Жеңілдетілген автонесие тозығы жеткен көліктерден құтқара ма?

Жеңілдетілген автонесие тозығы жеткен көліктерден құтқара ма?

Деректерге жүгінсек, қазір елімізде 3,5 млннан астам жеңіл автокөлік тіркелген. Сол 3,5 млн көліктің тек 12 пайызы ғана жеті жыл бұрын зауыттан шыққан. Ал қалғаны тым көне. Тіпті қолданысқа енгеніне 20-25-30 жыл болған көліктер бүгінде бізде жетіп-артылады. Еуропамен салыстырсақ, онда автомобильдердің орташа жасы сегіз жылдан аспайды. 10 жылдан асқан көліктерді Еуропа халқы бірден өтелге (утилизацияға) өткізеді. Ал біздегі жағдайды олармен салыстыруға тіптен келмейді. 

Жалпы, елде ескі және моральдық жағынан тозған автокөліктердің көбеюі экологиялық ахуалға және жол қауіпсіздігіне зор қауіп төндіріп отырғаны даусыз. Бұған қатысты мамандар «бұл мәселені уақытылы шешпесек, енді бес жылдан сол ескі көліктерден арылу тіптен үлкен проблемаға айналады. Ендеше сауатты шаралар қабылдайтын кезең жетті» дейді.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
- Біз ескі техникалардың мұражайын айналып кетуден қорқуымыз керек. Бұған дейін шетелден әкелінген көшпелі техникаларға жүгініп келдік. Шетелден көлік тасимыз, қажеттілігіміздің 80-90 пайызын өзге елден импорттаймыз, осы арқылы отандық өндірістің адымы ашылмады. Машина жасау өндірісі бәсекелестік базадан жұрдай болып қалды. Бұл жерде ескеретін дүние – бірде-бір өркениетті мемлекет бетке ұстар технологиясын ешуақытта ешкімге сатпайды. Бағамдасақ, бір ғана моралдық жағынан азып-тозған көліктердің қоршаған ортаға тигізер залалы да орасан. Ендеше бізге нақ осы ескі көліктердің утилизациясына қатысты арнайы бір мемлекеттік шаралар қажет. Біздегі көлік құрастыру кәсіпорындарында автомобильдерді кәдеге жаратуға арналған жеке бағдарлама жоқ. Осыны ескерсек, көліктерді утилизациялау жүйесін арнайы мақсатты бағдарламалардың біріне енгізу қажет.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, бұл мәселені мақсатты түрде бағдарлама арқылы шешкен абзал. Айта кету керек, қайсыбір елдерде нақ осы мәселені шешуге қатысты тұтастай бір мемлекеттік бағдарлама қабылданып та қойған. Ал біз жуырда ескі көліктерді жаңасына ауыстыру халыққа қол жетімді болуы үшін бұқараға 4-6 пайыздық жеңілдетілген автонесие ұсынбақпыз. Бұл жоба бойынша Қазақстанда жасалған автокөліктер 20 сәуірден бастап несиеге беріле бастайды. Бұл ретте Қазақстанда жасалған автомобльдерге қатысты және олардың бағасы 5600 000 теңгеден (30 мың доллар) аспауы тиіс. Қазақстанның тәуелсіз автобизнесі одағы мүшелерінің айтуынша, несие беруде жеңілдіктер бірінші кезекте отандық автоөндірушілерге арналған.
Негізінен автонесие рәсімдеуде банктердің бүгінгі үстеме ақысы 15 пайыздан 24 пайызға дейін жетеді. Мәселен, Каспий банкі автонесиені 18-20 пайызбен берсе, Евразийский банкінің үстеме ақысы 22 пайызды құрап отыр. Міне, осыған орай сарапшылар «4-6 пайызбен берілетін автонесие бұқараға біраз болсын жеңілдіктер береді» дейді.

