Жыраудың жұрнағы, журналистиканың сайыпқыраны

Жыраудың жұрнағы, журналистиканың сайыпқыраны

Ел-жұртқа Сайын Есмағи атымен кеңінен танылған Сайын Есмағиұлы Шаймерденнің «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» баланатын журналистиканың ию-қию қарбаласына етене араласып, бұқараның жаршысына айналуы әбден қисынды дүние секілді. Арғы атасы сүйекке қарап сөз саптайтын аузы дуалы Толыбай сыншы болса, одан тарайтын бабасы – «кеудеңде шыбын жаның болса егер, жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деп ұрандаған, атақты абыз, дауылпаз жырау Қожаберген.

Ендеше асыл тектің бұла қаны бүгінгі Сайынның бойында туламай тұра ала ма?! Одан бергі атасы Сегіз серінің ұлт әде­биетіндегі ұшқыны ұшан-теңіз. Ең ақыры кешегі Кеңес Одағы тұсында қазақтың отымен кіріп, күлімен шыққан жазушы Сафуан Шаймерденнің өнегесін жасынан сіңіріп өсуі, тағылымды төл тәрбиеге қанығуының өзі басқаға барғызбасы анық еді. Есмағи әкесінің қолында, сайын дала төсінде дүниеге келіп, туғаннан Сафуанның баласы, атақты спортшы Саянның інісі атанған Сайынның бойына Шаймерден ақсақалдың тәлімі көп нәрсені дарытса керек. Ақсақалдың айтуымен Сайын жасынан Есмағидің емес, Сафуанның баласы болып өсіпті. Тәрбиенің таза шырынын Шаймерден ақсақалдан еміп өскен ол сырттай жазушының ұлы болғанын да мақтан тұтатын. «1976 жылы ауылдан 8 жылдық мектепті бітірген соң, Алматыға ауысып, сонда Сафуан әкемнің қолында тұрдым. Бұл – менің өмірімдегі ең ерекше тұс. Ол кездері Алматыдағы үйімізде әкемнің жора-жолдастары, жазушылар элитасы жиі бас қосатын. Преферанс сызып, шахматқа берілуші еді. Әсіресе, Әлжаппар Әбішев, Тахауи Ахтанов, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев секілді қазақтың нарқасқалары жиі келетін. Сондай алып тұлғалардың қолына су құйып, өнегесін естіп өсу мен үшін үлкен бақыт қана емес, өнегелік мек­теп те болатын. Бәлкім, сондай әдемі орта­ның әсерінен болар әдебиетке ғашық, қоғамдағы өзгерістің бәріне көзіміз ашық болды, саясатқа да құлағымыз сақ еді», – дейді Сайынның өзі бұл турасында еске алғанда. Сөйтіп, жасынан жаны қалаған журналистикаға араласуға, бір жағынан, түп-сүйегінің асылдығы тартса, екіншіден, араласқан айналаның ықпалы соншалық көрінеді.
Журналистика – кез келген есікті аша алатын сиқырлы кілт
Сайын Есмағи өзін Алматы­дан Астанаға ресми көшіп келген ең бірінші журналист ретінде санайды. Бұл – сонау «Хабар» арнасының дүрілдеп тұрған кезі. Биліктегі кез келген «Хабармен» бірінші кезекте санасатын. Ондағы басшылық та алғашқы екпінмен-ақ қа­зақ­стандық тележаңалық таратуға тыңнан түрен түсіртіп, соны бағыттың түндігін аша алғаны анық еді. Ал бас қаланың Ақмолаға көшетіні белгілі бола бастағанда-ақ, мұнда тілші ұстаудың қажеттігін «Хабар» бірінші сезінді. «Бас­шымыз Дариға Назарбаева шақырып алып: «Сайын, сен астананың Ақмолаға көшетінін білерсің», – деді. Сосын тіке әңгі­меге көшіп, «солтүстікте туған өрен – сен ғана» деген желпіндімен жаңа елорда­дан әзірден бастап тікелей жаңа­лық­тар қамту үшін баруым керектігін айтты. Осы­лайша, ойламаған жерден оң­түстіктен Ақмолаға ресми түрде қоныс аударған ең бірінші журналист мен бол­дым», – дейді Сайын Есмағи бұл жөнінде. Бірде  Қостанай облысына қарасты Торғай қаласында мұғалімдердің ереуілі туралы ақпар жете қалмасы бар ма! Дереу Астанадан көлікті тура жалдап, операторы екеуі «қару жарағын» асығыс асынып, аяқастынан «қайдасың, Торғай» деп тіке тартқан. Ол заманда бүгінгідей қалта телефоны жоқ. Дегенмен биліктің «сымсыз телефоны» қазіргі қалта теле­фонынан еш кем соқ­пайды. «Хабардың» тілшісі келе жатыр» дегенді естіп, әкімдіктен алдан орағытқысы келгендер, мәселені жол-жөнекей ақ шешіп тастағысы барлар жолы­ғады. «Жоқ! Мұғалімді көшеге шы­ғар­ғаны не? Оны көз көріп, құлақ естімей, ешқайда бұрылмай­мыз!» – деген Сайын ереуіл­шілерге бірақ тартып, жұрттың дат айтуына мүмкіндік жасады. Содан, не керек, сол күні-ақ, ертеңгі күнге қалдырмастан, облыс әкімі бес-алты ай бойы жалақысыз отырған мұғалімдерге ақша таратады.
Әңгіме ауаны журналистика мәселе­леріне ауысқандықтан, біз жазарман қауымның өздеріне қатысты көтеріп жүрген түйткілді мәселесін сөз етіп, пікірін білмекті жөн санағанбыз. «Жалпы, журна­листиканы биліктің қандай да сатысына жатқызып, оны «төртінші билікке» таңуға қарсымын.  Журналистика – бұл биліктің бірегейі. Ондай бірегейлік болмаса, төбеде отырған төрелерге тө­менгі ағайынның мұңын кім жеткізеді?! Төбеде ғана емес ау, төрде отырғанның ішінде де түрлісі бар. Біреуі  ағайынның мұңын шынымен мұң­дай алады, екіншісі оған тіпті де бас қатырғысы келмейді. Ал биліктің кез келген тармағы журналис­тикамен санасқанда, оның көтерген мәселесіне дер уақытында үн қатқанда ғана қоғамның даму дөңгелегі алға озады. Сондықтан да журналистикасыз басқа билік тармағын елестету еш мүмкін емес. Әрі бұл бүгін ғана анық болған дүние емес. Ықылым заманнан солай. Сондықтан журналистика биліктің «төртінші», «бесін­ші» тармағы болып кететін санаттан емес. Керек кезінде бүкіл бұқараны соңынан ертіп, бірінші орынға да шыға алады БАҚ! Мәселен, күні кеше ғана Астанада Керей мен Жәнібек хан ескерткіші төңірегінде үлкен мәселе көтерілді. Егер журналист мұны дөп басып ескермесе, «жабулы қазан» күйі кете беруіміз де ғажап емес еді. Әйткенмен қоғамға қозғау салған баспасөз құралдары мәселенің дұрыс шешім табуына ықпал жасады. Нәтижесінде, бәрі орнымен шешілді. Сонымен қатар жур­налистика – кез келген есікті ашатын сиқырлы кілт. Осы кілт қолында бар адам министрдің де, алпауыттың да, әкім-қараның да, сақа саясаткердің де есігін аша алады. Ашылмайтын есікті бұзып кіреді. Осы тұрғыдан алсақ, әрі-беріден соң, ондай кілтке сол сақа саясаткерден бастап министрге, қатардағы қызметкерге дейін  бағынышты болары анық», – дейді Сайын Есмағи.
Төрт тірегі туралы
Расында, Сайын Есмағиұлы Шаймер­ден журналистиканы өзі үшін киелі мамандық санайды. «Төрт тірегім бар: ең алдымен – жаратқан Алла, екінші тірек – дүниеге әкелген ата-анам, үшінші – менің азамат болып қалыптасуыма зор әсер еткен үлкен әкем Сафуан Шаймерден, төртіншісі – журналистика. Осы маман­дықты ерттеп мінгелі өмірдің әртүрлі бояуына үңіле қарап, қоғам дамуына қызмет етуді үйрендік. Әрине, қазір біріміз іздеп-тауып, қаралап жазамыз, енді біріміз соған қарсы «одағайлатып» әдемі жазған боламыз. Бірақ, мәселе онда емес. Қоғамның сан түрлі бояуын сол қалпында көріп, соны елдің елегіне беретіндердің қатары көп болсын. Осы қасиетті жолда табысты болсақ, қоғам да табысты болады», – дейді өзі.
Сөйтіп, осыдан 50 жыл бұрын сайын даланың төсінде дүние есігін ашқан Сайын өз әкесі Есмағиға жұрт таныған журналист болғанын көрсете алмаса да, Сафуан әкесінің көп үмітін ақтағандай. Текті ортада алған тәлімі мен қалыптасқан өмірлік ұстанымдарына, қала берді киелі кәсібінің ізгі қағидаларына адалдығымен танылған Сәкең бүгінде Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметіне жетекшілік жасап, мемлекеттік қызметтің де көрігін басып отыр. Журналистикадағы сайыпқыран­дығының арқасында.

