Таулы Қарабақ мәселесі қарулы қақтығысқа ұласпауы керек
Аққу, шортан һәм шаян... Дәл осы үшеуінің тірлігі Таулы Қарабақ «ауылынан» алыстамай тұр. Әзірбайжан Таулы Қарабақты өзіне қайтарғысы келеді, ал Арменияның иліккісі жоқ. Астанада өтіп жатқан саммитте де екі қошқар әдеттегі тоң-теріс мінезден арыла алмады.
«Реттелмеген» немесе «күрмеуі шешілмеген шиеленістер» деген терминдерді қолданудың өзі жағдайды ушықтырып, шиеленісті күдер үзілген қақтығыстардың санатына түсіріп жібереді. Мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек», – деді емес пе кеше Еуропалық одақтың президенті Херман Ван Ромпей. Солай-ақ дейік... Бірақ істің оңалуына екі жақтың ақ ниеті болмаса, одан не қайыр?! Екеуі де бір-біріне сыртын беріп жатып алды емес пе?! Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев: «Армения келіссөздер барысында қандай ымыраға келеді дейсіз, сол баяғы оккупациялап алған территориясын қайтармаймын дегенінен қайтпайды. Сол баяғы статус-квосында қала бермек. Осылайша, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының ымыраластыру әрекетін мәні жоқ процеске айналдырады. Келіссөздердің жүріп жатқанына, міне, 20 жыл болды, бірақ ешқандай нәтиже жоқ», – деп үмітсіздіктің апанын қазып қояды.
Жұртымның атамекені, менің де жерім деп кеудемсоқтаған Армения Президенті Серж Саргсян: «Әзірбайжан әскери басқыншылыққа жол берген жағдайда Арменияда Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін, заңдық мәртебесін мойындаудан, сондай-ақ Арцах халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүмкіндіктерін күшейтуден басқа амал қалмайды. Әзірбайжан Таулы Қарабақ шиеленісінің шешілуіне қызығушылық танытып, алаңдап отырған жоқ. Олардың жалғыз ғана мақсаты – Арменияға үлкен шығын әкелу», – деп «бар гәп менде емес» дегендей сырғақсиды.
Бірақ қанша жерден бір-біріне қоқан-лоқы көрсеткенімен, екі жақ та бұл мәселе бейбіт жолмен шешілуі қажеттігін мойындайды. Сондықтан мұндай түйіні тереңде жатқан түйткілдерге қатысты түбегейлі кесім айтылып, тығырықтың тура жолы көрсетілмесе де, бұл проблема бейбіт шешілуі тиістігіне текетірескен тараптардың илігуінің өзі Астана саммитінің мәнін көрсетсе керек.
Илхам ӘЛИЕВ, Әзірбайжан Президенті:
– Сіздердің назарларыңызды біздің аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне аудартқым келеді. Армения мен Әзірбайжан арасындағы әскери жанжал халықаралық және аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Арменияның әзірбайжандарға қарсы этникалық тазалау саясатының нәтижесінде Әзірбайжан территориясының 20 пайызы оккупацияланды және бір миллион әзірбайжандық тұрғын өз жерінде өгей саналып, босқындыққа душар болды. Армения Таулы Қарабақты ғана емес, Әзірбайжанның басқа жеті ауданын оккупациялап алуды жалғастырып келеді. Армения біздің қалаларымыз бен ауылдарымызды, біздің үйіміз бен бабаларымыз жерленген қасиетті мекендерімізді, мешіттерімізді қиратты.
Таулы Қарабақ – халықаралық деңгейде мойындалған Әзірбайжанның тарихи бөлігі. Әзірбайжан әрқашан да бейбіт келісімдерге ынталы және оның жемісті боларынан үміттенеді. Жанжалдарды шешу тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрт қарары, ЕҚЫҰ шешімдері, Еуропалық парламенттің қарарлары, Еуропа кеңесі және өзге де халықаралық ұйымдардың халықаралық құқық бойынша нормаларына негізделуі керек. Дегенмен жанжалдарды жедел шешу мәселесінде эскалацияға (қарулануды күшейту) жол береді. Өртті тоқтату режимін бұзып, жаулап алған жерлерде әскери оқу-жаттығулар өткізеді және басып алынған жер-су, мекендердің тарихи атауларын өзгертуге тырысуда. Армения өз халқын заңсыз көшіріп әкеліп, ахуалды оңалмастай ушықтырып барады. Осындай жағдайда бейбіт процестің болуы ақылға сыйымсыз. Арменияның заңсыз іс-әрекеттері 2005 жылы өткізілген ЕҚЫҰ миссиясының баяндамасында атап көрсетілген болатын. Армения бейбітшілікті қаламайды, басып алған жерлерді босатқысы да келмейді. Керісінше, бұрыннан бергі статус-квоны сақтауға тырысып бағады. Бұл келіссөздер процесін баянсыз етеді. 1992 жылы құрылған ЕҚЫҰ-ның Минск тобы 20 жылдан бері келіссөздер жүргізіп келе жатқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Дегенмен Әзірбайжан Минск тобына тең төраға мемлекеттердің соңғы алты жыл бедерінде Париж процесі бойынша әзірлеген ұсыныстарын бағалайды. Біз халықаралық құқықтық нормалар мен қағидаларға сәйкес, Әзірбайжанның территориялық тұтастығы шеңберінде келіссөздерді жалғастыруға және осы төңіректегі түйткілдерді тезірек шешуге дайынбыз.
