IT-бағыттарына түсетін талапкерлер ҰБТ-да информатика пәнінен тест тапсырады

Келесі оқу жылынан бастап IT-бағыттарына түскісі келетін талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнінен тест тапсырады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-ларда IT-бағыттар бойынша оқығысы келетін талапкерлер үшін ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер тізбесіне «Информатика» пәнін енгізу туралы көптеген өтініштер түседі екен.
Осыған байланысты министрлік талдау жүргізіп, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін оқушылар ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады деген шешім қабылдады.
2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді. Алайда талапкерлердің таңдауы бойынша биыл наурыздағы ҰБТ кезінде осы дайындық бағыттарына түсу үшін «Математика +Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болады.





