Жеке тұрғын үй салу үшін нені білу керек?
Өз үйі туралы армандамайтын жан жоқ. Біреулер бар жиған-тергеніне, біреулеп ипотекаға пәтер сатып алса, басқалары өз арманындағы үйін тұрғызуға білек сыбана кірісіп жатады. 7kun.kz тақырыпқа орай талдау жасап көрген еді.
Алайда үй тұрғызбас барлық ережелерді сақтау керектігін қалың көпшілік біле бермейді. Сондықтан заң бұзылған соң, салынып қойған үйдің бұзылу оқиғалары да кездеседі. Ендеше, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін жер алып, үй тұрғызу алдында қандай ережелерді ұстану керек екені, жеке тұрғын үй құрылысын рәсімдеу ережелерін еске саламыз.
1.Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді сатып алмас бұрын таңдалған қоныс учаске ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен жеке тұрғын үй орналастыру және шаруашылық жүргiзу үшiн азаматқа берiлген жер учаскесi екеніне, бұл учаскені белгілі уақыттан кейін мемлекет қажеттілігіне тартып алмайтынына көз жеткізіңіз. Учаскенің қаланың не жергілікті жердің бас жоспарына сәйкестігін, жақын уақытта айталық, бұл учаске арқылы республикалық маңызы бар жол салынбайтынын тексеріңіз. Бұл мәліметті Сәулет және қала құрылысы басқармасынан алуға болады. Сондай-ақ, белгілі шектеулер де бар. Мәселен, құрылысты зираттардың санитарлы-қорғау зоналарында, электр тарату желілері және өндірістік-кәсіптік нысандарда салуда арнайы қойылған шектеулерді қаперге алған жөн.
2.Таңдаған жер учаскеңіз бөлінбейтін және сіз оның үлескер қожайыны болсаңыз, мамандардың айтуынша, сатып алу-сату келісімшартын жасамас бұрын алдағы салынатын жеке тұрғын үй құрылысына көршіңіздің келісімін алғаныңыз абзал. Ең дұрысы – рұқсатты нотариалды түрде рәсімдеу қажет. Себебі, жер учаскесінің бір үлескер қожайыны құрылысқа келісімін бермесе, үйіңізді тұрғыза алмайсыз.
3.Жер учаскесін сатып алғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни болашақ үйіңіздің жоспарын жобалау мен әзірлеуге рұқсат алуыңыз қажет. Ол үшін алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы Сәулет-құрылыс басқармасына не бөліміне өтінішіңізді, бекітілген жобалау тапсырмасын, жер учаскесінің құжаттарын, техникалық шарттарға арналған сауалнамалық парақты тапсырасыз. Техникалық парақта коммуникацияларды өткізгендегі қажетті жүктеме мен қуаттылық белгіленеді. Мәселен, жер үйлерде электр қуаты күніне 5 КВт, су күніне 0,76 текше метр болады. Бұл қызметтер мемлекеттік болғандықтан тегін жасалады. Құжаттарыңызды ХҚО-на не веб-портал арқылы «Электронды үкіметке тапсырғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды 6 жұмыс күні ішінде ала аласыз. Бұл құжаттар құрылыс жүргізіліп жатқан бүкіл мерзім бойы жарамды. Өтінішіңіз қабылданбаса 5 күн ішінде негізделген жауап келеді. Сәулет-жобалау тапсырмасында сейсмикалық жағдай, үй көлемі (учаскенің 20 пайызы көгалдандыруға жұмсалуы керек), жердің үйге қарағандағы пайыздық ара салмағы, әрлеу және инженерлік желілерге қойылатын талаптар, құрылысты жүргізуге қойылатын талаптар ескеріледі.
4.Тапсырыс беруші Сәулет-жобалау тапсырмасын алғаннан кейін эскиздік жобасы әзірленеді. Салынатын үйдің жоспарын жеке меншік кәсіби мамандар дайындауы тиіс. Қызмет құны 30 мың теңгеден басталады. Баға мөлшері үйдің ауқымына қарай өзгереді. Бұл құжатта техникалық шарттар, атап айтқанда, жарық беру, су, газ жүргізу, канализация нүктелері және учаске шекарасынан бері қойылған шегініс де жазылуы қажет. Сондай-ақ шаруашылық құрылыстарын, гараж, қоймаларды да көрсету керек.
Жобада қауіпсіз тұру талаптарына сай келетін, тұрғын ғимараттарға арналған ең аз мемлекеттік нормативтер және стандарттардан төмен емес құрылымдық және жоспарлау шешімдері көрсетіледі.
«Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» Заңның 3-бабына сәйкес сіз белгіленген құрылыс және басқа да міндетті нормалар мен ережелерін бұзбайтын, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің сәулет-қала құрылысы қызметімен келісілген кез келген жоба бойынша тұрғын үй салуға құқылысыз. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 60 бабының 2 тармағы 1) тармақшасына сәйкес республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша, сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды жүзеге асыра алады. Сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандарда жеке тұрғын үйлер салу заңнамада белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобаның әзірленген жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 28 ақпандағы №165 бұйрығымен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларының 9 тармағының 3) тармақшасына сәйкес геологиялық (гидрогеологиялық және инженерлі) және сейсмикалық жағдайларға қарамастан, жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) тұрғын үйлер техникалық жағынан күрделілерге жатпайтын жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге жатқызылады. Заңның 64-5 бабына сәйкес, аккредиттелген сараптама ұйымдары құрылысқа арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізеді.
5. Дайын болған эскизді келісу – маңызды қадам. Барлық құжаттар ХҚО арқылы жергілікті Сәулет-құрылыс басқармасына не бөліміне жіберіледі. Жеке басыңызды куәландыратын құжатыңыз, сәулет-жобалау тапсырмасы мен эскиздік жобаның көшірмесі болуы шарт. Құжаттарды қарау мерзімі – 10 күн. Үй жоспары бекітілгеннен кейін ешқандай өзгерістер енгізе алмайсыз. Құрылыс эскиздік жобамен сәйкесіп жүргізілгені жөн. Олай болмаған жағдайда оны қабылдамау қаупі де жоқ емес. Сарапшылардың айтуынша, көбінесе шекара сызығынан шегініс жасамау жағдайлары орын алып жатады екен.
Осы шарттарды орындағаннан кейін жеке үйді тұрғызуға кіріссеңіз болады.