Мерует Молдабаева, әлеуметтанушы:
- Негізінде, бұл автонесиеге келсек, 2010 жылы Ресей өз автоөнеркәсібіне қолдау көрсету үшін ең алдымен, отандық автокөліктерді сатып алушыларға жеңілдетілген автонесиелер ұсынды. Бізге де осы іспетті дүниелер әуелден қажет еді. Мысалы, импорт автокөліктен гөрі отандық автокөлікті таңдаған жағдайда банктер несиені жеңілдетілген мөлшерлемемен беріп, бұл шығынның бір бөлігін мемлекет өз мойнына алған жағдайда әрине, жұртшылыққа бұл тиімді болар еді. Қазір рас, ескі көлігін өтелге өткізуге жұрт дайын. Бірақ оны өңдеуге бізде техникалық база жоқ. Демек, әзірге несие жүйесін қолдануға тура келіп отыр. Халық қолма-қол ақшаға сатып алайын десе, отандық өндірістен шыққан автокөліктердің бағасы удай қымбат. 30-40 мың долларға 22 пайызмен несеиеге көлік алуды кез келгеннің қалтасы көтермейді. Ендеше жұртты ескі көліктен арылуға сондай-ақ утилизацияға бейімдеу үшін алдымен жеңілдетілген несие жүйесін жолға қойып алсақ, қарапайым халық ескі көлігін мемлекетке өткізсе, сол арқылы Үкімет тарапынан белгілі бір жеңілдіктер қарастырылса жөн болар еді.

Несие уақытша ғана несібе болады
Кейбір сарапшыларымыздың байыптауынша, бізге мұндай несие тек уақытша ғана несібе болады. Бұл мәселені оңтайлы шешудің өзгеше төте жолдары да бар. Бұл ретте мамандар «Үдемелі индустриальды-инновациялық бағдарламасына жүгінген де жөн болар еді» дейді. Мәселен, Еуропада ескі автокөліктерді утилизациялау жылына 6 пайызды құрайды. Бізде тозығы жеткен автокөліктердің көптігін ескерсек, бұл көрсеткіш одан да жоғары, жылына 220 мың көлікті жаңалауға дейін жетуі мүмкін. Осыған қарап біраз мамандармыз «автоөндіріс қуатын арттыру шаралары индустрияландыру картасына енгізу арқылы шұғыл түрде қолға алынуы қажет. Осы арқылы үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы аясында көне автомобильдерді утилизациялау жобасын әзірлеу керек. Осылайша отандық автоөнеркәсіп шеңберінде ескі автокөліктерді жаңасына айырбастау тетіктерін қарастыруды жетелдету қажет» дейді.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
- Қазір Ресей ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Олар өз автоөнеркәсібін көтеру үшін көне көліктерді утилизациялау жағын қолға алған болатын. Бізде де қазірде отандық автокөліктерді құрастыратын зауыттар ашылды. Автокөлік шығаратын кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Сондықтан көліктерді шыққан жылына қарай іріктеп, утилизациялау бағдарламасын жүзеге асыруға болады. Бірақ соған қолайлы жағдай жасалынса. Ол үшін мемлекет автокөлік иесінің шығынын өтеп, жаңа көлік сатып алуына жәрдемдесетін жолдарды қарастыруы қажет. Ең бастысы, ешкім зардап шекпейтіндей, жұрт арасында әбігер тудырмайтындай жүргізген жөн. Ескі көліктерді өткізуге мемлекет өзі мүдделі болса, оның жүзеге асуы түгелдей арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асса дұрыс болады. Негізінде, көне көліктердің қоршаған ортаға келтіретін зияны көп. Еуро-3, Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына олар сәйкес келмейді. Жалпы, утилизация жөнінде айтар болсақ, өткен жылы ішкі нарықта 100 мыңға жуық автокөлік сатылса, оның 20 мыңы өз елімізде құрастырылған екен. Міне, өндірісті дамытып, жылына 50-60 мың көлік шығаратындай етіп жолға қойсақ, сол кезде ғана көне көлікті жаңа көлікке айырбастау мәселесі өзінен өзі шешімін таба бастайды. Ол үшін әрине мемлекеттік бағдарламалардың тетікке қосылғаны абзал.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста