашық алаңы бола алады.