Астананың туған күніне қандай сыйлық жасар едің?
Асқар АРМАНҰЛЫ, 6 жаста, Орал тұрғыны:
– Мен Астанаға барғанда Есіл өзенін көрдім. Ол сондай әдемі екен. Әсіресе түнге қарай жан-жағында жарықтар жанып, жарқырап тұрады. Сонда мен шетелдің киноларындағыдай осы өзеннің үстімен кемемен жүргім келді. Мен Астананың туған күніне өзенде жүзетін алып кеме сыйлағым келеді. Ол кеменің 17 этажы болса, сол кемеге мініп алып, Астананың әдемі ғимараттарын дүрбімен қарасам деп армандаймын.
Қырмызы ЕЛЕМЕС, 5 жаста, Қарағанды тұрғыны:
– Басқа балалар Астанаға сыйлық беріп жатыр ма? Онда мен Астанаға өзімнің салған суретімді беремін. Бәйтерек пен Хан Шатыр бар онда. Оны салуға маған апам көмектесті.
Бекжан ҚАМБАРҰЛЫ, 6 жаста, Қарағанды тұрғыны:
– Сурет салып беремін, яғни әдемі үйлердің суретін. Өйткені Астанада үйлер көп болуы керек. Сосын сол суретке «Туған күніңмен, Астана!» деп жазамын.
Мұхаммед СӘКЕНҰЛЫ, 6 жаста, ОҚО Төлеби ауданы Ұзынарық ауылының тұрғыны:
– Балабақшада апайымыз Астана күніне орай сурет салдырған. Мен үлкен ақ параққа Бәйтеректің суретін әдемілеп салып қойдым. Одан басқа сыйлық жасайтындай мен әлі үлкейген жоқпын. Кейін ержеткен соң керемет сыйлық жасаймын деген ойым бар. Мәселен, мен керемет алып ұшақ жасап, сыйға тартқым келеді.
Руслан ЧИСТЯКОВ, 8 жаста, Шымкент тұрғыны:
– Болашақта мен өнертапқыш болғым келеді. Әкем айтады, «Астананың ауа райы қолайсыз, өте суық» деп. Біз жылы жақта тұратын болғандықтан, ол жақта тұрып жатқан ағайлар мен апайларға жаным ашиды. Сондықтан да келешекте ол жақтың ауа райын жылы қылатын аппарат ойлап тапқым келеді. Одан кейін астаналық масалардың көзін жоятындай құрылғы ойлап тапқым келеді.
Әзиза ХАЛЕЛ, 5 жаста, Кереку:
– Астананы теледидардан көрдім. Әкем: «10 рет ұйықтағаннан кейін қыдырып барамыз», – деді. Апармаса, өзім ағаларым сияқты үлкен болғанда барып, Нұрсұлтан атам тұратын үлкен қалада қыдырамын. Атамның алдында балабақшадағы апайларым үйреткен «Астана» тақпағын дауыстап, әдемілеп айтып беремін.
Нұртуған БАБАМЖАР, 6 жаста, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Мен Астана қаласын жақсы көремін. Ол – еліміздің ең сұлу қаласы. Жылда 6 шілде – Астана күні болып тойланатынын да білемін. Биыл бұл мерекеге мен жақсы дайындалдым. Астана жайында тақпақ жаздым. Сурет салдым. Өскенде Астанада тұрғым келеді. Астананың одан да әдемі қала болуына өз үлесімді қоссам деймін. Биік үйлер саламын. Келешекте мен бұл қаланың әлемдегі күшті қалаға айналатынын да білемін.
Жанель ЕСКЕНОВА, 6 жаста, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Мен Астана күніне арнап әлемде жоқ дауысты бұлбұл құсын сыйлар едім. Бұл құстың дауысы Астананы әдемі әуезді әнге бөлеп, жұрттың көңілін қуанышқа кенелтер еді. Күн сайын әсем дауысты құстың әні қалықтаған Астана әрқашан сергек болып, одан әрі де биіктерді бағындыра беретін болады.