Діни өлеңдер бәйгеге түседі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы исламды поэзия тілімен насихаттауды көздейтін жыр мүшәйрасын жария етеді. Асыл дінімізді ұлықтайтын ең үздік өлеңдер әуенмен әрленіп, танымал әншілердің орындауына беріледі.
Ақындар мүшәйрасы «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші», «Әз Пайғамбар Мұхаммед», «Көркем мінез – көркіміз» тақырыптары бойынша өтеді. Байқауға кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Ол үшін бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа шығармаларды 2010 жылғы мамырдың біріне дейін Алматы қаласы, Пушкин көшесі, 16-үйде орналасқан Діни басқарманың кеңсесіне әкелуі немесе muftyat@mail.ru электронды мекенжайына жолдауы қажет. Өлең көлемі екі беттен аспауы және мәтін 14-шрифтпен терілуі керек. Хатта автордың толық аты-жөні, мекенжайы мен байланыс телефоны көрсетілуі міндетті. Байқауға қатысатын туындылар www.muftyat.kz сайтында жарияланатын болады. Оларды белгілі ақын-жазушылар мен дін саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы сарапқа салады. Жеңімпаздардың есімі өнер, дін мен мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен өтетін арнайы фестивальде жария етілмекші. Сәтті туындыға ән жазылып, қазақ эстрадасы жұлдыздарының репертуарына ұсынылады. Бұған қоса, бірінші орынды иеленген адамға үлкен қажылық сапар жолдамасы, екінші жүлдегерге Умра қажылығының жолдамасы, үшінші орын иегеріне 150 000 теңге беріледі.