Серж САРГСЯН, Армения Президенті:
– ЕҚЫҰ кеңістігіне қоныстанған халықтар Хельсинки қорытынды актісінде бекітілген қағидалардың кешенді енгізілу барысын жіті қарап отыр. Олар бұған үмітпен қарайды. Таулы Қарабақ халқы да – солардың бірі... Таулы Қарабақ тәуелсіздігін 1991 жылы қыркүйекте жариялады. Сол жылдың желтоқсанында тәуелсіздік туралы референдум халықаралық құқыққа және сол кезде қолданыста болған кеңестік заңнамаларға сай өтті. Кеңес Одағының құлауымен өзара мәртебесі бірдей екі құрылым – Армения мен Таулы Қарабақ республикалары құрылды. 1992 жылы Әзірбайжан тарапы жүргізген этникалық тазалау мен ауқымды әскери басқыншылық саясатына жауап ретінде легитимді мойындалмаған Қарабақ өз халқын қорғауға мәжбүр болды. Онысы халықаралық құқық нормаларына толық сай еді. Бірақ олар (Әзірбайжан Республикасын айтады. – «Алаш айнасы») Таулы Қарабақты әскери жорықтың көмегімен армяндардан тазалай алмағандықтан, Әзірбайжанға 1994 жылдың мамырында Таулы Қарабақ және Армениямен арадағы атысты тоқтату туралы үшжақты келісім жасауға тура келді. Сол атысты тоқтату, сол бітім өңірді қоныстанған халықтардың мүддесі үшін орнықты бейбітшіліктің бастауына қызмет етер еді. Алайда кейінгі 16 жыл Әзірбайжан тарапынан келіссөздердің қалқасында, Минск тобына қайшылықта жаңа әскери басқыншылыққа дайындыққа пайдаланылды. Сірә, Баку Таулы Қарабақ қақтығысының шығу себептері ұмытылды деп санайтын сияқты. Өзін-өзі анықтаған Қарабақ әскерінің бақылауындағы территорияны қайтару қажеттігін бүгін еске сала отырып, басқыншылықтың салдарын жою оның шығу себебін қарастырмай тұрып мүмкін еместігін Әзірбайжан мойындамайды.
Менің білуімше, Әзірбайжан – Еуропалық кеңесте өзінің әскери бюджетін айтарлықтай ұлғайтқанын мақтанышпен мәлімдеп отырған жалғыз ел. Сөйте тұра, Әзірбайжанның Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартта көрсетілген техника және қару-жарақтар бойынша ең жоғарғы шектен асу деректеріне қатысты ешқандай шара қолданылмай отыр. Оған қоса Әзірбайжан мұндай материалдарды сатып та жүр. Осының бәрі әзірбайжандық лидерлердің төзімсіздікке, басқыншылыққа шақырған антиармяндық мәлімдемелерімен жалғасуда. Тіпті әзірбайжандық ресми басшылар «Армения астанасы Ереван әзірбайжандық тарихи жерге орналасқан» деп айтудың мүмкіндігін еш жібермейтін халге жетті. Таяуда ЮНЕСКО «хачкар (тасқа бәдіздеп ою салу) әзірбайжандық өнердің мысалы деп танылуы қажеттігін» мәлімдеді. Олай болса, бес жыл бұрын ғана Арменияның оңтүстігіндегі ортағасырлық ескерткіш – мыңдаған тас айқұш-ұйқыштары бар армян бейіттерін варварша қиратып, орнына әскери полигон салуын қалай түсінуге болады?
Осылайша, бұл әрекет армянның мәдени мұрасын әдейілеп жою саясатының бүгінгі көрінісі болды.
Әзірбайжанның Таулы Қарабақ шиеленісін шешуге қызықпайтынын біз өткен аптада тағы да көрдік. Жалғыз мақсат – Арменияға мейлінше залал келтіру. Армения Таулы Қарабақ мәселесін шешуде ықтимал жол ретінде әскери әрекеттерге қайта оралу шешімін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Әзірбайжан әскери іс-қимылға бара қалған жағдайда Арменияға Таулы Қарабақ республикасының заңнамалық мәртебесін мойындаудан және Арцах халқының қауіпсіздігін нығайту мақсатымен оның мүмкіндіктерін күшейтуден басқа амал қалмайды.
Қандай шешім болса да, ол Таулы Қарабақ халқының еркіне сүйенуі тиіс.