ҰБТ-ға алып кіруге болмайтын заттар тізімі толықтырылады

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына бірқатар өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр. Олардың жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатта айтылды.
Айта кетейік, бұған дейінгі тізімде пейджер, ұялы телефон, планшет, iPad, iPod, смартфон, ноутбук, плейер, модем (мобильді роутер), радио-электрондық байланыстың барлық түрі (Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G), смарт сағат, калькулятор, құлаққап, шпаргалка, оқу-әдістемелік әдебиеттер болған.
Енді құжатұқа сәйкес, ҰБТ өтетін ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі кеңейеді. Атап айтқанда, бұл қатарды смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекер), диктофон және А4 форматындағы қағаздар толықтыратын болады.
Тестілеуге кіргізу барысында жоғарыда аталған заттар табылса, үміткер тестілеуге жіберілмейді.
Құжат жобасы 18 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған.





