Астана – жаңғырған еуразиялық мәдениеттің алтын ордасы
Қырғи-қабақ соғыс аяқталып, КСРО күйреген соң жаңа әлемдік саясатта Еуразияның геосаяси, өркениеттік-мәдени салмағы арта түсті. Еуразиялық интеграцияның өзектілігі артқан сайын Астананың Еуразия астанасына, Еуразиялық парламенттің орталығына айналуы қажеттігі күн тәртібіне қойыла бастады. Еуразиялық интеграцияға бойлаған сайын Астананың ерекше миссиясы күшейе береді. Еуразияның қос полюсіндегі Мәскеудің – батыстық, ал Бейжіңнің шығыстық дәстүрлерді барынша бойына сіңіргендіктен кәміл сеніммен Еуразиялық кеңістіктің кіндігі деп атау қай жағынан алсақ та, қисынсыз шығар еді. Еуразияның нақ ортасынан ойып орын алып, бәйтеректей жайқалып өсіп келе жатқан Астана-байтақтың геосаяси, өркениеттік һәм мәдени ошақ ретіндегі маңызын бүгінде күллі әлем мойындап та үлгерді.
Астананың еуразиялық орталық мәртебесі тарих пен тағдырдың еншісі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келешекте құрылуы ықтимал Еуразиялық экономикалық одағының орталығы ретінде Астана қаласын ұсынуы дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық. Астананың Еуразия кеңістігіндегі астана болуын адамдардың саяси шешімі емес, тарих пен тағдырдың өзі әлдеқашан белгілеп қойған. Отарлық сана көмескілеген жадымыз жаңғырған тұста Астананың ежелгі орны бір замандары гүл қала болған Бозоқ шаһары екенін білдік. Астанадан 15 шақырым жерде біздің заманымыздың Х-ХІІ ғасырларында гүлденген Бозоқ қаласының орны табылды. Ғалымдардың есептеуінше, Бозоқ шаһары бір кездері Шығыс Еуразияның ірі діни-мәдени орталығы және Ұлы Жібек жолының далалық бөлігінде керуендердің тоғысатын ошағы болған. «Астана құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық... Қазақстан – еуразиялық мемлекет, оның жаңа астанасы алып Еуразия құрлығының географиялық орталықтарының бірі», – деп жазды Елбасы Н.Назарбаев 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» деген кітабында. Еуразия төсіндегі Астана әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың үздіксіздігі мен маңыздылығы жағынан Нью-Йорк, Женева, Брюссель, Мәскеу, Бейжің, Париж секілді алып шаһарлармен тайталасқа түсе алатын әлеуетті қала ретінде қалыптасып келеді. Давос жиыны секілді Астана экономикалық форумы, үш жылда Астанада тұрақты түрде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндердің съездері, 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Астана саммиті, одан кейінгі Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық міндеті, өзге де халықаралық ұйымдардың алқалы жиындарының Астанада жиі-жиі өтуі бұған дәлел. Әлемдік ірі спорттық додалардың көрігі де осы Астанада қыза түсті. Түркі мәдениеті халықаралық ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше 14 елдің арасынан Қазақстан астанасы алғаш болып «Түркі мәдениетінің бас қаласы» деп жарияланды. Сондай-ақ дәл биылғы 2012 жылы ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып Астана қаласының «ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы» деп жариялануы елорданың мәдени-өркениеттік, геосаяси салмағының өскенін паш етеді. Биыл Астанада өткен «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» форумына қатысушылар: «Қазақстанның ғажайып елордасы Астана еуразиялық құндылықтар – мәдениеттер арасында және конфессияаралық үнқатысуды, төзімділікті, бейбітшілік пен келісімді, рухани және мәдени дамуды құндаудың жарқын мысалы болуда. Астаналық жасампаздық рух Шығыс пен Батыстың мәдениетін қатар сіңіріп, Астанада заманауи театрлар мен музейлер, концерт залдары, ғылыми орталықтар ашылып, өнердің небір түрлері даму үстінде. Біз Астананы осылай қабылдадық, осылай ұғындық. Ол шабытты күйінде болашаққа қарай қарқынды дамуда» деген мазмұнда үндеу жасауы Еуразиядағы Астананың рөлінің зор екенін көрсетеді.
Астана – ежелгі Еуразияның жаңғыруының бастауы
Бүгінгі Еуразия кеңістігін қайта туған, қайта жаңғырған ежелгі өркениеттің нышаны дер едім. Себебі тарихта 22 млн шаршы шақырым жерді жаулап алған Ресей империясы мен КСРО еуразиялық өркениет пен ілкі мәдениеттің орасан зор потенциалын жөргегінде тұншықтырып келді. Қазіргі Ресейдің жалғыз өзі еуразиялық өркениеттің меншікті иесі, жаңғырып жатқан еуразиялық идеяның егесі бола алмайды. Ал жаңа қазақстандық еуразиялық идея бұрынғыдай Батысқа қарсы емес, қайта Еуропамен қоян-қолтық өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықта болуды көздейді. Қазақтың еуразиялық мәдени-өркениеттік парадигмасы шовинистік тұғырнамамен ауызданған ресейлік еуразиялық идеядан мүлдем бөлек. Бұрынғы «еуразияшылдық» қоғамдық ой дәрежесінде қалып қойса, Елбасы Н.Назарбаев оны Батыс пен Шығысқа жіктелген күллі Еуразияның жаңа дәуірінің жасампаз доктринасы деңгейінде алып шықты. Ресми Астана ұсынып жүрген еуразиялықтың жаңа моделі дегеніміз – ескірген біржақты (полюсты) америкалық модельден «әлемдік жаңа тәртіптің» күрделі жүйесіне, яғни атланттық батыс полюстен кем түспейтін еуразиялық полюстің теңдестігіне өту. Посткеңестік Еуразия елдерінің әдеби-мәдени іс-шараларының алтын бесігі Мәскеу емес, Астана болып отыр. Оған қоса, Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде Астана жаңартқан бірден-бір мемлекет. Сондықтан бүгінгі заман Батыс пен Шығыстың алтын көпірі іспетті Астанаға бүкіл Еуразияның күн тәртібіндегі қыруар жұмыстарын атқару миссиясын жүктеп отыр. Мәдени-өркениеттік парадигма тұрғысынан Астананың мән-маңызы қандай болмақ?
• Астана – қазақстандық еуразиялық идеяны жүзеге асырудың темірқазығы, Алматы астана болып қала бергенде, Еуразиялық орталық мәртебесіне сай бола алмас еді;
• Кешегі КСРО-ның жүрегі Мәскеу болды, ал қазақтың бірге соғатын жүрегі, Тәуелсіздігінің тірегі, жалпы Еуразияның кіндігі – Астана болуы керек;
• Астана сан ғасыр езгіде болған еуразиялық-түркілік өркениеттің жаңғыруының басы болуы керек;
• Әлемдегі халықаралық саяси, мәдени іс-шаралар өтетін орталықтар көбінесе АҚШ пен Еуропада, Шығыс Азия елдерінде шоғырланған. Ал Астана – Еуразияның орталығы болса, тепе-теңдік пен үйлесімділік сақталады.