Кейіпкер ойы:
– Азат бұқаралық ақпарат құралы жоқ деп ойлаймын. Тәуелсіз БАҚ-пыз дегеннің бәрінің артында өз қожайыны тұр. Бірінің артында – партия, бірінде алпауыттар тұрса, үшіншісі мүдделі топтың жыртысын жыртады. Әйтеуір, БАҚ бұқарамен қоса, «қожайынға» қызмет етеді. Ең тәуелсізбін деген газеттің өзі қаржылық жағынан біреуге тәуелді. Дегенмен журналист басшыға қанша тәуелді болғанымен, адам санасының қожайыны жоқ. Бұл таразының бір табағы делік. Таразының екінші табағы бар: журналистің әлеуметтік күйі деген. Қарны аш болса, тұрмыс жағдайы тәуірге жарымайтын болса, журналист тәуелсіз атана ала ма? Әй, қайдам?! Журналистердің әлеуметтік жағына көңіл бөлініп, оларды қолдау мықты болмай, жазарманның тәуелсіздігі туралы ой толғау қиынырақ. Әрине, аш жүріп те азаттықты айтқан азаматтар баршылық, ондай тұлғалар халық арасында бола береді де. Бірақ көп емес, бірен-саран. Қалам ұстағанның көпшілігінің кеңсесінде отырып, үйдегі шаруаға алаңдайтыны жасырын емес. Өз басында шаруасы шатқаяқтағандар қалайша елдің мәселесін көтереді?! Ендеше журналистиканы қоғамның жанашыры, билік пен елдің ортасындағы алтын көпір деп бағаласақ, олардың да әлеуметтік жағын мықтап ойлаған ләзім. Бүгінгі қазақ журналистикасы толық еркіндікте емес, оны «кімнің арбасында отырса, соның әнін айтуға» тұрмыс тауқыметі мәжбүрлейтіні – ащы болса да, шындық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста