Абат Айымбетов Қазақстанның сенсациялық жеңісіне қатысты ойын айтты
Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойынында Данияны ұтты. Кездесуден кейін жеңіс голын соққан Абат Айымбетов өз ойымен бөлісті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі vesti.kz-ке сілтеме жасап.
"Данияны күнде ұта бермейсің, сондықтан қуаныштымын. Тарихи сәт, сондықтан эмоцияға беріліп тұрмын. Жанкүйерлердің барлығына алғысым шексіз. Бүгін қуанттық деп ойлаймын. Словениядан кейін "ешқашан үміт үзбеу керек, Даниямен ойынға дайындаламыз" деп айтқан болатынмын. Сену керек. Біз сендік. Әрине, бірінші тайм ойдағыдай болмады. Бірақ бұл футбол ғой. Бапкердің айтуымен, екінші таймға жинақталып шықтық. Ойынды өз қолымызға алдық. Соның арқасында жеңдік. Көп рақмет, жанкүйерлерге", -деді ол.
Айта кетейік, 26 наурызда "Астана-Аренада" өткен ойында отандастарымыз 3:2 есебімен ұтқан болатын. Осылайша топтағы екінші ойында 3 ұпайға қол жеткізді.
Бірінші таймда біздің команда екі гол жіберіп алды. Даниялықтар сапында Расмус Хойлунд дубль жасады (21 және 36-минутта). Алайда екінші таймда қазақстандықтар ойынды қолға алып, 3 гол соқты. 79-минутта Бахтиёр Зайнутдинов пенальтиден гол соқса, 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан қайшылап тепкен добын қарсылас құраманың қақпашысы қайтара алмады. Ал 86-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға бағыттап, жеңіс голын соқты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы үш ұпай жинап, топта екінші, үш ұпайы бар даниялықтар төртінші орында тұр. Келесі турда 16 маусымда Қазақстан құрамасы сырт алаңда Сан-Марино командасымен ойнайды. Еске салайық, бірінші турда Қазақстан өз алаңында Словениядан ұтылып қалды (1:2).