Жерасты байлығын өндірсек те, табиғатты бүлдірмейік!
Ақтөбе облысында жерасты қойнауы байлықтарын игеріп отырған ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны және жер қойнауын қорғау саласы келісімшарттарын және жер қойнауын өндіру кезіндегі жобалық шешімдерді орындамаған. Тобыл-Торғай экология департаментінің есептік 2011 жылда анықтаған негізгі заңбұзушылықтар туралы берген мәліметтеріне сүйенсек, қанша айыппұл салынғанымен, мұнай және басқа да жерасты пайдалы қазбаларын өндірушілер жерді де, ауаны да, суды да ластауын қояр емес. Жерасты байлығын өндірушілер табиғатты бүлдіріп, салақтық танытып, тіпті экология департаменті нұсқамаларын да орындамайтын көрінеді.
Дөң кен байыту комбинатына (ДКБК) жоспарлы тексеріс жүргізген экологтер шахтадан ластаушы заттардың 40,6 тонна көлемінде шамадан артық шығарылғандығын анықтады. Және комбинатта жекелеген ингредиенттердің шығарындылары бойынша мониторингіні сапасыз жасаған. ДКБК қоршаған орта компоненттеріне техногендік әсер етудің деңгейін төмендету шараларын жеткіліксіз дәрежеде жүргізген. Оңтүстік Шолақсай кен орнында карьерге кірме жол салуды мүлде «ұмытқан». Анықталған заңбұзушылықтар үшін «ТНК Казхром» АҚ-қа 6,2 млн теңге мөлшерінде 12 әкімшілік айыппұл салынып, келтірілген залалды өтеуге 16,86 млн теңгеге талап арыз берілген.
Облыстағы негізгі қоршаған ортаны ластаушылардың қатарындағы «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-тің Әлібекмола кен орнында да 2011 жылдың 26 мамырында авариялық қақпақшаны өз бетімен ашу салдарынан оқыс оқиға болған. Нәтижесінде ауаға 3,24 тонна көмірсутегі және 0,09 тонна күкіртті сутек араласқан. Бұл ЖШС ұңғымаларға жол салмаған және ластаушы заттардың нормалардан аспауын талап еткен экология департаменті берген нұсқамалардың бірін де орындамаған.
Жеңіс Бекмағанбетов, Тобыл-Торғай экология департаменті мемлекеттік экология инспекторы:
– Бұл кәсіпорын – ластаушы заттарды лақтыру бойынша табиғат пайдаланушылар арасында екінші орында. Өндірілген 305,2 млн текше метр газдың 290,4 млн текше метрі алауда жанып, ауаны ластап жүр. Облыстағы қоршаған ортаға келтірілген залал 712,3 млн теңгені құраса, соның ішінде 445,6 млн теңге немесе 62% осы ЖШС-тің үлесінде. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 2011жылы 3,8 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Келісімшарттың қоршаған ортаны және жер қойнауын қорғау саласы шарттарын орындамағандар ішінде «Фирма Ада Ойл» ЖШС-ті айтпай кетуге болмайды. Кәсіпорын Башенкөл кен орнында, консервацияда тұрған ұңғымаға кірме жол салмаған. Сөйтіп, жердің құнарлы бөлігін жойған. Сонымен қатар ұңғымаларды жою және консервациялау ережелерін сақтамайды. Басшысына 30,240 мың теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданғанымен, жағдай өзгерер емес.
Мұнайға ілеспе газды залалсыздандыру кезінде келісімшарттың қоршаған ортаны және жер қойнауын қорғау саласы шарттарын орындамаған деп «Арал Петролеум Капитал» ЖШС, «Каспий Нефть ТМЕ» ЖШС-терін де атап кету керек.
Ақтөбе облысындағы 43 кәсіпорын ішінде «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ негізгі ластаушы өндіріс орны болып қалып отыр. Егер облыс бойынша 10 жер қойнауын пайдаланушы бойынша 2011 жылы алаңда жағылған газ көлемі 566,2 млн текше метр болса, оның 31 пайызы осы АҚ-тың үлесінде. Облыс экологтері жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бақылау өлшемдерін жасау кезінде газ дайындау және күкірт алу цехы пешінен зиянды қалдықтардың атмосфераға шамадан тыс шығарылғандығын анықтаған. Аталған заңбұзушылық үшін кәсіпорынды әкімшілік жауапқа тартып, 63 601743 теңге айыппұл салған. Сондай-ақ кәсіпорынға 156 795067 теңгеге келтірілген залалды өндіру туралы талап қойыпты.
Эколог-мамандар тек салақтықтан ғана емес, өндіріс барысында болып жататын апатты оқиғалардан қоршаған ортаға қаншама залал келіп жатқанын да назарға алып отыр. Мәселен, Кеңкияқ кен орнында 2011 жылдың 8 маусымында №8107 ұңғымасын сынау кезінде шығарындыны болдырмайтын тиек іске қосылмай қалып, апат болған. Сөйтіп, 34,44 тонна мөлшерінде зиянды көмірсутегі және 0,4 тонна күкіртті сутек ауаға шығарылып, айналаны ластаған. «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа бұл үшін 5,6 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды және келтірілген залал үшін талап арыз берілді» дейді эколог мамандар. Бірақ мұндай айыппұл салудан келіп жатқан пайда жоқ. Жерасты байлығын игерушілердің табиғат-анаға жаны ашымайды, аяусыз бүлдіріп жатыр. Демек, экологияға қатысты заңнамаларда тиісті нормативтер мен жауапкершілік мәселесіндегі талаптарды қатайта түсу керек тәрізді.
Керек дерек
2011 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында 122 жер қойнауын пайдаланушы бар екен. Олардың ішінде 26-сы – көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру, 21-і – қатты пайдалы қазбаларды өндіру және 64-і кеңінен тараған пайдалы қазбаларды өндіру құқығына ие. Тоғызы жерасты суларын өндіру және екі компания пайдалы қазбаларды өндіруге байланыссыз операциялар жасау келісімшартын иемденген.
Облыста көмірсутегі шикізатымен қамтамасыз етіліп отырған 2816 ұңғыма бар. Сонымен қатар 2011 жылы жаңа 30 ұңғыма пайдаланымға енгізілді. Ал өзінің геологиялық мақсаттарын толықтай аяқтаған 149 ұңғыма жойылып, 118 ұңғыма консервацияға қойылды.
Тобыл-Торғай экология департаменті 2011 жылы жер қойнауын пайдалану заңдылықтарының сақталуына байланысты 70 рет тексеру жүргізді. 16 заңбұзушылықты анықтап, 15 нұсқама берді, 12-сі орындалды. Жалпы сомасы 1,68 млн теңгеге 16 айыппұл салынды. 0,81 млн теңге мөлшерінде алты айыппұл өтелді, бір әкімшілік айыппұл сотпен қайтарылды.