Астана – әлем елдерінің астанасы
Әлемде атына заты сай көрікті де көркем жас Астананың келбетіне тамсанбайтын халық кемде-кем. Өйткені елдің бас қаласы болғандықтан, оған көңіл де ерекше бөлінеді. Бас қаланың басқалардан озық болуы елдің бақуатын да әйгілеп тұратыны тағы бар. Сондықтан дүниежүзінің қай елін алсақ та, мемлекеттің басты қаласына баса назар аударады. Кез келген мемлекет орталығына келген азамат астанасын көріп-ақ, оның айбынын, мәдениеті мен өркениетін, даму деңгейін анықтай алады. Яғни мемлекет астанасы – елдің айнасы.
Әлемнің қай бұрышына болсын, саяхаттап барған адамға ол мемлекет туралы мәлімет артықтық етпейтіні сөзсіз. Оның ішінде сол елдің тарихы мен дәстүрі туралы білу аса қажет. Бұл орайда өзге елге сапар шеккен кез келген азамат көп жағдайда сол елдің астанасына соқпай кетпейтінін атап өткен жөн. Сондықтан ең алдымен елдің бас қаласы жөнінде хабардар болу аса маңызды.
Ал қаламен танысу оның атауымен танысудан басталады. Ол сөздердің мән-мағынасы сол қаланың арғы-бергі тарихынан, дәстүр-салтынан сыр шертеді. Бұл орайда атаулары астана сөзімен мағыналас астанасы бар елдер жайлы білетіндер кемде-кем. Бүгінгі тақырыбымызда Қазақ елі сияқты елордасын астана деп атаған мемлекеттер жайлы баян етпекпіз.
Тарихтың сонау қатпарларында мемлекет астаналарының осы атауға қалай ие болғаны жайлы мәліметтер там-тұмдап кездеседі. Соның ішінде бірқатар елдердің қалай астана атанғаны жайлы құнды мәліметтер де бар.
Күншығыс елі атанып, бүгінде дүниежүзін аса ірі экономикалық жетістіктерімен таңдандырған Жапонияның астанасы – Токио екені белгілі. Қала атауының түпкі аудармасы «шығыс астана» деген мағына береді. Қаланың қазіргі атауы тек 1896 жылы ғана қойылған. Ал бұған дейін бұл қала Эдо деп аталып келіпті. Ал Жапонияның ежелгі астанасы Киото қаласы осыдан 1200 жыл бұрын елдің орталығы болса керек. Сәулеті мен дәулеті келіскен қалаға астана атауының берілуі де – заңдылық. Қаланың ежелгі атауы – Хэйанкионы қазақшаға аударғанда «әлем астанасы» деген мағына береді екен.
Корея елінің астанасы Сеул қаласының да мағынасы «Соуль Астана» деген сөзінен шығыпты. Бүгінде халқының саны 10 миллионнан асқан қаланың шын мәнінде астана бола алғандығы шындық.
Миллиардтар елі – Қытайдың астанасы Бейжің қаласы да осы қатарда. Тарихи деректерге сәйкес, солтүстік қытайлардың тілінде пиньинь атауының нақты мағынасы «солтүстік астана» сөзінен шыққан. Шығыс Азия елдеріндегі бұл ұқсас жайт басқа да Азия елдерінен кездеседі. Мәселен, Қытайдың Нанкин қаласы – «Оңтүстік астана», Вьетнам елінің астанасы Ханой (бұрын – Донгкинь) қаласы Токио сияқты «Шығыс Астана» мағынасын береді.
Ал Жапонияның Киото қаласы мен Сеул қаласының бұрынғы атауы Кёнсон да астана мағынасына ие.
Бір қызығы, аталған елдердің бәрі Азия құрлығында орналасқан. Солардың ізін ала Қазақстанның да бас қаласына Астана атауының берілуі тарихи дәстүрдің жалғасы деуге де болады. Сондықтан Тәуелсіздігін жақында алып, дамудың жаңа дәуіріне жол тартқан Қазақстанның бас қаласының Астана атануы да тегін емес.