Жеміс бағасы жеткізбей барады
Жақында Қаржы министрлігінің Кеден бақылау комитеті «Қазақстанда азық-түліктің бөлшек саудадағы бағасы көтерме саудадағы импорттық бағасынан бес жарым есе қымбат» деп мәлімдеді.
Аталмыш мекеме жеміс-жидектер мен басқа да заттардың көтерме-импорттық және бөлшек саудадағы бағасын салыстыра отырып, осындай тоқтамға келіп отыр. Мәселен, бір апта ішінде импортталған жеміс-көкөністердің бөлшек бағасы сатып алу құнынан 1,2-ден 5,6 есеге артық болған. Таратып айтар болсақ, кедендік тәртіптемеден кейін (тасымалдау мен кедендік төлемдерді есепке алғанда) 1 кг картоптың орташа импорттық бағасы 31 теңге болса, орташа бөлшек бағасы 90 теңге болып, 2,9 есе ұлғайған. Сондай-ақ 1 кило пияз кедендік тексеруден соң 47 теңге болса, халық ішіндегі бөлшек саудадағы бағасы 96 теңге (2 есе қымбаттаған). Ал банан 100 теңгеден 308 теңгеге шарықтаса (3,1 есе өскен), қызанақ 103 теңгеден 244 теңгеге (2,4 есе), қияр 64 теңгеден 239 теңгеге (3,8 есе) өскен. Тағы да атап өтер жайт, жеміс-жидектің бастапқы бағасының есебіне кеден бекетіндегі тасымалдау мен кедендік төлемдердің ақысы қоса есептелген.
Жеміс-жидектердің бағасының көтеріңкі болуы халықтың тосап қайнату мезгілімен сәйкес келуіне байланысты» деген уәж оны ақтауға себеп бола алмайды. Себебі халықтың мүддесіне сай, керісінше тұтыну тауарының бағасы халыққа қажетті дер кезінде төмендетілуі керек емес пе? Негізінен, көбінесе елімізде көкөніс пен жеміс-жидек шекара асып келетін болғандықтан, оның көрші мемлекеттен тасымалданатынын ескере отырып, бағасына кешіріммен қарайтынымыз рас. Алайда бастапқы айтылған бағасына еларалық тасымалдау ақысы мен кедендік төлемдердің де кіретінін ескерсек, еліміздің шекарасынан бері асып тұрған жеміс-жидектің бағасын қолдан қымбаттату кімге тиімді? Мәселенің анығына көз жеткізбек болып көпшілік орталық базар атандырған көкбазарды бетке алдық.
Жаз мезгілі негізінен жеміс-жидектің кезеңі болғандықтан, тек солардың ғана бағасына зер салуды дұрыс санадық.
Шілде айындағы көкбазар мен «Алтын ордадағы» жеміс-жидек пен көкөніс бағалары:
Көкбазардағы сатушылардың кейбірі жеміс-жидекті Ташкенттен әкелсе, көбісі қала сыртындағы «Алтын орда» базарынан көтере әкеліп сататынын жасырмады. Енді «Алтын орда» базарын бетке алдық. Айтқандай, шекара асып жеміс-жидек әкелетін жүк машиналарының ат басын тірейтін жері осы базар екен. Халықтың да көбісі жеміс-жидек, көкөніс арзанырақ болған соң, осы базардан «дорбалайтын» көрінеді. «Алтын ордадағы» сатушылардың кейбірі «осы базарға табан тірейтін жүк машиналарынан», ал енді біреулері «оптовиктерден «оптом» сатып аламыз» десті. Базар іргесіндегі қаңтарулы тұрған жүк машиналарының иелерін де сөзге тарттық. Олар «Ташкенттен тура әкелесіздер ме» деген сұрағымызға: «Жоқ, шекарадан өткен соң күтіп алып, келісілген бағамен көтере алып, бері тасымалдаймыз» десті.
Қолдан-қолға өткен тауарда не берекет болсын?! Әр иесі өз бетінше баға қосқанда, әрине тауар бағасының 4-5 есе қымбаттайтыны сөзсіз. Айта кетер жайт, алып-сатып үстінен қыруар пайда көріп отырған делдал үкіметке салық төлеу туралы ойламайды да. Осы орайда кедендік тауарлардың алыпсатарлар қолына түспей, мейлінше тікелей халыққа жетуін қамтамасыз етуге болмас па?! Бұл мәселеге түсініктеме берген экономист: «Бұл саладағы тәртіп бетімен кеткен», – дейді.
Тоқтар Есіркепов, экономист:
— Бұл биыл ғана емес, жылда қайталанатын үрдіс. Бірақ әлі күнге базардағы бағаға «әй дер әже, қой дер қожа» табылмай отыр. Тиісті орындар үшін елімізге шетелден келген тауардың қанша қолдан өтетіні және әрқайсысының қанша үстеме баға қоятынын зерттеп білу қиын шаруа емес. Ең бастысы, олар бұл салаға тәртіп орнатуға мүдделі емес. Себебі бізде билік бизнеске араласып кеткен. Әлгіндей істердің барлығының аржағында шенеуніктер отыр. Олар халық мүддесінен өз пайдасын жоғары қоюда. Жан-жақтан келетін азық-түлікті бір жерге орталықтандырып басқару мақсатында соңғы екі жылдан бері жеткілікті қаржы бөлініп, базалар салынуда. Биылдың өзінде Ұлттық қордан қойма салынуға 1 миллиард теңге бөлінген. Бұл ақшаға алдағы уақытта еліміздің бес облысынан көтерме бағадағы бес қойма салу туралы жоспарда бар. Бірақ оның бағаны түсіруге көмегі болар деп ойламаймын. Себебі бұдан біршама уақыт бұрын көтерме бағадағы әлеуметтік қамсыздандыру базалары мен қоймалар салынды. Бірақ ондағы баға базардағы бағадан да қымбат деп жатыр. Мұндай жағдай орын алатын болса, алдағы уақытта салынар қоймалардан не пайда?! Дұрысы, алдымен тәртіп орнатып алу керек».
Сондай-ақ сатушылардың арасында өздері «местный» деп таныстырған жеміс-жидектер де аз болмады. Мәселен, қиярды «ГРЭС-тікі» десе, өрік пен жүзімді «Талғардың саяжайынан» деп жатты. Алайда үйіміздің «іргесіндегі» жеміс-жидектердің бағасының да «ұшып» тұрғанын, осы орайда қолдан-қолға өтіп, кеден арқылы келетін жеміс-жидек өзіміздің өнімнің де бағасын көтеріп тұрғанын анық байқадық.
P.S.
Мамандар «әрбір адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі керек» деседі. Ал еліміздегі зейнеткерлердің зейнетақысының ең төменгі мөлшері 13 700 теңге көлемінде. Олай болса, «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейтін қарттарымыз жасы ұлғайғанда зейнетке жете алып отыр ма? Олар мұнша зейнетақымен айына қанша рет жеміс жей алуы мүмкін?! Немесе 35 000 теңге көлемінде жалақы алатын дәрігер мен мұғалім ары тартса, бері жетпес жалақысымен айына қанша рет жеміс-жидекке ерін тигізе алады? Ендеше, базардағы бағаны бұғауламасақ, жеміс-жидекті өңімізден гөрі түсімізде көп көретін шығармыз...